Қазақстанның барлық 16 өңірінің әкімдіктерінде цифрландыру кеңселері құрылып, оған әкім орынбасарлары жетекшілікке тағайындалды. Арнайы құрылған цифрландыру штабы жобаларды үйлестірумен айналысады және апта сайын Smart city жобасына мониторинг жүргізіліп отырады.
— Павлодар облысының білім беру саласында онлайн журнал мен күнделіктерді іске қосу арқылы оқушылардың оқу үлгерімі 3 процентке өсті. Шығыс Қазақстан облысында аудан орталықтарынан тыс орналасқан 67 дәрігерлік амбулаторияларды және фельдшерлік-акушерлік орындарды интернет желісіне қосу арқылы халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің үлесі 93 процентке артты, – деп атап өтті Дәурен Абаев Үкіметтің кезекті отырысында.
Батыс Қазақстан облысында алғашқы медициналық көмек көрсетуге кететін уақыт қысқарды.
Атап айтқанда, жедел жәрдемді басқару жүйелері енгізілді.
Ал смарт технологияларды енгізу аясында Астана көше жарығына қызмет көрсету шығындарын 30 процентке дейін, энергия қорларын – 60 процентке дейін төмендеткен. Жүйенің өзі электр энергиясын қажеттілігіне байланысты автоматты түрде берілуін реттейді.
Шымкент қаласында жол-көлік оқиғаларын, фото-бейне түсіру жүйесін енгізу арқылы жол жүру ережелерін бұзу жағдайлары 17 процентке азайған.
Ал Алматы облысындағы Қорғас бекетінде адамның келбетін тану жүйесіне алғаш сынақ жүргізгенде, іздеу шараларына жұмсалатын уақыт 15 процентке дейін азаяды деп болжанған.
«Өңірлердің барлығы ақылды қала жасауға негіз болатын сервистерді жасауда кең ауқымды жұмыс жасап жатыр. Мектептердің 87 процентіне интернет қолжетімді. Қала мен ауыл оқушылары арасындағы білім алшақтығы шамамен 30 процентке төмендеді. Мемлекеттік қызметтер оңтайландырылды және автоматтандырылды. Электронды медициналық картаны қолдану және қағаз нұсқасынан бас тарту аясында медициналық карталарды жоғалту факторы толық жойылды»,
– деп өз сөзін толықтырды Дәурен Абаев.