Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
11
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Үкімет кәсіби біліктілігі жоғары этникалық қазақтарды атажұртына қайтаруға күш салмақ

«Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі – этникалық көші-қон. Этникалық қазақтардың қайта оралуына, бейімделуіне және кірігуіне кедергі келтіретін бірнеше проблема өткен жылдан бастап күшіне енген заң аясында өз шешімін тапты. Атап айтсақ, этникалық қазақтарға «оралман» мәртебесін қоныстану аймағына қарамастан бір жыл мерзімге беру, олардың Қазақстан Республикасы азаматтығын алу мерзімі төрт жылдан бір жылға қысқартылды. Оларды ұтымды қоныстандыру мақсатында қосымша еңбек ресурстарын қажет ететін аймақтарға жолдау шаралары қабылданды. Нәтижесінде өткен жылы елімізге 16,5 мың оралман отбасы көшіп келді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 8,5 есеге көп», – деді Тамара Дүйсенова.
Сонымен қатар ведомство басшысы аталған тұжырымдама Президенттің тікелей тапсырмасымен жасалғанын атап өтті. Оның пікірінше, концепциядағы мақсат – шетелде тұратын этникалық қазақтармен байланысты күшейту.

«Бүгінгі тұжырымдама жобасында Мемлекет басшысының Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсырмаларын қарастырдық. Оған сәйкес этникалық қазақтарды тек көшіріп алу мәселесін ғана қарастырмай, сонымен қатар олардың әлеуетін тұрғылықты жерінде қалдыра отырып пайдалану мүмкіндігі ұсынылды. Осы мақсатта шетелде тұратын этникалық қазақтармен байланыстың қарқынын күшейту көзделуде. Бұл үшін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы олардың тұрғылықты жерінде мәдени орталықтар құруына ықпал жасап, олардың бір-бірімен және Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас ұйымдастыратын болады», – деді ол.
Сонымен қатар Тамара Дүйсенова тұжырымдама аясында шетелдегі білікті кадрлардың мүмкіндігін пайдалану мақсатында жеке электронды дерекқор жасау қарастырылып отырғанын айтты.

«Шетелде тұрып жатқан этникалық қазақтарды, оның ішінде білікті мамандар мен жетістікке жеткен азаматтарды тарту жұмысын мақсатты сипатта жүргізу үшін жеке электронды дерекқор жасау қарастырылып отыр. Жоғары білікті этникалық қазақтарға уақытша жұмысқа келу мүмкіндігін беру үшін жұмыс берушілерге рұқсатты жеңілдетілген тәртіппен тегін беру тетігі қарастырылды», – деді министр.
Сөз соңында ведомство басшысы көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын шетелдегі қандастарға сол мемлекеттегі Қазақстан елшіліктері түсіндіру жұмыстарын жүргізу қарастырылып отырғанын айтты.

«Сонымен бірге үкімет айқындаған солтүстік өңірлерде қоныс аударушыларды бейімдеу, кіріктіру қызметін көрсететін орталықтар құру немесе қазіргі жұмыспен қамту орталықтарының функциясын кеңейту ұсынылып отыр. Елімізде іске асырылып жатқан көші-қон саясатын және оның тетіктерін сыртта жүрген қандас бауырларымызға толыққанды және уақытында жеткізу мақсатында шетелдегі біздің елшіліктер арқылы белсенді ақпараттандыру жұмысын жүргізу де қарастырылды», – деді Тамара Дүйсенова.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз