Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
11
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Ұлтшыл үшін найманы не, қыпшағы не… бәрі бір қазақ

277

Осы тақырыпқа бес ауыз сөзімді қоса кетсем… Бізде руының мүддесімен қазақшылықты қоса алып жүрген адамдарды ұлтшыл, қазақшыл жандар деп жатады.

Шын мәнісінде рушыл мен ұлтшыл екі бөлек адам. Бұны шатастырмау керек.

Ұлтшыл үшін найманы не, қыпшағы не… бәрі бір қазақ. Ұлтшылдың санасы, өресі, амбициясы жоғары – ол ұлтын халықаралық дәрежеде басқа ұлттармен бәсекеде көргісі келеді.

Жалпы, ұлтшыл туралы жақсы сөз көп. Ал рушылдар өзі азғантай қазақтың арасында руаралық деңгейде бәсеке жасап жүрген санасы таяз, ұсақ адам.

Қысқасы, бұлар өтірік “қазақ” “қазақ” деп руының ұпайын түгендеп жүрген қырттар.

Осы алауыз рушылдардың қазаққа пайдасынан гөрі зияны көп тиіпті. Оған тарихтан мысал өте көп.. Сонау заманда ел шетіне орыс жандаралы келгенде осы рушылдар өз руларын жетектеп бодандыққа қойдай тоғытылып жатыр. Орыс ұлықтарының сол замандағы хроникасын қарап отырсаңыз, “пәлен ру ант берді, түген ру бүйтті” деген жазба жетеді.

Ал сол рудың би – бағландары ұлықтың алдында тоңқаңдап адалдықтарын дәлелдеп жатыр.

Яғни, сорлы қазақ сол тұста да зауалды бодандыққа кіргенде ұлт болып бір жұдырықтай кіре алмапты. Бұдан кейін бұл жерде Хан Кененің сол замандағы күресінің неліктен оңға баспағаны туралы айту артық болады.

Совет заманында, қазақтар тілден айырылып, руһани жұтап, ауыл – резервацияда кенжелеп, жойылудың аз – ақ алдында қалғанда да осы рушылдардың ұлттың алдында жасаған қылмысы өте көп.

Оны айта бастасам осы жерде руаралық жанжал туындап кете ме деп қорқам. Сол қылмысты жасап жүрген осы біз әулиедей табынатын сол заманның рушыл зиялысымақтары.

Енді қазіргі рушыл қырттар, қазақтың обьективті ортақ тарихын жаздырмай отыр. Себебі бұларға кезінде қызыл өкімет өз руларынан шыққан қызыл көсемшіктерді әулие ғып таңып берген.

Бұларға “қызыл сатқындарды қашан әшкерелейміз” десеңіз олар баж ете қалады. Одан соң “атаңның басы саған деколонизация” деп іштей тынасыз.

Ол ол ма, бұл зиянкестер мына биліктің көзі таятын кезеңге іштей өз көсемшіктерін дайындап отырғаны анық. Ол гарантия. Сондықтан соңғы кезде көп айтылып жүрген парламенттік республика деген идея бұлар үшін тек қана құдайдың аспаннан берген ырысы боп келеді. Ал оның арты қандай боп кетуі мүмкін…. дәлірек айтсақ, мыналар қандай қылып жіберуі мүмкін… бұған да көңіл күпті.

Ұзын сөздің қысқасы, халқымыз ұлт болып қалыптассын десек, біз бұл ұлт қылмыскерлерін қазірден бастап әшкерелеп келешекте оларға қарсы үлкен күрес жариялауымыз керек деп ойлаймын.

“Ауруын жасырған ауырмай өледі” деген… өтірік “қазақ руға бөлінбейді, ол рудан құралады” деген мәймөңкені қойып, келешекте осы рушылдармен тек үгіт насихат пен заңның аясында күресуіміз керек. Біз ауруымыз, осыны қазір мойындалық.

 

Олжас Әбіл

Фейсбуктегі парақшасынан

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз