„Қазақстан мен Ресей халқының табатын табыс көлемі бірдей„ деп айтқан Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовті белгілі кәсіпкер қатты сөгіп тастады.
Сондай-ақ ол халықтың қытығына тиетін, ақылға қонымсыз сөздерімен танылып жүрген Үкіметтегі тағы бірнеше министрдің де атын атады. Оның пікірінше,
тарихта бар “есерсоқ министрлер” деген термин сөз осыларға қатысты айтылған, сондықтан арасында мұны ел алдында айдарлап, айтып қою керек.
„Әйтпесе, тағы да халықты айыптап, үндемеді, өз пікірлерін білдірмеді деп жүрер„ – деген кәсіпкер Азат Қонысбек осы министрдің өз сөзін тағы еске салды.
„Бағаның өсіп жатқанына қатысты халық өзінің пікірін білдірмейді, үндемейді, содан баға өсе береді„, – деп еді, тағы бір жиында…
Айта кетелік, кешегі Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов:
„Қазақстан мен Ресей халқының табатын табысы, шамамен, бірдей„, – деп, айды аспаннан бір-ақ шығарды.
Министр сөзіне сөзбе-сөз тоқталған LS басылымы:
“… Үш жыл бұрынғы кезді еске алайықшы. Ол кезде біз Ресейден 15 процентке қалып жатқанбыз. Ал қазір статистикаға қарасақ, егер валюта бағамымен есептейтін болсақ, біздің жұрт пен ресейліктердің тауып жатқан табысы, шамамен, бірдей”, – деді Тимур Сүлейменов.
Әрине, мұны естіген біз таң-тамаша болдық. Министр кімнің жалақысын айтып тұр дестік. Табысты білмейміз, Ресейдегі бағаның бізден зор екенін де осы Үкімет жиынында Энергетика министрлігі шырылдап, жақсылап түсіндіріп беріп еді ғой…
„Баға Ресейдің бензинінің бағасына қарай реттеліп, түзілуде. Ал ол қымбат. Егер Астанада сататын болсақ,
АИ-92 бензинінің құны 175-180 теңге болуы керек. Иә, осындай қымбат. Оның өзі Ресейде 220 теңге (!) тұрады.
Қазан айында нарыққа шығарған бензиннің 40 проценті Ресейдікі, 60 проценті Қазақстандікі болды. Сондықтан осыған сәйкестене есептелген бағам: 160-161 теңгеге шығып отыр„, – делінді министрліктің елімізде бензиннің неге қымбатап жатқанын түсіндірген есебінде.
https://kaz.365info.kz/zheter-endi-khogam-belsendisi-halykhty-bagaga-toskhauyl-khoyuga-shakhyrdy-283352
Бағаның не қатысы бар, бұл арада жалақы туралы айтылып жатыр емес пе, дерсіздер. Қатысы болғанда қандай?.. Өйткені кез келген тауардың өзіндік құнына жұмысшы күшінің бағасы да қоса есептеледі. Жұмысшы күші қымбат болғандықтан да Ресей тауарларының бағасы қымбатырақ, ал Қытайда жұмысшы күші арзан, сондықтан тауары да арзан дегендей. Қалай дегенмен де Ресеймен сауда-саттық байланысы бар кәсіпкерге хабарласып, бұл ойымызды нақтылай түскіміз келді.
Ал ол болса, Тимур Сүлейменовтің айтып отырғаны шіли өтірік дейді.
Отандық кәсіпкер Азат Қонысбек Тимур Сүлейменовтің бұл мәлімдемесін ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың девальвацияға халықты кінәлап, жасаған ақылға қонымсыз мәлімдемесімен пара-пар дейді.
– Мұны есерсоқтық дейді. Тарихта есерсоқ министрлер деген термин бар өзі. Соған келіп тұр бұл да. Ресейде 5 жыл жүріп, ана тілін “ұмытып қалған” министр ғой, ондағы жалақының қандай екенін ол қалай ұмытып қалмаған?..
Мүмкін, ол өз жалақысын ресейлік әріптестерімен салыстырып, айтып тұрған шығар. Олай болса, мүмкін.
Бірақ қызмет төмендеген сайын айырма өте үлкен. Ресейге мың барып жүрген адамбыз ғой, ондағы жалақыны білеміз қандай екенін. Цифрмен айтып, елдің жүрегін ауыртпай-ақ қояйын, бірақ айырма – біршама.
