Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
9
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Тыйым салу керек пе? Сарапшылар Қазақстандағы ресейлік БАҚ-тың ықпалы туралы

906

Ресейлік БАҚ қазір Кремльдің Украинадағы соғыстағы ұстанымын белсенді түрде насихаттауда. Логикалық сұрақ туындайды: бәлкім Қазақстан ресейлік телеарналардан бас тартуы керек шығар? Бұл туралы біз сарапшылармен сөйлесіп көруді жөн көрдік.

Осылай қалыптасты

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, ресейлік телеарналардың хабар таратуын тоқтату техникалық тұрғыдан оңай. Бірақ одан соң көрсететін ештеңе болмайды, өйткені өз арналарымыздың деңгейі өте төмен.

— Бізде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бар, бірақ одан не пайда? Сондықтан мен жергілікті арналарды мүлдем көрмеймін. Сапалы контент жоқ — телешоулар мен ойын-сауық бағдарламалары да әлсіз

Мен орыс телеарналарында бәрі керемет демеймін, бірақ бәрі салыстырмалы түрде айқын. Қазақстандықтардың жалпы орыс тілді кеңістікте екені жасырын емес. Тіпті біздің қазақ тілді отандастарымыз ақпараттың белгілі бір бөлігін орыс тілді дереккөздерден алады. Мұндай жағдай Қырғызстан мен Өзбекстанда да орын алған.

Алайда Әзірбайжанда басқаша: олардың тілі түрік тіліне өте ұқсас және олар түрік телеарналарынан ақпарат ала алады. Біз олай жасай алмаймыз. Біздің халқымыздың көп бөлігі ағылшын тіліндегі арналарды қосу үшін ағылшын тілін білмейді, мысалы, бір кездері Ұлыбританияның колониясы болған Үндістан сияқты. Онда халық ақпараттың едәуір бөлігін ағылшын тіліндегі көздерден алады. Сондықтан, біздің қазақстандық болмысымызға қайта орала отырып, мыналарды атап өткім келеді: саяси және ақпараттық компоненттерді шатастырмауымыз керек, — деп баса айтты ол.

Жағымсыз қадам

Тарихшы Асылбек Бисенбаев елдегі ресейлік хабар таратуды техникалық жағынан жабуға болады деп есептейді. Бірақ Қазақстанда көптеген мемлекетаралық шарттар, оның ішінде ТМД құру кезінде жасалған шарттар бар, оларға сәйкес оған кіретін елдерде бірыңғай ақпараттық кеңістік бар:

— Осы шарттар бойынша біздің міндеттемелеріміз бар. Бұл мәселені заңды түрде дұрыс шешу үшін біз бұл келісімшарттардың күшін жоюымыз керек. Немесе, кем дегенде, Ресеймен бірлесіп қол қойған тұстарынан шығу процедурасын жасауымыз керек. Бірақ бұл жағымсыз қадам болатынын түсіну керек.

Тыйым салудың орнына басқа шетелдік арналарды қосуға болады. Орыс тілді BBC қызметі, “Америка дауысы” мультимедиясы, “Настоящее время” телеарнасы бар. Олармен біздің телевизияда хабар тарату туралы шарттарға қол қоюға болады

Дегенмен оларды интернеттен де көре алады”, – дейді тарихшы.

Қазақстандық контент мәселесі

Бисенбаев, алдыңғы сарапшы сияқты, қазақстандық арналардағы контенттің сапасыздығын айтты.

— Біз ресейлік бағдарламаларға тыйым сала аламыз, бірақ содан соң көретін ештеңе болмайды. Себебі ресми мемлекеттік арналар мен басқа да отандық бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетсіз.

БАҚ-қа қысым бар, ал мемлекеттік органдар халыққа емес, үкіметке қызмет етеді. Біздің мемлекеттік саясатымыз арналарды бақылауға негізделген, ал оның негізгі міндеті — еркін бәсекелестік орта құру. Телеарналар президентті немесе үкіметті мадақтаумен айналыспай, ақпаратты жедел және сапалы түрде халыққа жеткізуі керек.

Ойын-сауық мазмұнына келетін болсақ, ол да нашар, өйткені қаражат ұрлау мәселесі бар. Мемлекет тек таңдаулыларға ғана ақша беретіндігінде де сыбайлас жемқорлық элементтері көрінеді. Менің білуімше, біздегі бірде-бір көркем фильм өзін ақтаған емес, себебі әрдайым таңдаулы бір адамдар түсіреді. Ол бір сәтсіз фильм түсіреді, оған келесісін түсіру үшін тағы ақша береді, солай жалғаса береді. Сапалы фильм түсіре алатындар, тіпті фестивальдарда жүлде ала алатын да режиссерлер бар, бірақ олар мемлекеттік қолдауға ие бола алмайды”, — дейді ол.

Ақпараттың қол жетімсіздігі

Тарихшының айтуынша, қазақстандық арналардың хабар тарату сапасы нашар. Телевизия ақпаратына қол жетімділік қала тұрғыны үшін де, шалғай жерде тұратын ауыл тұрғыны үшін де болуы керек.

— Есептерге сенетін болсақ, бізде халық жергілікті арналармен қамтылған. Бірақ шын мәнінде көптеген ауылдарда біздің ұлттық арналар көрсетпейді. Нәтижесінде адамдар спутниктік тарелкалар қояды, ал онда оларға бәрін көрсетеді, тек Қазақстандағы өмірді емес. Мен өзім қаладан тыс жерде тұрып, ұлттық арналарды көре алмай қиналамын, сапасы өте төмен. Теледидармен осындай жағдай болса, интернет туралы тіпті де үндемей-ақ қояйын.

Бүкіл ел бойынша мектептерде қашықтықтан оқыту енгізілген кезде, бала шөптің үстіне шығып, интернетке қосылуға тырысып жатқан фото “жүрді”. Мұндай жағдайда адам баламалы ақпарат көздерін көргісі келсе де, оған қол жеткізе алмайды.

Мен кеңес уақытын мақтағым келмейді, бірақ ол кезде Үкімет әрбір азаматқа ақпарат жеткізудің маңыздылығын түсінді. Мен таңертең пошта жәшігіне барып, жұмысқа барар алдында, таңғы ас кезінде бәрін оқып шығатын едім. Бүгінгі таңда тұтынушыға газеттер мен журналдарды жеткізу желісі, дүңгіршектер жоқ. Ал Қазпоштаның көптеген почтальондары ставканың үштен бір бөлігін алады, бұл шамамен 20 мың теңге, және бұл ақшаға белдігіндегі қалың сөмкесі бар бүкіл учаскені айналып өту керек.

Бірақ қазір тіпті кешегі газет ешкімге қажет емес — ақпарат тез ескіреді. Сонымен бірге, баспа БАҚ-ты әдетте егде жастағы адамдар оқиды. Тіпті шетелде ең керемет газет баспалары тек электронды форматты қалдырып, баспа нұсқасын жауып тастаған, бірақ кейін тұтынушылардың өтініші бойынша қайтадан ашты.

Менің айтпағым, бізде жеткізу желісі қалыпқа келмеген — ТВ-хабар тарату да, интернет те, газет те. Адамдар Қазақстанда өндіретін қолда бар ақпаратты да ала алмайды. Бүгін мен осы жағдайда ел халқының жартысы президент Тоқаевтың жаңа жолдауы туралы қалай білетініне алаңдаймын, – деп өкінішін білдірді Бисенбаев.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз