Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
11
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Төрт әйелім бар, бәрі бақытты

111

 

Жалпы, жылқы малы қысы-жазы жайылымда болады. Оны арнайы бағудың, ол үшін шөп шабудың, қора салудың қажеті шамалы. Тек екі аяқты һәм төрт аяқты қасқырдан қорысаңыз болғаны. Қалған шаруаны әр үйірдің айғыры өзі «шешеді».

 

Мен жеке шаруақожалығын құрған кезде 500 жылқы болған еді. Қазір малымның саны 4 300 басқа жетті. Жиырма шақты жылдың ішінде еңбектеніп жүріп, осындай байлыққа ие болдым. Менімен бірге осы істі бастаған азаматтардың бәрі бөлек кетті. Оларда дәл осындай мыңдаған жылқы болмағанымен, ешқайсысы көштен қалып жатқан жоқ. Бүгінде «мен-мен» деген байлардың сапында.

 

Астапыраллла! Әйелдерімді айтам деп отырып, байлығыммен мақтанып кеттіппін ғой. Сонымен, аяқасты қалтам қоңдана бастаған тұста менің өмірімде ерекше оқиға болды. Бір қызға ессіз-түссіз ғашық болып қалдым. Өзіміздің көрші ауылдың қызы екен. Соншалықты сұлу еді… Күні-түні соны ойлаймын деп үйдегі әйелім мен екі баламды ұмыта бастадым. Ақыры бір шешімге келу керек болды, Алла кешірсін, мен сол қызды таңдадым. Таңдадым да ақшама сеніп, қызды ұрлап Алматыға әкеттім. Ол да, менің бірінші жарым Әсем де мұны күтпеген еді.

 

Ол кезде қоңды малдарды күзде ғана сатушы едім. Бір жылдық керек-жарақты түгел сатып алып, келер жылға дейін қамсыз жататынмын. Тоқал алып, (екінші әйелімнің аты Маржан) қалаға кеткен соң, бұл қағида бұзылды. Бар болғаны екі-ақ айдың ішінде бір жылға жететін қаржыны жоқ қылдым.

 

Тағы мал сату керек. Ауылға келсем, Әсемім түк болмаған секілді күтіп алды. Асты-үстіме түсіп, зыр жүгіріп жүр. Дәп бір менің екі айдан бері қайда кеткенімді білмейтін адам секілді. Жоқ, Әсем бәрін білетін еді. Ол екі баламды жетім қалдырмаудың жолын дұрыс тапты. Менен теріс айналған жоқ. Екеуміз ерлі-зайыпты болып, бірге өмір сүре береміз деп шештік. Ауызша келісімге де келдік, бәйбішемнің қасында бір ай, тоқалдың қасында бір ай боламын деп сөз бердім.

 

Бұған Маржан да қарсылық танытқан жоқ. Себебі, оның аяғы ауыр еді… Құдай берем десе, оңай екен, Тоқалым уақыты жетіп ұл босанды, оның артынша, үш ай өтпей жатып, бәйбішем де бір қыз сыйлады. Бұрын екі ұлым бар еді. Аяқ астынан 3 ұл, бір қыздың әкесіне айналып шыға келдім.

 

Осылай екі әйелмен тура 11 жыл уақыт өткіздім. Әсем осы уақыт арасында тағы 2 қыз, 1 ұл туып берді… Ал, Маржан болса 1 ұл, 3 қыз туды…

 

Ұлдың саны 5, қыздың саны 6-ау болды! Мен бақытты әке едім.

 

Балалардың алды мектеп бітіретін жасқа келді. Құдайдың қалауымен 40 жастан асқан соң, басымды сәждеге тигіздім. Алланың ақ жолына түсіп, намаз оқи бастадым. Жалпы, дінде жағдайың кеп тұрса, төрт әйел алуға рұқсат екенін білдім. «Үшінші әйел алсам қалай болады?» деп Әсеммен ақылдастым. Маржанмен де сөйлестім. Екеуі де қарсы емес. Сосын діндегі бауырларыма айтып едім, бұрын күйеуден шыққан баласы жоқ бір келіншекпен таныстырды. Әп-әдемі, иманды қыз екен. Некемізді қиып, оны да адал жарым еттім. Аты – Айша! Айша да қарап қалмады, отасқалы төрт жыл болды, осы төрт жылдың ішінде екі ұл туып берді. Құдай қаласа, тағы 3-4-еуін тауып берем деп жүр.

 

Осыдан дәл бір ай бұрын, тағы бір мұсылман бауырым хабарласты. Балдызын бір жігіт екіқабат етіп, тастап кетіпті. Енді сол қызды жағдайы бар, жылатпайтын бір мұсылман азаматқа әйелдікке бермекші екен. Бұл күнде менің үш әйелім де ислам жолына түскен. Олардың қарсы болмайтынын білсем де, алдарынан өтіп ризашылығын алдым.

 

Ең кіші тоқалым 18 жаста… Аты Жәнел… Алла-Тағаланың алдында сөз берем, оның ішіндегі бөпені өзімнің балаларымнан кем қылып өсірмеймін.

 

Қазір төрт әйеліммен бір үйде тұрып жатырмын. Мені қуантатыны олар әпкелі-сіңілі адамдар секілді. Бір-бірін сыйлайды. Мұның бәрін неге айтып отырмын. Қолында қаржысы бар адам көп әйел алудан қорықпау керек. Жуырда Дарын Мубаров бауырымның бір сұхбатын оқыдым. Ол кісіге Алла разы болсын, қанша әйелі, қанша баласы бар екенін жасырмай айтыпты. Осы оқиғадан кейін мен де өз өмірімді үлгі етіп, «Алаш айнасына» хат жаздым. Артық-кем кеткен жерлерім болса, кешірерсіздер!

 

Дәурен Сәтұлы, Семей қаласы 

alashainasy.kz

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз