Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
5
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Жекешелендіру-2: «Халық тағы да түксіз қалуы мүмкін» — Тоқтар Есіркепов

356

 

– Жекешелендіру басталғаннан бастап мемлекеттік мүліктің бір бөлігі халыққа беріледі деп айтылған болатын. Мысалы, қараңыз, кеше кеңестік кезде 100 пайыз мемлекеттік меншік болды. Капиталистік қоғамға өткенде жекешелендіретін нысандар дайын тұрды, бірақ оны сатып алатын адамдар болмай шықты. Ваучерлік, ПИК арқылы 2000 кәсіпорынның акциясы аукционға қойылды. Үлкен зауыттар жекешелендіруге кеткен кезде 10 пайызға дейінгі акциясы халыққа тегін берілген. Ал сол акциялар қайда қазір?

Кешегі жекешелендіруден халық ештеңе алған жоқ. Алданып қалды. Қолындағысы жәй қағаз боп шықты.

Ал қазір жағдай басқалай. Елде көп болмаса да тірнектеп жинаған тиын-тебені бар. Тіпті, Самұрық-Қазынаның құрамындағы үлкен ұлттық компаниялардың акциясының бір бөлігін неге халыққа тегін бермеске? Олай етуге болады. Бірақ оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Керісінше, кеше мемлекеттік мүлікті басып қалғандар тағы ашкөзденіп, оны су тегін алудың жолын қарастырып әлек,

– дейді ғалым.

Бұған дәлел ретінде Тоқтар Есіркепов бүгіндері „Атамекен„ ұлттық кәсіпкерлер палатасы қозғап жатқан заң жобаларын алға тартты.

– „Атамекен„ ұлттық кәсіпкерлер палатасы жекешелендірілетін мемлекеттік мүлікті бизнесмендерге „рассрочкаға„ берейік„, ал коммунальдық меншікті тегін берелік деп ұсыныс тастап жатыр. Жекешелендіретін мүлікті сенімді басқаруға беріп, одан түскен пайда есебінен оны 5-10 жылдан соң сатып алатын да жағдай қарастырылды.

Сонда деймін де бәрін биліктегі бизнесмендерге арзанға, тегін, „рассрочкаға„ беретін болсақ, халыққа не қалады?.. Тағы да өздері теңдей бөліп алайын деп жатыр ғой. Тегін берсін деп ауыз ашатындай олардың мемлекетке, халыққа қандай еңбегі сіңіпті? Ұят емес пе, енді…

Қазақстандағы бай мен кедей табысының айырмасы 50 еседен асады

Жалпы, осы жағдайдың экономикалық дамуға үлкен тежеу болатынын, оның қауіп-қатері жоғары екенін айтқан экономика ғылымының докторы еліміздегі бай мен кедейлердің арасындағы айырмаға кеңінен тоқталды.

– Мысалы, Ұлбританиядағы бай мен кедейдің табысындағы айырма 12 есе (Еуропадағы табыс бойынша орташа көрсеткіш 6-8 есе) болса, Қазақстанда 2000 жылдардың ортасында жүргізілген есеп бойынша байлар мен кедейлердің табысы арасындағы айырма 32 есе болған. 2006-2007 жылы бізде жекешелендіру жүргізілген. Ал сол заңдастырудан кейінгі мәліметтер бізде жоқ. Одан соң таяуда капиталдарды заңдастыру акциясы болды ғой.

Мамандардың ойша есептеуі бойынша, қазір біздің еліміздегі бай мен кедей табысының айырмасы 50 еседен артық болмаса кем емес. Бұл – сұмдық көрсеткіш!

Құранның өзінде бай мен кедей арасындағы айырма 3-4 еседен аспауы керек делінеді.

Бұл – ғылыми еңбектер. Осы цифрлар сақталмаса, дүние бүлінеді, даму тежеледі, барлығы керіге кетеді. Біздің жағдайда, біріншіден, кез келген қоғамның тірегі тұрақтылық десек, ал мынандай әлеуметтік жікшілдік тұрақтылықты шайқалтады. Екіншіден, бұлайша жіктелу экономикалық дамуға жол ашпайды, керісінше дамуды тежейді.

Байлар байлығын халықпен бөліссін!

Сондықтан ғалым Қазақстанда байлар байлығымен халықпен бөлісуі тиіс деп санайды. Ол біздегі байлар қолындағысы емес, қазір аукционға қойылып жатқан мемлекеттік мүліктен қолын тартып, халықты үлесінен айырмаса екен дейді.

– Әлемдегі 1800-ден астам миллиардердің мәліметі алынып, зерттеу жүргізілді. Зерттеу уақыты — 1995-2005 жылдар. Дамыған елдердегі байларды алып қарасаңыз, олар өздері ақша тауып, өндіріс ашып, жаңа өнім шығарып, жаңа технологияны қолданып, солай байыған, ал біздің посткеңестік кеңістіктегілерінің байлығының 3/2 бөлігі 2 фактордың арқасында пайда болған. Біріншісі — саяси байланыс, екіншісі — елдің игіліндегі шикізатты, жер байлығын басып қалуға байланысты. Мысалы, Ресейді алып қарасақ, ондағы миллиардерлердің 64 пайызының капиталы жаңа екі фактордан тұрады. АҚШ-тың Бринстон университеті ғалымдарының зерттеуінше,

Қазақстан байларының 100 пайызы біз атаған екі фактордың күшімен байыған. Яғни, олар өзінің маңдай тері, қара күші, мықты ақылымен байымаған.

Конституциялық заң қайда? Бізде балалардың да құқығы тең емес

Тоқтар Есіркепов жекешелендірудің басқа да бірнеше заңсыз тұстарына тоқталды.

– Біріншіден, қазір шикізат бағасы төмендеп, көптеген ел дағдарысты бастан кешіп жатыр. Ал мұндайда, әдетте, жекешелендіруді жүргізбейді. Бірақ соған қарамастан Қазақстан алашапқын болып жатыр. Неге? Түсініксіз. Екіншіден, мемлекеттік меншіктің 15 пайызын қалдырып, қалғанын жекеге өткіземіз дейді. Тіпті, оған аурухана, балабақша секілді әлеуметтік нысандар да еніп кетіп жатыр. Неге десек, біз 30 дамыған елдердің стандартына жүгіндік дейді. Ендеше, ең бірінші сол 30 елдің қатарына экономикалық-әлеуметтік даму жағынан бірінші жетіп алмаймыз ба? Біздің деңгейіміз оған сай емес қой.

Ең бастысы Конституцияда Қазақстан әлеуметтік мемлекет деп жазылған. Бірақ бізде ел экономикасын әлеуметтік жағынан ажыратып жатыр қазір. Мәселен, Конституция бойынша Қазақстанда орта мектеп оқушыларына тегін білім берілуі керек. Бірақ біздің қоғамдағы балалардың бір бөлігі тегін біліп алып жатыр, сол секілді ақылы білім алып жатқан бөлігі де бар. Сол секілді жоғары оқу орындарында да солай, яғни жікшілдік бар. Ал Еуропа елдерінде, Жапонияда оқушылар бірдей тегін білім алады, ақылы деген нәрсе жоқ.

Оқушының түскі асын әке-шешесі төлейтін болып жатыр. Мүмкін бұл дағдарысқа қатысты қабылданған шара шығар. Онда да ала-құла.

Мәселен,

Астананың бастауыш сыныптары тегін тамақ ішеді, ал Алматыда олай емес. Ал Конституцияда Қазақстан азаматтарының құқығы тең деп жазамыз.

Қайсысы тең? Тіпті, оқушылардың құқығы тең емес.

Қалай алып қарасаңыз да адам дегенде, оның басты байлығы денсаулығы емес пе? Біз сапалы адам капиталы керек дейміз. Ендеше бұл саланың қызметін де тегін етуіміз керек қой. Ал бізде, керісінше мемлекеттік аурухана мен емханаларды соңғы кездері жекешелендіре бастады.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз