«Қарағанды-Пассажирская» теміржол стансасының жолында тұрған жүк вагонының төбесіне шыққан 14 жастағы екі жасөспірімді тоқ соқты.
Бұл туралы Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төтеншеліктердің мәліметінше, балалар ол арадағы тоқ кернеуінің өте жоғары екенін білмеген. Тіпті, тоқ барынан да хабарсыз болуы мүмкін. Ал вагонның электр желілеріндегі тоқ кернеуі 27 мың вольтты құрайды. Қызық үшін жеткіншектер ерекше селфи жасамақ болып, күзеттен жасырынып, вагон үстіне шыққан.
«17 қараша күні сағат 17:40-та станса жұмысшыларынан шақырту түсті. Электр тоғымен жарақат алған 14 жастағы екі бала ауруханаға жеткізілді. Денесінің 65 пайызын күйік шалған олардың бірінің жағдайы ауыр. Екіншісінің жарақаты жеңіл», – деп хабарлады «Жедел медициналық жәрдем» мекемесінен.