Түркістан облысы Түркістан қалалық мамандандырылған ауданаралық соты ит таластыру кезінде танысын шолақ мылтықпен атып өлтірген 30 жастағы Некрасов мектебінің мұғалімін екі айға қамауға алу туралы санкция шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Әбдуәлі Қосмұратовтың айтуынша, оқиға Түркістан қаласында жеке тұрғын үйлердің бірінде болған.
Бір-бірімен таныс тоғыз жігіт ит таластырған. Күдіктінің иті жеңіліп қалған соң ол 29 жастағы танысымен ерегісіп қалған.
Күдіктінің үстінен қылмыстық кодекстің 99-бабы “Адам өлтіру” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот екі айға қамауға алу туралы санкция берді.