Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
-3
USD
450
+0.72
EUR
490
+1.14
RUB
4.89
+0.01

Жауынгерлік парадта 3 мың сарбаз “Мен қазақпын” деп ән шырқайды

266

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Отан қорғаушы күніне арналған Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлік парады Отар елді мекенінің маңында орналасқан 40-әскери база аумағында өтеді.

Қазіргі уақытта 3 мыңнан астам сарбаз парадқа жіті дайындық үстінде. Еске салсақ, Отардағы полигонда сап түзеген әскерилердің «Мен қазақпын» әнін орындап жатқаны туралы видео әлеуметтік желіде тарап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген болатын. Айта кетерлігі, ел ішінде соңғы 5-6 ай шеңберінде ғана кеңінен шырқала бастаған «Мен қазақпын» әнін талантты жас әнші Қуандық Рахым эстрадалық жанрда орындап жүр.

Сөзін ақын Нұржан Өмірбай, ал әнін Жарасхан Төлебай есімді жас композитор жазған.

Ән авторы Жарасқан Төлебайдың айтуынша, «Мен қазақпын» әні кейінгі буын өкілдерінің шетел музыкасына еліктеуі өршіп бара жатқан уақытта, елдің рухын оятатын қазақ әні жат елдің даңғазасына тойтарыс болсын деген мақсатта туындаған. «Қазақстан әскері – еліміздің тірегі. Бір мемлекеттің әскері сапта тұрып, «Мен қазақпын» әнін шырқап тұрса, әрине бұл мен үшін зор қуаныш, үлкен жетістік», – деді ол.

Ал ән сөзінің авторы Нұржан Өмірбай «Мен қазақпын» әні елге деген махаббаттан туындағанын атап өткен.

«Мен қазақпын» өлеңі, ең алдымен, елге деген махаббаттан туған дүние. Онсыз да «Мен қазақпын» деген өлең көп қой. Соның ішінде шоқтығы биігі – Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп басталатын өлеңі. Менің өлеңім де атамыздың осы өлеңінің шекпенінен шыққан.

Бірақ мен бұл жолы «Қазақ болып тумағанда, не етер ем» деп керісінше қарап көрдім. Егер біз қазақ болып тумасақ, біраз игіліктен, біршама құндылықтан айырылып қалады екенбіз. Толғағы жетіліп тұрған дүние болғандықтан, өлеңнің мәтіні оңай жазылды.

Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсақ, бір қазақ сүрініп, құлай кетсе, оны алаулатып-жалаулатып жан-жағынан жегідей жеп, ши бөріше талап, жетер жеріне жеткенше атойлап, жан-жаққа жар саламыз. Ал біреу жеңіске, жетістікке жетіп жатса, оның жарнамасы дәл осындай бола қоймайды. Болған жағдайдың өзінде де, одан да бір сын тауып, мін тауып, сүріндіріп жіберуге ұмтылып тұрамыз.

Бұл шығармам әлеуметтік желідегі көңілге қаяу салатын кейбір келеңсіздіктерге қарсы күрес ретінде туған өлең болатын», – деді Нұржан Өмірбай.

«Мен қазақпын» әнінің орындаушысы Қуандық Рахым бұл әнді әскерилердің орындағанын әлеуметтік желіден көріп, бойын қуаныш кернегендігін айтады.

«Ең алғаш әлеуметтік желіден көрдім. Естіген кезде, әрине, ерекше бір сезімге бөленіп, бойымды үлкен бір қуаныш билегені рас. Əнші үшін әр ән өз баласындай. Əн халықтың көңілінен шығып, өз орнын тауып жатса, одан артық бақыт бар ма? «Мен қазақпын» әнінің халықтың пайдасына жарағанына қуаныштымын», – деді әнші.

Айта кетейік, Отардағы 40-әскери база аумағында өтетін жауынгерлік парад тікелей эфирде көрсетілетіндігі жоспарланған. «Мәтібұлақ» полигонындағы шараға 3 мыңнан астам сарбаз, 300-ден астам әскери техника, 30-ға жуық авиация техникасы қатысады.

Армиялық бөлімшелер әскери техниканың заманауи үлгілерін іс жүзінде қолдану тәсілдерін көрсетеді деп күтілуде. Соңғы рет жауынгерлік парад 2013 жылы өткен болатын. Бұған дейін ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстанның Қарулы Күштерінде әскери парадқа дайындық басталып кеткенін хабарлаған еді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз