Еліміздің денсаулық сақтау министрі азаматтарды күніне 20-30 рет “жедел жәрдем” шақырмай, емханаларда тексеріліп, емделуге шақырды.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «жедел жәрдем» көрсететін қызметтердің ішінен шақырылым санаттарының бірін неге алғанын түсіндірді.
Әңгіме шақырылымның төртінші санаты туралы болып отыр. Егер «созылмалы сырқаттың қабынуы немесе жіті аурудың асқынуы салдарынан пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жүйелер мен ағзалар қызметінің бұзылуы болмаған жағдайда», делінген санаттағы науқастарға қызмет көрсету, яғни, оларды емдеу жергілікті емханалардың қарауына беріледі.
“Қазақстанда “жедел жәрдем” көмегіне жүгіну дамыған елдердегіден 10 есе асып түседі. Мәселен,
егде жастағы адамдар қарапайым қан қысымын қалпына келтіру үшін күніне 20-30 рет «жедел жәрдемді» шақыртады.
Бұл адам өміріне қауіп төндіретін дерт емес. Соның салдарынан, төтенше жағдайларға тап болған адамдарға көмекке келуге дайын болудың орнына, дәрігер қарттардың қан қысымын өлшеумен айналысады. Жедел жәрдем қызметі ол үшін құрылған жоқ “, – деді Елжан Біртанов ҚР Үкіметі мәжілісінің үзілісінде.
Ол артериалдық гипертензияны тұрғылықты жері бойынша қызмет көрсететін дәрігерде емдеуге болатынын мәлімдеді. Егер науқас қарттар дер кезінде дәрі-дәрмегін қабылдап, дәрігер белгілеген ем-дом тәртібін бұзбаса, қан қысымының бұзылуын 60 процентке төмендетуге болады, – деді жағдайды түсіндірген министр.
Ал осы қызметті көрсету міндетіне өткен емхана дәрігерлері осы санаттағы науқастарды емханада қабылдайды немесе қажетті көмекті олардың үйіне барып көрсетеді. Министр қазірдің өзінде адамдардың өз бетімен емханаларға келіп, дәрігерлердің көмегіне жүгініп жатқаннын алға тартты.
“Емханаға жаяу бару – қалыпты нәрсе. Таңертең ұйқыдан тұрғаннан кейін, аяңдап, емханаға барыңыз, өз дәрігеріңізге қаралып, қажет болса, тиісті ем-домыңызды алыңыз. Дәрігердің қабылдауына онлайн немесе телефон арқылы жазылуға болады. Әрине, егер біз осы қалпымызбен отыра берсек, онда
«жедел жәрдемді» жылжымалы емханаға айналдырамыз, ал оның арты жақсылыққа апара қоймас,
– дейді сөзін сабақтаған министрлік басшысы.
Емханалар өз міндетіне салғырт қарап, науқастарға дұрыс қызмет көрсетпейтін болса, Елжан Біртанов Қоғамдық денсаулықты қорғау комитетіне шағымдануға кеңес берді. Ал егер емханалар шын мәнінде нашар жұмыс істейтін болса, іске денсаулық сақтау министрлігі араласатын болады.
Сонымен бірге, Елжан Біртанов қан қысымы тұрақсызданған кезде, тіпті, «артериалдық гипертензия» диагнозы қойылған науқастарға да «жедел жәрдем» көмегіне жүгінбеуге кеңес берді. Министрлік басшысының пікірі бойынша,
ондай адамдар күндіз болса да, түнде болса да өздерінің емдеуші дәрігеріне телефон шалуға тиіс.
“Дәрігер түнде науқасқа бару үшін, біз тиісті бұйрық шығарып, оның орындалуын емханалардың басшыларына жүктедік. Біз емханаларға осы мақсатқа қажетті қаржы бөлдік, енді олар науқастарға өз машиналарын жібере алады. Емханалар өз учаскесіне тәулік бойы қызмет көрсетуі тиіс, оларды осы міндетті орындаудан ешкім босатқан жоқ.
Қалада да, ауылда да барлық емханалардың өз бюджеті бар, олардың кезекші дәрігерлері, кезекші машиналары бар, соларды пайдаланаңыздар.
Жалпы, шектен шыққан ештеңе жоқ, тек адамдар өз денсаулығын, ауруларын жүйелі түрде бақылауды үйренуі керек.
Қайталап айтамын: егер сырқат асқынып, сіздің денсаулығыңызға тікелей қауіп төндіретін болса, «жедел жәрдем» міндетті түрде көмекке келеді. Алайда көп жағдайда алғашқы көмек көрсету емханалардың міндеті болмақ, – деді сөзін тәмәмдаған министр.
Сәуір айында Елжан Біртанов еліміз бойынша жыл сайын «жедел жәрдем» қызметіне 8,5 миллионнан астам шақыру түсетінін айтқан еді. Міне, осыншама шақыруға уақытымен шығып, қажетті көмекті дер кезінде көрсету үшін, елімізде 20 мыңға жуық маман «жедел жәрдем» қызметінде еңбек ететінін жеткізген-ді.