Нұр-Сұлтан
Қазір
20
Ертең
19
USD
449
+0.08
EUR
478
+1.11
RUB
4.76
-0.01

“Жер кодексін жою керек. Халық жерсіз қалмауы тиіс” – сарапшы

Сарапшының пікірінше, биыл құрылған Жер туралы ұлттық комиссияның жұмысы мораториймен шектелмей, керісінше, ол жаңа құқықтық және ауқымды саяси реформалардың жүзеге асырылуын қадағалауды қолға алуы керек.

Тоқтар Есіркепов

Тоқтар Есіркепов, экономика ғылымының докторы, профессор:

– Қазақстанда, әу баста, жер реформасы дұрыс басталды. Жер реформасы бойынша нарыққа өту жылдары жер үлестері ауыл адамдарына қағаз жүзінде теңдей бөлініп берілді. Алайда іс жүзінде сол жер үлестерінен ауыл адамдары біртіндеп айырыла бастады. Бұл, ең алдымен сол кездегі Үкіметтің жіберген олқылықтары мен таңдауына байланысты туындады.

Үкімет біріншіден, „жерді кім иегереді, жер сонікі„ деген қалыптасқан қағидаттан ауытқып, кімде ақша бар, соларға жерді тарата бастады.

Екіншіден, тиімді меншік иесі ретінде ірілерді таныған Үкімет соларға үлкен мүмкіндік беріп қойды. Осы мүмкіндікті пайдаланған латуфиндистер жерден басқа түгі жоқ ұсақ шаруалардың жер үлесін түрлі жолмен алып қойды.

Үкіметтің ауылшаруашылығына бөлген қаражаты мен субсидиясының 80 пайызының қызығын осы ірілер көрді.

2003 жылы осы ірі латуфидистер мүше болған Аграрлық партияның арқасында әділетсіз Жер кодексі қабылданып кетті. Жерді жекеменшікке сату туралы заң қабылданғанына 13 жыл болды.

Осы уақыт аралығында Қазақстанда бар 102 млн гектар ауылшаруалығы жерінің 1,3 миллионы сатылған, яғни 1,3 пайызы.

Біреулер аз екен деп қуануы мүмкін. Бірақ жерді сатпай отырған да осы латуфиндистер ғой. Қазақстандағы ауылшаруашылығы жерінің 98,7 пайызы жалға берілген жер делінеді. Жер комиссиясы құрылғанда сол жалға алғандардың атын атап, түсін түстеу талап етілді. Бірақ билік оны айта алмады.

Ғалымның айтуынша, ең ақыры ауыл адамының үйінде тұрған малды жаятын жері қалмады, тығырыққа тірелген халық мұндайда көшеге шыққаннан басқа амалы қалмады. Сол секілді Тоқтар Есіркепов халықтың көзі алдында болған осындай жерге қатысты әділетсіздік қоғамның басқа да салаларындағы былық-шылықтың айнасы іспетті болғанын айтады. Сондықтан ол халықтың дауысы билікке жетіп, олардың халық өкілдерімен бір үстел басына отыруға, бір мәмілеге келуге келісуі үлкен жетістік болды деп санайды.

– Елбасының сарабдал саясатының арқасында Жер туралы заңға мораторий жарияланды. Бізде 5 жыл уақыт бар. Бұл кезеңде құр қарап отыруға болмайды. Жер кодексінің қазіргі заман үрдісіне сай еместігін, Үкімет кезінде таңдау жасаған тиімді меншік иесінің тиімсіздік танытқанын ескере отырып, оны қайта қарап, жасақтап, қабылдау керек. Халық жерсіз қалмауы керек. Бұл заңды қабылдауда ең алдымен осы ескерілуі шарт. Ол үшін саяси реформалар қажет.

Нарықтық экономика деморатиясыз, жариялылықсыз алға жылжымайды. Сондықтан қарапайым халықтың, ұсақ шаруалардың мүддесін қорғайтын саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар құрылуы керек. Олар жаңа кодекстің талқысына етене араласып, өз пікірлерін айтып, ұсыныстарын өткізе алатындай болуы тиіс.

Сол секілді ауылдағы өзін-өзі басқару жүйесіне өзгеріс керек. Қазіргі қолданыстағысы – дүбара, ол арада мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару араласып кеткен. Әрине, халыққа билік беруден тайталасатын болар. Бірақ ол – нарықтық тетік. Онсыз алға жылжу жоқ. Дұрысында әкімді халық сайлауы керек. Ал әкімнің қолында салық жүйесі болуы тиіс. Сол секілді әкімдік муниципиальдық меншікті қарастыруы қажет. Қазіргі жүйе бойынша бізде екі-ақ меншік бар: мемлекеттік және жекеменшік. Ал өркениетті елдерде ол үшеу, яғни муниципиальдық деген де бар. Ал муниципиальдық дегеніміз ауылда тұратын адамдардың ортақ мүддесін қамтамасыз ететін меншік. Міне, сол кезде ауыл адамдарының меншігі толыққанды қорғалатын болады, – дейді профессор.

Тоқтар Есіркепов мұндай өзгеріске Үкімет белгілі бір деңгейде дайын деп санайды. Мәселен, ауылшаруашылығы министрлігі соңғы кездері Жердің құнарлылығы туралы заң жобасын әзірлеп, ауылшаруашылығы жерлерінің жалға беру тетіктері туралы өз зерттеулерін жариялаған.

– Қазақстандағы ауылшаруашылығындағы жердің 98,7 пайызы жалға берілген десек, онда жерді жалға беру бойынша бөлек заң қабылдауымыз керек деп есептеймін. Қазіргі заңда жалға беру бойынша 2-ақ бап қарастырылған. Министрліктің өзі бұл екі баптың жалға беру құқығын реттеуде қауқарсыз екенін мойындап, түрлі ұсыныс айтып жатыр. Бірақ олар оны қазіргі Жер кодексіне толықтыру тұрғысында енгізсек дейді. Ал мен Жалға беру туралы бөлек шағын әрі ықшам заң қабылдаған жөн деп ойлаймын. Сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш болар еді.

Сол секілді ауылшаруашылығы жерінің жалға беріліп, қолданылып жатқанына 20 жылдан асып кетті. Бірақ сол жердің жағдайы қандай, құнарлылығы кетіп қалмады ма деген жағын осы күнге дейін ешкім тексермеді, оны зерттемеді. Тек бертінде, онда да Елбасының нұсқауымен, кейбір ауылшаруашылығы жерлеріне инвентаризация жүргізіліп, есеп жасалды. Қалай дегенмен де осы тұрғыда Жердің құнарлығы туралы бөлек заң қабылдау қажет.

Сөз соңында ғалым посткеңестік кеңістікте тек Қазақстан ғана халқына жерді сатып бергенін баса айтты. „Посткеңестік мемлекеттердің барлығы жерді өңдеудің нарықтың жолын қарастырды. Тек Өзбекстан ғана жерді мемлекеттің меншігіне қалдырды. Ал қалғандары халқына жерді тегін берді. Тек Қазақстан ғана жерді халыққа сатып берді. Осыны өзгерту керек. Халық жерсіз қалмауы тиіс, тегін жерге барлығы ие болуы керек, 10 соттық тегін жер беріледі деген заңның жұмыс істейтіндей тетіктері қарастырылуы тиіс„ – дейді Тоқтар Есіркепов.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз