Елімізде көк тамырлардың түйінделіп кеңеюін жаңа әдіспен емдеуге мүмкіндік туды.
Астанаға арнайы келген еуропалық дәрігерлер варикозды озық технологиямен кетірудің әдісін көрсетті деп хабарлады “Хабар-24” телеарнасы.
«Тамыр ауруын лазерлік операция арқылы емдеуге болады әрі одан кейін ешқандай ауырсыну байқалмайды», – дейді шетелдік хирургтер.
Олар қазақстандық әріптестеріне шеберлік сабағын өткізіп, 35-40 жас аралығындағы төрт адамға операция жасады.
Петер Дражич, қан тамырлары хирургі:
– Бұл операцияның ерекшелігі сол – адам аз уақытта өздігінен жүріп кете алады. Тіпті сол күні үйіне шығаруға болады. Яғни бұрынғыдай аурухана төсегіне таңылып жатуды қажет етпейді. Жаңа технология арқылы көктамырдың түйінделуін әп-сәтте емдеуге мүмкіндік бар. Біздің әдісімізді қазақстандық дәрігерлер тез игереді деген үміттемін.
Ғалымжан Рысқұлов, №1 қалалық аурухананың қан тамырлары хирургия бөлімшесінің дәрігері:
– Тамырдың кеңеюіне байланысты операциялар жасадық. Ол соңғы технологиялармен, яғни лазермен тамырды күйдіру арқылы жасалады. Бұл біздің біліктілігімізді толықтыруға бағытталған. Еуропада бұл амбулаторлық хирургия саналады. Сондықтан бірінші күннен бастап операциядан кейін 2-3 сағаттан бастап ақырын жүргізуге болады. Бұл операцияның ерекшелігі сол.