Кейде теледидардан Елбасы қатысқан Үкімет отырысын көріп қаласыз. Басқасын қайдам,
өзім министрлерді сабаққа дайындалмай келіп, бұғылып-тығылып отырған оқушыларға ұқсатам.
Рас, өз-өзіне сенімді адам басын тік ұстайды емес пе?.. Ал бізде басын тік ұстайтын министр аз. Бір нәрсе сұрай қалса, жауаптарының түрі анандай. Көбіне, халықтың қытығына тиеді. Себебі білмейді олар, төменде не боп жатқанын, халықтың қалай қиналып жүргенін. Совет өкіметін жақсы көрмеймін, бірақ онда бір жақсы үрдіс бар еді.
Министр, кез келген басшы халықтың ортасынан шығатын, төменнен көтерілетін.
Ал қазіргілер ше?..
Талғат Мұсабаевтың:
„Маған шетелдің сыраханасында ағылшынша үйреніп келгендердің қажеті жоқ„, – деп айтқаны бар еді.
Рас, білімі болғанымен, білігі жоқ. Қазір осындайлар министр боп жүр. Одан кейін, олардан қайсібір ойлы сөз, арлы іс күтесіз?..
https://kaz.365info.kz/ozderi-goj-ykimette-akimder-komir-tapshylygyna-halykhty-kinalap-esep-beripti-284054
Сондай-ақ кәсіпкер сынға ұшыраған министрлерді орнынан жұлып алғаннан түк пайда жоқ екенін айтады. Оның пікірінше, министрлерді тағайындау жүйесін өзгерту керек.
– Әйтпесе пайда жоқ. Осы көргеніміз көрген, әлі талай есерсоқ министрді көреміз,
– дейді кәсіпкер.
Саясаттанушы Кеңес Сманов министрдің бұл мәлімдемесі тағы бір қымбатшылықтың қылтиып тұрғанын байқататын секілді дейді.
– Әрине, министрдің айтып тұрғаны ақылға қонымсыз. Бірақ ол мұнымен бағаның қымбаттауы негізсіз дегенді жоққа шығаруға тырысқан. Оның үстіне, бұл бізде әлі қымбатшылық болады дегенді де аңғартуы мүмкін.
Өйткені министр айтқандай, табысымыз бірдей болса, баға да бірдей болуы керек қой. Мәселен, басқасын білмеймін, нан Ресейде 125 теңге тұрады. Иә, баға жағынан Ресейді біз әлі қуып жете алмай жүрміз.
Бұл үшін Үкімет не істеді, бағаларды еркіне жіберді. Валюта бағамын, бензиннің бағасын, одан соң нанның. Алдыңғы екеуіне қатысты Үкімет ойына келгенін істеп жүр. Оны көріп отырмыз. Бірақ тістері нанға батпай жүрген секілді.
Енді соны бірдеңе қылып, бастау керек боп тұр ғой деймін. Жақында ғана „вагон жоқ, содан ұн тапшылығы болып жатыр„ деген ақпарат шықты. Бұл бекер емес. Әрине, қолдан жасалуда. Не үшін? Ресейдегі бағаларды қуып жету үшін. Бірақ қырсық шалғанда, санкцияға ұрынған Ресей экономикасының құлдырауы бір ретке дамылдар емес. Ал қайта-қайта бағаны көтере бергеннен кейін, халықтан сұрау болады ғой. Онда табыс неге өспейді деп шығуы мүмкін ғой. Сондықтан алдын ала аузын жауып, айтып жатқандары секілді, – дейді саясаттанушы.
Табыс демекші, былтырғы жылмен салыстырғанда, ол бізде еш өспеген, керісінше, төмендепті. Иә, халықтың нақты табысы төмендеп жатыр деп, дабыл қақты LS экономикалық басылымы. Ондағы келтірілген дерекке сүйенсек, 2017 жылдың ІІІ-тоқсанындағы есеп бойынша, Қазақстандағы орташа жалақы деңгейі 147, 9 мың теңге болып саналады.
https://kaz.365info.kz/ylttykh-banktin-toragasy-bar-goj-khajrat-kelimbetov-zejnetakhy-akhshasyna-khatysty-shyndykhty-ajtty-video-267726
Өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырсақ, бұл арада 1,3 процент төмендеу бар, яғни, орташа жалақы көлемі бір жыл ішінде 2 мың теңгеге арзандаған. Міне, бұл енді нағыз шындық. Осыны министрлер неге айтпады екен, ә?..