Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Үкімет отырысы бүгін қазақ тілінде өтті

Президенттің тапсырмасынан кейін үкімет мүшелері бүгін де бір-бірімен қазақша сөйлесті. Отырыс басында, ең алдымен, премьер-министр кешегі Елбасының бес әлеуметтік бастамасына байланысты міндеттерді айқындады. Әдетте, мұндай тапсырманы Бақытжан Сағынтаевтың басын қазақша бастап, әрі қарай орыс тілінде жалғастыратыны есімізде. Бірақ бүгін толық мемлекеттік тілде айтып шықты.

Күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе – “Нұрлы жол” бағдарламасының жүзеге асырылуы. Мінберге шыққан ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, “Самұрық-Қазына” қорының басқарма төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев баяндамасын бастан-аяқ қазақша жасады.

Өткенде отырыстың “шырқын бұзған” Ақмола обысының әкімі секілді елдің сөзіне қалмайық десе керек, облыс басшылары мен Алматы әкімі де таза қазақша сөйледі.

Осы жолы ұлттық қауіпсіздік комитеті де таңғалдырды. Әдетте, бұл органның басшылары баяндамасын тек орысша жасайды. Комитет төрағасының орынбасары Білісбеков мырза қазақшаға шорқақ болса да, тілін сындырып, діни экстремизм мен терроризмге қарсы алдағы бес жылда не жасалатынын айтып берді. Осылай президентке тікелей бағынатын қауіпсіздік комитетінің өкілі қазақша отырыстың көркін бұзған жоқ.

Отырыста тек ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Владимир Жұмақанов қана қысқаша орыс тілінде сөйледі. Сірә, үкімет мүшесі болмағасын, қазақша сөйлеу туралы тапсырманың маған қатысы жоқ десе керек. Мүмкін, екі сөздің басын әрең қосып, қиналғысы келмеген де болар.

Сонымен, үкіметтің осымен екінші отырысы толық дерлік мемлекеттік тілде өтіп отыр. Бұған дейін тек орыс тілінде болды деуден аулақпыз. Үкімет басшысы да, министрлер мен әкімдер де қазақша сөйлейді. Десек те, отырыстар екі тілде қатар өтетін, көбінесе орысшасы басым болатын. Соған қарағанда біздің шенеуніктер Елбасының бір ауыз тапсырмасына мұқтаж болған секілді.

Енді үкіметтің бұл игі бастамасы бір-екі отырыспен шектеліп қалмайды деген үміттеміз. Мәсімовтың кезінде осындай жайттың болғаны естеріңізде шығар.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз