Нұр-Сұлтан
Қазір
-13
Ертең
-6
USD
516
+0.32
EUR
536
-0.13
RUB
5.18
0.00

Жаһандық инфляция жақындады: Ұлттық Банк өзгерістерден құтыла алмайды – сарапшылар

211

Қарқынды инфляция 2021 жылдың екінші тоқсанындағы беталыстың бірі болады. Бұл туралы Дат инвестициялық Saxo Bank өз баяндамасында ескертті. Бұл АҚШ пен Еуропадағы “жылдам (вертолетный) ақшаны” таратудың салдары. Бағаның өсуі Қазақстанды қоса алғанда, дамушы нарықты шайқалтпай қоймайды.

Инфляция көзі

Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) сарапшысы Мағбат Спанов АҚШ-тағы қолма-қол ақшаның қосымша эмиссиясы бүкіл әлемдік экономикаға жаһандық деңгейде әсер ететіндігімен келіседі.

– Бұрындары да мұндай ақша екі рет құйылды. Біріншісі – 2007 жылғы дағдарыстан кейін, ол кезде шамамен 1,5 трлн доллар басып шығарылған болатын. Содан кейін 2014 жылы 2 триллионнан сәл асатындай көлемде басып шығарылды. Ақшаның әрқашан да өзіндік құны бар. Қамтамасыз етілмеген ақша пайда болған кезде, бұл сатып алу қабілетіне әсер етеді.

Қазір АҚШ тағы да 2 трлн доллар қосымша ақша басып шығаратынын ескерсек, бүкіл әлемде инфляция артады

Сонымен қатар, әр елдің өз ұлттық валютасы инфляцияға ұшырайды. Бұған, соның ішінде, шағын және орта бизнесті қолдауды, жәрдемақы төлеуді қоса алғанда, қолдампаздық шаралар ықпал етеді. Бұл экономикада ақшалай қаражаттың көлемін арттырады.

Магбат Спанов, фото voxpopuli.kz сайтынан алынды

Біздің елде инфляцияға кейде Ұлттық банктің қисынсыз әрекеттері “түрткі болады”. Мысалы, 2020 жылы бүкіл әлем базалық мөлшерлемені төмендеткен кезде, бізде, керісінше, көтерілді, бір айдан кейін қайтадан төмендетті”, — деп еске алады ӘЭСИ сарапшысы.

Базалық мөлшерлеме арта ма?

Сонымен қатар, 2021 жылғы наурызда Ресейде базалық мөлшерлеме 0,25%-ға, 4,5%-ға дейін көтерілді. Спановтың пікірінше, Қазақстан да осы ізбен жүруі әбден мүмкін.

— Бұрын Ұлттық банкте нақты жоспар болатын – инфляцияны 3% деңгейіне дейін төмендету, бұл басқа мәселе. Шамасы, бұл жоспар қайта қаралады. Өйткені

өткен жылы инфляция ресми дәлізден 5-7%-ға шығып, 7,5%-ды құрады

Бізде инфляция бойынша тәуелсіз деректер жоқ екенін ескере отырып, біз тек Ұлттық банктің деректеріне сүйенеміз. Кейбір тауарлар бойынша инфляция 7,5% шегінен айтарлықтай асып кеткені туралы деректер бар. Биылғы жылы инфляция, Ұлттық банктің болжамы бойынша, нысаналы дәліздің 4-6% жоғарғы шегінің деңгейіне дейін баяулайтын болады. Бірақ ол 7%-дан төмен болады деп ойламаймын”, – деді ол.

Бағаны ұстап тұру – нарықтық әдіс емес

Оның айтуынша, алдымен импорттық, содан кейін жергілікті өнімдерге бағаның өсетіні сөзсіз. Өндірушілерге бағаны көтеруге әкімшілік тыйым салу – нарықтық экономиканың әдісі емес.

— Мұндай шаралардың пайдасы жоқ, ол

жергілікті, қазақстандық тауарлар контрабандалық жолмен елден шығарылуына әкеледі

Осылардың аясында пандемия өршуін жалғастырады және елдегі экономикалық белсенділік қалай болатыны әлі анық емес.

Бүгінгі таңда біздің елімізде ең басты экономист – санитарлық дәрігер,

яғни, бәрімізге түсініксіз ережелерімен қалалар мен аймақтардың экономикалық қызметіне тыйым сала алады. Бұл іс жүзінде бүкіл саланың жұмысына кедергі келтіріп отыр. Сондықтан жыл қорытындысы бойынша экономикалық өсудің перспективалары күмән тудыруы мүмкін, — дейді Мағбат Спанов.

