Жамбылда бүтін бір ауыл тұрғындары тұрмысы төмен отбасыға жер телімін бермеген әкіммен айқасуға мәжбүр. 6 баласы бар ерлі-зайыптыға бұқара баспана салып беріп, үй-жайлы қылғысы келеді екен.
Алайда, шенеуніктер 7 жылдан бері жер телімін бөлмей сандалтып қойыпты. Бұл туралы КТК арнасында айтылды.
Көмекке мұқтаж жандарға атқамінердің ұлтарақтай жер бөлмеуін тұрғындар түсінбей дал.
“Алдарына барсаң жер беріліп жатқан жоқ дейді. Ал негізінде беріліп қаншама үй соғып тастаған. Осы біз барсақ жер берілмейді, әлде ақша дәметеді ме? Ел секілді 100, 200 мың беріп алатын ақшам жоқ”, – деді көпбалалы ана Айнұр Бегалиева.
Ауыл тұрғындары қасиетті айда сауапты іс жасауға ниетті. Яғни, Қазанғаповтар әулетін алты баласымен далада аңыратып тастамай, үй салып бермекші. Тіпті, шағын баспанаға кететін шығынды есептеп, кім, не беретінін де келісіп қойған. Тек, әкімнің жер телімін бөлуі ғана қалыпты.
“Қалған шығынның бәрін ел-жұрт, осы ауыл тұрғындары көтеріп отырмыз. Ашық түрде айтсақ зекетпен келіп отыр. Қасиетті рамазан айында ауыл тұрғындары болғандықтан төлдерінен, садақасынан қарастырамыз деп отыр”, – деді Қаракемер ауылының тұрғыны Талғат Шалқаров.
Бірақ, қайырымды іске қолдау көрсетудің орына «шенділердің жер телімі жоқ» деуі қынжылтады екен. Бүгін, тұрғындар әкімнен бұл кертартпа істің себебін түсіндіріп беруін талап етті. Ал, шенеунік болса, қызметке жаңа келгенін айтып ақталды. Бірақ, мәселені шешіп береуге уәде етті.
“Биыл мен келгелі қаржы көзін қарастырдық. Енді күзге қарай бас жоспарды бекітіп алсақ, инфроқұрылым жүргізіліп, жер берілетін болады”, – дейді Қаракемер ауылының әкімі Ердос Бейсенов.
Жер сұраған отбасыға ауыл ішінен алақандай жердің табылмағаны әлбетте өкінішті. Шенділер, Сәкен Қазанғаповқа елді-мекен шетінен, мына мен тұрған жерден 15 сотық жерді береміз деп сендіреді. Алайда, ол үшін ауыл шекарасын кеңейту жөніндегі бас жоспарды аудандық мәслихат бекітіп беруі тиіс екен. Депутаттардың сессияда нендей шешім қабылдайтыны әзірге белгісіз. Егер халық қалаулылары бас жоспарды мүлдем бекітпей тастаса, демек Сәкен Қазанғапов алты баласымен тағы де жерсіз қалауы ықтимал.