Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
4
USD
450
-0.49
EUR
487
-1.57
RUB
4.86
0.00

Жаңаөзен мен Талдықорған құрбандары неге аза тұтылмады?

256

Ақтөбеде 5-маусымда теракт болды. Бұл – қанды оқиғаға берілген ресми баға. Әрине, қару кезеніп, бейбіт халыққа қарсы шығуды ақтауға мүлде болмайды. Алайда оларға қатысты қатаң жазаны жүзеге асырмастан бұрын бұл оқиғаның түп-төркініне үңілген дұрыс болар. Неге жастар бас көтерді?

Біз бұл сауалға Арқанкергендегідей тағы жауап ала алмайтын секілдіміз. Иә, ол кезде де аза тұту күні жарияланды. 2012 жылдың 5-маусымында, мүмкін бұл кездейсоқтық шығар, тура осындай уақытта 4 жыл бұрын тағы әскери, онда да шекаралық заставаға шабуыл жасалды. Әрине, бір адам 14 шекарашы мен бір қорықшыны өлтірді деуге сену қиын. Бірақ сенсеңіз де, сенбесеңіз де сол. Бұл оқиғаның ресми тұжырымы – бір шекарашы қалғанын қырып тастаған…

Егер халық, азаматтық қоғам

қанды жайттың неден туындағанын біліп, оның салдарымен күрессе, бүгінгі Ақтөбедегі оқиға болмас па еді?

Ақтөбені білмейміз, бірақ бір топ әскеридің ұшағы көктен құлап, күл-талқан болмас еді ғой. Ол кезде – 2012 жылдың 27 желтоқсаны Ұлттық аза тұту күні болып жарияланған болатын.

Бір топ әскери, онда да жоғары шенді азаматтарымыздан айырылдық. Ан-72 ұшағы 25 желтоқсан күні Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы маңында апатқа ұшырап, ондағы 27 адамның барлығы көз жұмды. Олардың 20-сы әскери қызметкерлер. Бұл оқиғаның да ресми бағасы көптің көңіліне күмән ұялатады. Бірақ олар ұшақтың ақауынан апатқа ұшырады делінді.

Апат демекші, ресми болжаммен 2013 жылдың 31 қаңтар күні Алматы түбінде болған әуе апатымен келісуге болатын секілді. Өйткені бұл арада ұшақ жекеменшік компанияға тиесілі әрі сол кезде әуе компанияларына қатысты былық-шылықтардың беті ашылып, халық мұндай ақпаратты қорытуға дайын секілді болды.

2012 жылдың 29 қаңтарында  Алматы облысының Іле ауданындағы Қызылту елді мекенінің жанында Көкшетау-Алматы бағытымен ұшып келе жатқан CRJ 200LR ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақтың бортында 16 жолаушы, олардың арасында біржарым жастағы сәби және экипаждың бес мүшесі болды. Олардың барлығы да қаза тапты.

Бұл оқиға да қазақстандықтардың төбе шашын тік тұрғызып, аза бойын қаза етті. Ұлттық аза тұту күні де жарияланды.

Ал жарияланбағандары қаншама?

Мысалы, Қызылағаш оқиғасы. Бір ауылды мал-жанымен су шайып кетті. Ресми дерек бойынша 45 адам опат болды. Егер табиғаттың тосын мінезі болса, түсінікті ғой. Әкім-қарарлардың салғырттығынан ескі су дамбасы жарылып, ауылға лап қойған. Қаралы күн бірден жарияланбады, оны да тым кешіктірдік. Бастысы, “шаш ал десе бас алатын” атқамінерлер оқиға фактісін қымтап әбден әлек болды.

Талдықорғанда 2009 жылы қыркүйекте наркологиялық диспансер өртеніп, 36 адам тірідей жанып кетті. Оның көбін тірі алып қалуға болар еді. Бірақ өрт сөндірушілер құлыптаулы есіктерден кіре алмай, қиналған. Ал кілті бар дәрігер бұл кезде үйінде бейқам ұйықтап жатқан көрінеді.

Жаңаөзендегі оқиғаны тізбелеп жатудың өзі артық шығар. Ал қараптан қарап қырылып қалған осы отандастырымызды мемлекеттік деңгейде неге аза тұта алмадық?

Оның бір себебі ғана бар. Биліктің, құзырлы органдардың жауапсыздығы. Оны әлем, басқалар білмеуі тиіс. Білсе, мемлекеттік рейтингімізге нұқсан келуі мүмкін. Өйтсе, жоғары деңгейдегі жиындарды қайтіп өткіземіз?

2f1a3030de798387acc47d2c6abac912_big

“Біз ашаршылық құрбандарына да әлі дұрыс аза тұта алмай жүрміз”

Саясаттанушы Әзімбай Ғали жыл өткен сайын Қазақстан халықаралық конвенцияларға кірігіп келеді, мемлекет сол құжаттағы талаптарға сай болуы тиіс, сондықтан көп факті бізде бұрмаланып кетеді деп есептейді.

 Әзімбай Ғали

Әзімбай Ғали

– Қазақстан Конституциясында да, ең алдымен адамның құқығына басымдық беріледі. Сондықтан адам құқығы тапталған кез келген фактіні әшкерелеп, оған баға беру керек. Егер біз солай ете бастасақ, Қазақстанда қаралы күн көбейіп кететін секілді. Өйткені әділдік деген бізде жоқ. Бүгінгі құрбандар тұрмақ, тарих қойнауына кеткен КСРО кезіндегі құрбандарымызды біз әлі дұрыс аза тұта алмай жүрміз. 1 емес, 20 емес, 4 миллион адам қырылды. Ашаршылықта. Геноцид деп әлі оны белгілей алмай жүрміз.  Неге? Жалтақпыз. Үркекпіз. Жалтақтықтан арыла алмай, біздің тарих та бағасын ала алмайды, адамның да құны болмайды, – дейді ол.

Саясаттанушы Дос Көшім 70 жыл кеңестің боданында болған қазақ барлығын билік шешеді, билік істейді деген психологиядан әлі арыла алмай жүргенін, ұлттық сана-сезімнің жаңғыруы баяу жүріп жатқанын айтады.

– Бас кессе де, тіл кеспек жоқ. Мұндай жайттар айтылуы керек. Насихатты көбірек жүргізу қажет. Бірақ бізде барлығы баяу жүреді. Бәрін билікке сілтеп қоя саламыз. Бірақ билік дұрыс болмаса, мемлекеттік қызметкер де, халық та дұрыс болмауы керек пе? Әр адамның өз ар-ожданы, сана-сезімі бар. Сондықтан халық та ата-бабаға тәу ету, тарихқа құрметпен қарауды үйренуі тиіс. Оны ұғындыратын жақсы үгіт-насихат керек, – дейді саясаттанушы.

Философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов бір сұхбатында үгіт-насихат құралы — БАҚ-тың рөлі зор екенін, бірақ олардың өзіне тәрбие керектігін айтып еді.

– Жалпы, бір оқиғадан адамның түгел­­дей дерлік сабақ алады деген пікір қате. Бұл ретте аталмыш кезеңдегі траге­диялық оқиғаларды халық санасына сабақ алардай етіп сіңірдік пе, оның қайталан­бай­тын­дай алғышарттары жасалды ма десек, әңгіме басқа. Мәселе оның халық жадына қаншалықты сіңіріліп, қаншалықты насихатталуында жатыр. Бізде осы жағына кешенді түрде мән берілмейді.

БАҚ беттерінде, оқулықтар мен арнайы бағдарламаларда кеңінен айтылып, жұртшылыққа ой салып, өткеннің қайғысына күйзелтіп, ұлттық, мемлекеттік деңгейде қолға алынбаса, амалсыздан ауызша баяндау, тек бұрынғы өтіп кеткен аңыз тұрғысынан ғана ұғыну болмай не болады?, – дейді ғалым.

Расында, осыдан-ақ елдің басына түскен жақсы болсын, жаман болсын, барлық оқиғаның ақ-қарасын ажыратуда, ең алдымен, БАҚ-тың рөлі үлкен.

Демек, қаралы күндерде бұқаралық ақпарат құралдары туын түсірмеген мекеме басшысын немесе өзіндік ойын айтпаған шенеуніктің артынан қуумен шектелмей, қазаға ортақтасудың өзіндік үлгісін, өзіндік позициясын таныту арқылы қоғамға ой тастауы тиіс.  Бұл үдеден шығуға барша қауым тырысса, тіпті артығы жоқ дер едік.

Қаралы күнде бақилық болған отандастарымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын деп тілейміз. Аяқ-асты қайғы еткен барша қазақстандықтарға Алла тағала сабырлық пен төзім сыйласын! img-3529

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз