Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
11
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Тіл – халықтың басты байлығының бірі, тәуелсіздігіміздің айғағы

Тіл – халықтың басты байлығының бірі, тәуелсіздігіміздің айғағы. Тілдің биік мәртебесі – елдің мәртебесі. «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» деп ақын, ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, тілдің сақталуы – ұлттың сақталуы. Сондықтан тәуелсіздік алғаннан бері тіл мәселесі елді әрқашан алаңдатты.
Ана тілімізді дамытуға, сақтауға, насихаттауға қатысты бірқатар ауқымды іс-шаралар әлі күнге дейін жүргізіліп келеді. Соның бірі – Қазақстанда қазір тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Өткен онжылдықта тағы осы сынды бағдарламалар жүзеге асырылған.

Осы мәселе бойынша «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәртебесінің мәселелері» тақырыбында онлайн режимде өткізілген республикалық форумда алғашқылардың бірі болып сөз алған Жанарбек Әшімжан:

«Тіл үшін күрес мәңгілік күрес. Тәуелсіздіктің таңын жақындатқан Алаш арыстары да тілдің жайын толғанып өтті. Одан бері кезең-кезеңімен заңдар қабылданып та жатыр. Өкінішке орай, мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы бұл мәселе әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Тіпті үкімет басындағылардың қазақ тілінде сөйлеу деңгейіне қатысты көңіл толмаушылықтар болып жатыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұстанған саясатына баршамыз куә болдық. Сан тарапты таразы басына тең қоя отырып, тіл мәселесін бір кезеңдерде қатты, енді бірінде тәтті қылып та айтып, жеткізді. Ұлтымыздың мойнына жауапкершілік жүктеп тұрып та айтты. «Неге бір-біріңмен қазақша сөйлеспейсіңдер?» деген де кездер болды. Расында, тіл мәселесін болашақ ұрпаққа қалдырмауға тиіспіз. Тіл мәселесіне бейжай қарауға болмайды»,- деді.

Келесі кезекте сөз алған Оразкүл Асанғазықызы да осы пікірге қосылып, ана тілінің мәртебесі қашан да биік болуы керектігін баса айтты.

«Жастарға түйткілдің түйінін тарқатуды бір-біріңмен қазақша амандасудан бастаңдаршы деген өтінішім бар. «Рухымызды жаңғыртамыз!» деп жүрміз. Бір-бірімізбен өзге тілде шүлдірлеп сөйлесуді жалғастыра берер болсақ, рухсыз халыққа айналғанымыз»,- деді О.Асанғазықызы.

Тілдер комитетінің төрағасы Әділбек Қаба өз сөзінде атқарылған жұмыстардың жай-жапсарына шолу жасап өтті.

«Шынында да, сөзден гөрі іске көшетін кезеңге келдік. Көше-көшеде ілулі тұрған жарнамадағы қателерден көз сүрінеді. Осыған байланысты заң мәжілісте қаралып жатыр. Осы төңіректе мені қынжылтатын дүние – өзге тілде сөйлеуге құмар болып жүрген өзіміздің қазақтар екендігі. 19 миллионға жеткен болсақ, соның 70-80%-ы қазақтар емес пе? Ендеше, ана тіліміздің халі неге әлі мүшкіл күйде?» деді Әділбек Қаба.

Б.Жағыпарұлы болса, «Өзгеге жалтақтайтын уақыттан кеттік. Тілді дамытуды отбасынан бастап, осы мәселені шешуге күшімізді жұмсайық. Бір-біріміздің тегімізді қазақша атайық» деген пікірін білдірді.

Мақала Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” коммерциялық емес акционерлік қоғамының “Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру” мемлекеттік гранты аясында “Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің қолдауымен “Тіл-халық рухы” іс шара жоспарына сәйкес әзірленді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз