Нұр-Сұлтан
Қазір
17
Ертең
23
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Зайсандағы газдандыру жұмысы қашан аяқталатыны белгілі болды

Зайсан ауданындағы газ қорының игеріле бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Әйтсе де бұл жұмыстар жыл өткен сайын қарқын алып келе жатыр. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын тек 56 үйге ғана көгілдір отын тартылса, соңғы жылдары тұтастай бірнеше ауыл өркениет жетістігіне қосылған.

«Тәуелсіз Қазақстан» көшесінде тұратын Марат Молдағаровтың үйі жақында ғана газ желісіне қосылыпты. «Бұрынғыдай көп машақаттан құтылдық әрі отбасылық бюджетімізге де салмақ азайды», – дейді отағасы.

Марат Молдағаров, Зайсан қаласының тұрғыны:

– Бұрын от жағып, ағаш жағып, көмір әкеліп, күл шығарып жүретінбіз. Оның бәрін қойдық. Қазір есептеп көрсек, елдің 1 айда жағатын көмірінің бағасымен бір ай жаққан газды қарасақ 3 есе арзан екен. Ал тамақ пісіретін плитамыз 10 есеге дейін төмен.

Ауданда газдандыру бағдарламасы 3 кезең бойынша жүзеге асып жатыр. Біріншісі – қаланы көгілдір отынмен қамту керек болса, келесі кезеңде 9 ауылдық округке тарту. Ол үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард теңгеден артық қаржы қарастырылған. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталуы тиіс.

Серік Оразбеков, газ таратушы мекеме өкілі:

– Бұл газдың ешқандай қоспасы жоқ, бәрі тазаланған, жақсы жанады. Иісі де жоқ, түсі де көзге көрінбейді. 99,9 пайызы жанады десем, артық айтпаған болар едім. Қазандықтарда қаншама тонна көмірді жағып, оны шығарып, күлін күлдеп, отын отап жататын. Қазір тиімді, таза. Мектептердің бәрі таза, маңайының барлығы ешқандай ластанбайды.

Темірбек Қасымжанов, Зайсан ауданының әкімі:

– Көмірдің бір тоннасы қазір 11500 теңге болса, ал газдың бір текше метрі – 11 теңге 20 тиын. Сонда қарасаңыз, 10 есеге азайып отыр. Үшінші кезеңі бар,

биыл ары қарай 8 елді мекен құжатын дайындап, 2019 жылы газды жалғастырып, 2020 жылы ауданымыздың 95 пайызы толығымен газбен қамтылады деген үлкен бағдарлама бар. Сол Үкіметтің қолдауымен іске асып жатыр.

Осылайша Зайсан ауданы алдағы жылдары толық газбен қамтылады. Ал облыс әкімдігі Елбасының бес әлеуметтік бастамасында айтылған міндеттерге сәйкес, болашақта көршілес аудандарға да көгілдір отын тарту жобасын Үкіметке дайындап жатыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз