Павлодар қалалық №2 қылмыстық сотта апалы-сіңлілі оқушыларды қағып кеткен 30 жастағы трамвай жүргізушісіне қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.
Айта кетейік, сот отырысы қысқарған тәртіпте өтуде. Себебі, күдікті өз кінәсін мойындаған. Алғашқы сот отырысында осы іске қатысты жаңа мәліметтер анықталды. Айыпталушы ескі трамвайлардың спидометрлері жұмыс істемейтінін айтты.
«Мен трамвайдың жылдамдығын анықтай аламын. Себебі, еңбек тәжірибем бар. Дегенмен, бұл мәселе бұрын-соңды көтерілмеген. Бұған дейін трамвай жолдарында бөлу қоршаулары болмаған. Сол кезде алдымыздағы көрініс анық болатын. Қазір қоршаудан төмен жерде не болып жатқанын көрмейміз», – дейді айыпталушы.
«Сотқа Шынар Уәлитова келе алмады, себебі Екібастұзда екі баламен тұрады. Үйінен шыға алмады», – деп түсіндірді адвокат Гүлнәр Қажиева.
Мемлекеттік айыптаушы Айна Тоқтарова айыпталушының жалған сөйлегенін айтты. Нақтырақ айтқанда, ол полицияға сағатына 25-30 шақырым жылдамдықпен жүргенін айтса, сотта қиылысқа жеткенде жылдамдығын 20-23 шақырымға азайтқанын айтқан.
«Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес ол ауа райын ескеріп, жол қауіпсіздігін ескеру керек. Оған қоса оның алдында реттелмейтін жүргінші жолы болды. Бейнежазбаны қарап шыққанымда айыпталушының төмен жылдамдықпен өтіп бара жатқанын көрмедім», – дейді Айна Тоқтарова.
Сала мамандарының айтуынша, трамвайдың жылдамдығы сағатына 40 шақырымнан аспау керек, асса, көлік рельстен шығып кетеді.
Келесі сот отырысы 30 қараша күні өтеді. Осы уақытқа дейін айыптаушы тарап моральдық шығын талап ету бойынша шешім қабылдауы мүмкін.
Еске сала кетсек, осы жылдың 7 қыркүйегінде таңғы сағат 7:43-те Ломов-Катаев көшелерінің қиылысында екі оқушыны трамвай басып кеткен еді. Салдарынан 12 жастағы Махаббат Масғұт жарақат алып, көз жұмды.