Жоспарлар мен шындық

Оның пікірінше, үкіметтің жаңа стратегиялық жоспары аталған жағдайларда нәтиже бермеуі, тіпті бүкіл экономикалық жүйенің белгілі бір теңгерімсіздігіне әкелуі мүмкін.

– Жоспар нашар жасалған — бұрын 15-20 жылға есептелген шараларды олар 4 жыл ішінде іске асырғысы келеді

Мысалы, олар осы кезең ішінде 800 мектеп салғысы келеді, бірақ бұл мүмкін емес. Әсіресе, “100 мектеп 100 аурухана” жобасы шеңберіндегі өткен тәжірибемізді ескеретін болсақ. Сондай-ақ, олар Ұлттық қордан алмаса, ақшаны басқа қайдан алатыны белгісіз, – деп күмән келтірді сарапшы.

Инфляцияға ықпал ете алатын фактор

Қаржыгер Расул Рысмамбетов әлемдік орталық банктердің жаһандық инфляциядан не күтетініне қарамастан, ол қысқа мерзімді сипатқа ие болады және,  соншалықты қауіпті болмауы мүмкін деп санайды. Қазіргі кездегі кейбір азық-түлік тауарларына бағаның өсуі пандемияға байланысты жеткізілім тізбегінің бұзылуына байланысты. Ал мұнай бағасының өсуі — вакцинациядан жылдам нәтиже күтуге байланысты.

Жаһандық инфляцияға ықпал ететін факторлардың бірі – экономикалық өсу, бірақ ол қазір жоғары және тұрақты емес

Коронавирустың үшінші толқынына байланысты бүкіл әлемде қайталанып жатқан локдаундар өндірістік белсенділік пен жаһандық тұтынудың өсуіне кедергі келтіреді.

– Қазір жаһандық экономика коронавирустың салдарынан қаншалықты жақсы деңгейде қалпына келетінін түсіну мүмкін емес. Сонымен қатар, мінсіз болжамдар жоқ, бәрі қателеседі.

Расул Рысмамбетов, дереккөз: kapital.kz

Биылғы жылы әлемдік экономика өсудің орнына керісінше төмендей бастайды деген болжам бар. Барлығы вакцинация қарқынына байланысты болады. Сонымен қатар, АҚШ, Еуропа және ҚХР арасында ШҰАА-дағы концлагерьлерге қатысты шиеленіс те бар. Бұл әлемдік экономиканың қалпына келтіру болашағын едәуір нашарлатуы мүмкін, — деп сенеді Рысмамбетов.

Бағаның өсу себептері

Сарапшы тұрақты валюталарға қатысты теңге бағамының төмендейтінін жоққа шығармайды:

— Еліміздің әлсіз, әртараптандырылмаған экономикасы ұлттық валюта бағамына үлкен әсер етеді. Теңге бағамы – экономика күшінің көрсеткіші. Әзірге жағдай өзгерген жоқ – біз мұнайымызға сенуді жалғастырамыз және экспорт құрылымында да әзірге өзгеріс жоқ. Теңгенің әлсіреуі бірқатар тауарларға бағаның өсуіне әкелуі мүмкін. Азық-түлік тауарларына инфляция бізде әрдайым сақталады. Оның үстіне

Қазақстан қазір тұрақты валютаға қол жеткізу үшін азық-түлік экспорттауға белсенді түрде ұмтылуда. Осылайша, біз ішкі нарықта тапшылық жасаймыз, бұл бағаның көтерілуіне әкеледі

Мысалы, өсімдік майының бағасы ішкі нарықта өсіп келеді, себебі біз оны Қытайға, Өзбекстанға, Ресейге белсенді түрде экспорттап жатырмыз. Базалық мөлшерлемеге қатысты – болжам жасамас бұрын, алдымен бірінші тоқсандағы нәтижелерді көргім келеді. Бізде құлдырау болуы мүмкін – бағаның өскеніне қарамастан экономикалық өсімнің болмауы. Егер мұндай жағдай жалғасатын болса, онда Ұлттық Банк мықты инфляцияны болдырмау үшін базалық мөлшерлемені көтеруі мүмкін, — дейді қаржыгер.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз