Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
11
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Өтірік айтпа, оқушы сөмкесі 2 келіден аспайды”. Сағадиев жауап берді (видео)

255

ҚР Білім және ғылым министрлігі Салтанат Тәжиеваның сауалына жақын арада Facebook әлеуметтік желісі арқылы жауап қатамыз деген.  Уәдеге сәйкес, әлеуметтік желіде ҚР білім және ғылым министрлігі атынан сөз алған – бастауыш мектебінің ұстазы, оқу бағдарламаларын әзірлеуші Қаламқас Байтенованың түсініктемесі жарияланды.

Әрине, ол кісі Салтанат Тәжиеваның дәйектерін бүтіндей жоққа шығарады. Одан басқа не күтуге болар еді?.. Дегенмен қоғам реакциясына жауап берілді. Қоғам талап ету міндетін түйсінді. Үкімет те бәріне сұрау барын анық аңғарып, жан-жағын зерттеуге мәжбүр қалыпқа түсе бастады. Бұл қазақ қоғамы үшін үлкен деп айтпасақ да айтарлықтай серпіліс!..

Енді министрлік дәйегін сөзбе-сөз келтіре кетелік…

– Бүгінде бастауыш мектепте баланы жазу мен оқуға ғана емес, білуге құмарлығын шыңдап, сыни ойлай білу машығын, функциялық сауат негіздерін жетілдіру маңызды. Сондықтан білім берудің жаңартылған бағдарламалары уақыттың талабына, оқушылардың оқу жетістігін бағалаудың жаңа әдістеріне және балалардың жас ерекшеліктеріне лайықталып құрастырылған. Әдетте “Физика”, “Химия”, “Биология”, “География” оқушылардың қабылдауына қиын пән болып саналады. Сондықтан бастауыш мектепте әлемнің ғылыми түсінігін, күрделі терминдерді қабылдауға дайындығын қалыптастыру үшін “Жаратылыстану” пәні енгізілген.

Бағдарлама “қайтпалы” әдістің негізінде құрылған, бұл әдіс білім мен машықты жастайынан бірте-бірте тереңдетіп, кеңейте түсу арқылы игеруді білдіреді.

1-сынып оқушылары ғылым әлемімен ойын мен қызықты зерттеулер арқылы танысады. Ата-аналардың видеожолдауда келтіріп отырған үш сұрақтың негізінде мысалды қарастырып көрейік. Мәселен, 1-сыныпта оқитындар үшін “қозғалыс траекториясы” деген термин күрделі болып есептеледі. Бұл термин қарапайым эксперимент арқылы оқытылады: ойыншық машина мен металл құмның үстінде қозғалыс кезінде қандай із қалдырады? Бұл із қозғалыстың траекториясы болып саналады. Осылайша, оқушылар траектория жайлы түсінік алады, ал оны орта мектепте тереңдетіп оқи бастайды.

“Гүлдерге қалай қарау керек” (“Жаратылыстану” оқулығы, 1-сынып, 19-бет) деген тақырыптың аясында өсімдіктерге қараудың қарапайым машықтарын үйрету қарастырылған. Балалар өсімдіктің өсуі үшін оның топырағына нәрлі заттардың қажет екені туралы алғашқы түсінік алады. Жасалған қарапайым эксперименттер балалардың бойында алғашқы зерттеу машығын, өзіндік ойлауын, бақылауын дамытады. Оқулықтардағы барлық жаттығу сабақта отырып орындауға берілген. Мұндай тәжірибелерді дұрыс ұйымдастыру үшін мұғалімге оқулыққа арналған әдістемеде түсіндірме берілген.

Ал мектеп оқушысының рюкзагына келсек, ҚР БҒМ мәліметінше, типтік оқу жоспарына сәйкес бірінші сыныпта бес күндік оқу апталығы енгізілген, күніне 4-5-тен аспайтын сабақ өткізіледі. Ереже бойынша, бесінші сабақтар – дене шынықтыру, көркем жазу, еңбек және ән-күй.

“Санитарлық нормалар бойынша, бірінші сынып оқушыларының оқулығы 300-400 граммнан аспайды (мәселен, “Жаратылыстану” оқулығының салмағы – 270 грамм, ал оған арналған дәптердің салмағы -200 грамм, “Дүниетану” оқулығы – 300 грамм, дәптері – 196 грамм, “Математика” оқулығы – 400 грамм, математика бойынша дәптер – 300 грамм). Осылайша, бір күнге арналған төрт оқулық пен жұмыс дәптерлерінің салмағы екі келіге жетпейді”

делінеді жауап видеоүндеуде.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз