Енді осы рейстердегі борт серіктер байбалам салған жолаушыларды сабасына түсіру үшін күш көрсетсе де жауапқа тартылмайды. Тіпті, тәртіпке бағынбайтындарды кісендеп, орындыққа байлап тастауға құқылы. Тиісті заңды бүгін мәжілісмендер мақұлдады.
Бұл туралы Ктк хабарлады.
“Әлемнің көптеген елдерінде осындай заң қабылданған. Сондықтан экипаж мүшелері тәртіп бұзғандарды оп-оңай тезге салады.
Ол үшін қауіпсіздік қызметіне, пластмассалық кісен мен арқан берілген.
Қабылданған заң біздің де борт серіктерге күш қолдануға рұқсат береді”, дейді инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр.
Ішімдік ішіп, салонда шу шығаратын жолаушылар көбейген.
Тіпті, көбі тәртіпке бағынбай айналасындағы адамдардың мазасын алып, өмірлерін қауіпке тігеді екен.
Биылдың өзінде осындай 30-ға жуық жолаушы жазаға тартылыпты. Бұған дейін борт серіктері оларға күш көрсете алмайтын.
Тек, ұшақ жерге қонған соң, полицияға тапсырумен шектелген еді. Десе де, заң әлі сенаторлардың сүзгісінен өтуі тиіс.