Украина телеарналары Қазақстанда хабар тарата бастауы мүмкін. Бұл туралы кеше елордалық тілшілерге Астанаға ресми сапармен ат басын тіреген бір топ украиналық саясаткер мен кәсіпкерлерді бастап келген Украина Жоғары Радасының Қаржы саясаты және банк қызметі комитеті төрағасының орынбасары Руслан Демчак мәлім етіпті.
Жалпы, “Украина туралы ақпаратты неге Ресей телеарналары арқылы ғана білуіміз керек” деген сауал қазақстандықтарды көптен бері мазалап келеді. Мұндай сауалды қоғам белсенділері ҚР Үкіметіне бірнеше рет жолданған-ды. Алайда одан шыққан нәтижені осы күнге дейін байқай алмадық. Ал осы негіздегі келесі тараптың – Украина саясаткерлерінің ұсынысы қанағаттандырылуы мүмкін бе? Бұл сауалды kaz.365.info.kz мамандар талқысына салып көрді.
Амангелді Айталы
Қоғам қайраткері Амангелді Айталы Қазақстанда Украина ақпаратына деген сұраныстың барын, оны Елбасының жемісті көпвекторлы саясатының арқасында қанағаттандыруға болатынын айтады. Алайда ол Украина ақпараттарының көшіріліп берілуіне қарсы.
Оның пікірінше, мұндай жағдайда Қазақстанның ақпарат майданында “құрбан” болып кету қаупі бар. Сондықтан қоғам қайраткері бұл ретте Қазақстанның Украинадан тікелей әрі шынайы ақиқат ақпаратты тасымалдау жолын қолдайды.
Амангелді Айталы, қоғам қайраткері:
– Біз неге Укринадағы жағдайды Ресей ақпарат көздері арқылы ғана білуіміз керек? Мұндай мәселені қазақстандықтар талай рет қозғаған. Украина туралы шынайы ақпарат алу Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Ресейдің өз ішінде де бар сұраныс. Иә, Ресейде украинафобияға қарсылар жетерлік. Бұл, бір жағынан, заңды құбылыс. Өйткені кез-келген болмысы таза адам шынайы ақпаратты білгісі келеді.
Сондай-ақ Амангелді Айталы Украина астанасы Киевте және басқа қалаларында өз тілшілеріміздің болғанын қалайды.
“Ешкімге бұра тартпай, біреулердің пікірін қайталамай нақты оқиға орнынан ақпарат беріп отырсақ, оған Ресей де Украина да өкпелемейтін болады. Сондықтан, егер біздің билік Жоғары Рада өкілдерінің өтінішін қанағаттандырып жатса, осы мәселені де ескерер деп ойлаймын” – дейді ол.
Айдос Сарым
Саясаттанушы Айдос Сарым Украинаға қатысты шынайы ақпарат алғысы келген қазақстандықтардың қалауы біздің ақпарат кеңістігіміздің аясы қаншалықты тар екенін бір сәтте әшкере етті деп санайды. Оның пікірінше, қазақстандықтар жан-жақты мағлұматпен хабардар болуға толықтай құқылы. Ал біржақты ақпарат, керісінше, азаматтардың құқығын шектеу болып табылады.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
– Екі жыл бұрын Украинадағы шиеленісті жағдай туындағанда қазақстандықтар, “шынымен де онда не болып жатыр” деп ойлана бастады. Ресейден тыс ақпарат көздеріне жүгінуге мәжбүр болды. Ақыры, құзырлы органдарға “Біз әлем жаңалықтарымен неге Ресей ақпарат көздері арқылы танысамыз, ақпараттық тәуелсіздігіміз қайда” деген мағынада сауалдар тасталды. Қоғам бұл мәселені қозғауға өздерінің танымымен, уақыттың сұранысымен келді. Әрине, кез-келген мәселе шешімін бірден таппайды. Сондықтан көтерілген жайтты жиі-жиі қозғап отыру керек.
Сондай-ақ саясаттанушы Украина телеарналары дайындаған өнімнің сапасы мен көлемі Ресейдікіне дес бермейтінін, бәсекеге қабілеті екенін айта келіп, бұл жағынан мәселе жоқтығын айтады.
Сондықтан маман Украина телеарналары өнімінің еліміздегі тұтынысында қандай да бір кедергі бар деп санамайды.
– Біздің өркениетті елдер қатарына қосылуға бет бұрған ел екеніміздің дәлелінің бірі ретінде ақпараттық тәуелсіздігімізді қамтамасыз етуіміз керек. Тек Украина емес, көршілес жатқан барлық елдердің, мысалы Өзбекстанның, Қырғыз Республикасының ақпарат өнімдерін тұтынуға қабілетті болуымыз керек. Ол біздің өсуімізге ықпал етпесе, кері тартпасы анық, – дейді саясаттанушы.
Балтық жағалауы елдері жыл басында Еуропалық одақ комиссиясынан мағынасы майысқан ақпараттарды шектейтін тетік құруды өтініп, сауал жолдағанын ескерте кетелік. Олар ЕО Парламентіне өз бетімен елде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмай отырғандарын, ақпарат майданы қатты қызып тұрғанын айтып шағымданған.
Ал жуырда, атап айтқанда, 11-мамырда АҚШ Конгресіне “Ресей және Қытай үгіт-насихатымен күресетін” мемлекеттік орталық ашу туралы заң жобасы ұсынылған болатын.
Заң жобасын ұсынушы – АҚШ-тың конгрессмен-республикашысы Адам Кинцингер:
“Олар (Ресей), мәселен, Украина сынды елдерде АҚШ-тың мүддесін таптап жатыр, тұрақсыздықтың жалғасуы үшін де осылай етеді. Ресей мен Қытай гибридті әскери майдандарға қатысуда, сондықтан АҚШ-тың мұндай шетелдік алаяқтыққа еркін де шынайы ақпарат тарату арқылы соққы беруіне үлкен мүмкіндік бар. Бұл болашақта көптеген жердегі шиеленістерді шешіп, тұрақтылықтың да кепілі болуы әбден мүмкін” деген еді.