Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
23
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Түрік актеріне таласқан қазақ қыздары бір-бірін таптап кете жаздады (фото, видео)

“Ертұғрыл” телехикаясы Түркияда ғана емес, Қазақстанда да аса танымал. Актерлермен кездесуге еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін келді десек артық айтпаспыз.

“Бұл телехикая жалпы түркі халықтарының тарихы туралы болғандықтан Қазақстанда аса танымал деп есептеймін. Осы себепті осы сериалды бүкіл түркі халықтарды жақсы көреді”, — деді кездесуде Женгиз Жошкун.

“Ортақ қан, ортақ рухымыз бар”, — деді өз кезегінде Нұреттин Сонмез.

Бұл тарихи телехикая болғандықтан, кинода ұрыс, шайқас көріністері көп. Актерлер жауынгерлік өнерін мейлінше паш етеді. “Ал өмірде осындай өнерлеріңіз бар ма?” деп сұрады актерлерден кездесуге келгендердің бірі.

“Мұндай өнеріміз бар. Осы жылдар ішінде жақсы тәжірибе жинадық. Сыртта күресіп-төбелесуге ешқандай мүмкіндік қалмайды, өйткені бүкіл күш-қуатымызды осы сериалдағы шайқастарға жұмсаймыз. Соғыс сахнасынан кейін бес-он минут адреналиннен арыла алмай, сәл дірілдеп тұрамыз”, — дейді Нұреттин Сонмез.

Кездесуде балалар да, ата-әжелеріміз де белсенді болды. Қариялардың бірі Сонмезден қашан үйленетінін, телехикаяда ойнайтын қыздардың біріне неге сөз салмайтынын сұрады. Бұл сұраққа күліп алған Жошкун “досымызды үйлендіре алмай әлекпіз” деп ағынан жарылды.

Бұдан бөлек, актерлер “Ертұғрылдың” төртінші маусымы болатынын, әзірге басқа телехикаяларға түсіп жатпағанын айтты. Олар уақыт тығыз болғандықтан, Астананы аралап үлгермеген. Бірақ келесі жолы міндетті түрде Қазақстанның елордасымен жақынырақ танысуға уәде етті.

Актерлер фанаттарымен әңгімелесіп, сұрақтарына жауап беріп болған соң қолтаңба таратуға кірісті. Бірақ сәлден кейін

жүргізушілер “мәдениеттілігімізді көрсетейік” деп жұртты тәртіпке шақырып, ұйымдастырушылар күзет алдыртуға мәжбүр болды. Өйткені сүйікті актерлерімен суретке түсіп, қолтаңбасын алуға асыққан қалың қауым жапа-тармағай ұмтылып, бірін-бірі таптап кете жаздады.

Бір жағынан, мұндай жағдайдың туындауына кездесудің дұрыс ұйымдастырылмағаны себеп болды. Ұйымдастырушылар халық көп келеді деп күтпесе керек. Кездесу корей актері келген кездегідей емін-еркін даладағы сахнада емес, түрік павильонының ішінде, тар жерде өтті.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз