Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
17
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

“Ұлттық банктің төрағасы бар ғой…”. Қайрат Келімбетов зейнетақы ақшасына қатысты шындықты айтты (видео)

Жаңа басшы – Данияр Ақышев қызметіне келе салып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы былықтардың бетін аша бастады. Сөйтсе, қомақты зейнетақы ақшасы банкрот болайын деп тұрған қазақстандық банктің бірінде депозитте тұрған болып шықты. Ол ақшаны депозиттен алып шығу мүмкін емес көрінеді. Осыған қатысты, БЖЗҚ АҚ басқармасының төрағасы Руслан Ерденаев қамауға алынды.

Одан соң, тағы бір банкрот алдындағы банкке қомақты зейнетақы ақшасы инвестицияланғаны белгілі болды. Бұл жолғы жайт, алдыңғысынан да күрделірек. Өйткені банкрот алдындағы банк халықаралық, яғни, шетелдікі болып шықты.

Әзірбайжан халықаралық банкіне инвестиция жасағанда шешім қабылдаған, әрине, Ұлттық банк. Сондықтан Данияр Ақышев мұны алдыңғы команданың сауатсыздығы деп, барлық кінәні Қайрат Келімбетовке жапқан еді.

Ал Ұлттық банктен кетіп, „Астана„ халықаралық қаржы орталығының басшысы болып тағайындалған Қайрат Келімбетов аз уақыттан соң, жуырда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры директорлар кеңесінің мүшесі болып тағайындалды. Бұл жаңалық көпті таң қалдырды.

Көптің санасында “сенімсіздік туғызған адамды қалай ғана зейнетақы ақшасына қатысты шешім шығаруда дауыс беру құқығына ие қызметке оп-оңай тағайындай салды екен„ дегенге ұқсас сан сауал болды.

Сөйтсек ол кісінің бұл жайтқа қатысты өз шындығы бар көрінеді.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев пен тілші Бота Жұмановаға берген сұқбатында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры директорлар кеңесінің мүшесі Қайрат Келімбетов банкротқа ұшыраған Әзірбайжан халықаралық банкіне 250 млн долларды салу туралы шешімнің қалай қабылданғанын жіліктеп айтып берді.

Одан ұққанымыз, жағдай осыған дейін Данияр Ақышев сипаттағандай болмай шықты.

„Ана команда, мына команда„ деп бөлінетіні бар, онда біз де айтайық…

“Инвестиция жасағымыз келіп, оны қалай болса, солай бөлдік деген болған жоқ. Ұлттық банк қанша ақшаны қайда инвестициялау жайында әр деңгейде шешім қабылдайды. Оған қоса, құнды қағазды кім сатып жатыр, оны кім сатып алуда, бұл процестің барлығы қатаң қадағалауда болады. Ол кездегі тәртіп бойынша, зейнетақы активіндегі 1 процент ақшаны Халықаралық Әзірбайжан банкіне инвестициялауға мүмкіндік берді. Сол кездегі есеп бойынша, бұл айтылып жүрген 250 млн доллар ғой. Бұл арада инвестициялық декларацияға баса тоқтала кеткім келеді.

Қазіргі Ұлттық банктің төрағасы бар ғой (Данияр Ақышевті айтады), ол да сол кезде басқарма мүшесі болған, ол да бұл шешімге дауыс беріп, қолдау білдірген. Тіпті, 2014 жылдың қазан айында ол инвестициямен айналысатын сол департаментті басқарған. „Ана команда, мына команда„ деп бөлінетіні бар, айтайық біз де.

Осылай ойын ойнайтындарды мен түсіне алмаймын. Бұл ойын „Үш қоржын„ деп аталады. Елбасы жиналыстарда осы туралы айтқанды жақсы көреді. Бастыққа үш қоржын ұсынылады. Бірінші қоржын – барлығын алдыңғы басшыға жаба сал, екіншісі – өзің бірдеме ойлап тап, үшіншісі – үш қоржынды да өзің толтыр. Бірақ соңғысы да жетісіп тұрған жоқ”, – дейді Келімбетов.

Ол  шешім қабылданғанда қазіргі процедуралардың еш бұзылмағанын баса айтады.

“Мынандай шудан соң, әрине: „Таза емес шығар, біздің зейнетақы ақшаны басып алып, біреу қызығын көріп жатқан болар” деген елде күдік-күмән болады. Кешіріңіздер, қазір бұл процесс кейінге шегеріліп қойылды. Бұл арада мәселе мынада. Сәтті инвестиция, содан соң, сәтсіз инвестиция деген болады. Қалай дегенмен де бұл бизнес қой. Егер еуропалық банктердің тең жартысына не болатынын алдын ала біреу білсе ғой. „Қандай картаның бұйыратынын алдын ала білсем, Сочиде өмір сүрер едім„ деген мақал бар емес пе?.. Сондықтан тәуекеліміз өз-өзін ақтамады. Бар шындық осы”.

Келімбетов инвестицияның қарама-қайшы екі қағидатын бөліп көрсетті: сақталуы және табыстылығы, ал табыстылығы көп болған сайын тәуекелдің де қауіп-қатері қоюлана түседі.

79 млрд теңге дегенді қайдан шығарып алған?..

Оған қоса, Келімбетов Әзірбайжан халықаралық банкіне инвестицияланған ақша сомасына да қатысты бұрмаушылық барын айтады. Оның сөзіне қарағанда, инвестицияланған 79 млрд теңге емес, 45 млрд теңгеден астам қаржы екен.

Онда да оның 17 млрд теңгесі қайтарылып үлгеріліпті. Сонда қалғаны – 28 млрд теңге болып тұр.

Келімбетовтың айтуынша, 2014 жылдың қазанында Әзербайжанның халықаралық банкіне 79 млрд теңге емес, 45 млрд теңгеден астам (долларына 180 теңге бағамымен) қаржы инвестицияланды.

«250 млн доллар сатып алынғаны рас. Бірақ ол сол кездегі ақша бағамы бойынша (1 АҚШ доллары – 180 теңге) 45 млрд теңгеден астам ақша болатын, яғни, ол 2014 жылдың қазанында жүргізілген теңге бағамын түзету шараларынан қорғалды. Онда да бұл қаржы қайтарыла бастады. Бүгінде 50 млн доллар төлемдермен қайтарылды. Қазіргі бағаммен 17 млрд теңгені құрап отыр. Яғни, 45 млрд салдық, 17 млрд теңгесі төленді. Енді қалғанын Әзірбайжандық үкімет тиісті жолмен қайтаратындығын айтты», – деді Қайрат Келімбетов.

Сонымен қатар, ол өзінің БЖЗҚ директорлар кеңесінің құрамына енуінің басты себебі әзербайжандық банктің облигацияларына салынған қаржыны толық көлемде қайтаруға қатысты екенін атап өтті.

«Бұл қаржы қайтарылады», – деп қадап айтты сөз соңында Келімбетов.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз