ҚР Ішкі істер министрлігінде министр Қалмұханбет Қасымовтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтті.
Оған министрліктің басшылық құрамы, ішкі істер органдары қызметкерлері мен ардагерлері, сонымен бірге Қазақстан полициясының қалыптасуы жылдарында ІІМ-нің бірінші басшысы және олардың орынбасарлары қызметін атқарған тұлғалар қатысты деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Бүгінде қазақстандық полиция тарихы батырлық пен ерлікке бай. Соның айқын бір дәлелі – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан күні-бүгінге дейін ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның 1246 қызметкері мемлекеттік наградаға ие болды. Оның 108-іне бұл марапат қаза тапқаннан кейін берілді. Полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа қаза тапқаннан кейін «Халық қаһарманы» атағы берілсе, полковник Қайрат Үмбетов бұл атаққа жасындай ерлігімен қол жеткізіп, кейінгілерге шынайы патриотизмнің үлгісін көрсетіп келеді. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында 946 полицей қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапты, 2353 қызметкер жараланды.
Салтанатты іс-шарада Қалмұханбет Қасымов Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ішкі істер министрлігін басқарған Қайырбек Сүлейменов, Болат Ысқақов және бұрынғы министрдің орынбасарлары Василий Симачев, Иван Отто, Николай Власов, Қожамұрат Өскембаевты арнайы марапаттап, жас мемлекеттің іргесін нығайтуға қосқан өлшеусіз үлестері үшін алғыс білдірді.
Олардың барлығы да Елбасының Жарлығы бойынша «Құрмет» орденімен, ІІО-ның ардагері Кемел Жұмашев «Парасат» орденімен наградталды.
Сондай-ақ, әскери және қызметтік міндеттерін адал орындап жүрген, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қорғаудағы ерлігі мен қайсарлығы үшін ішкі істер органдарының қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен ардагерлері марапатталды. Оларға Елбасының арнайы Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, І-дәрежелі «Даңқ» ордені және «Ерлігі үшін» медалдары табыс етілді.
Ведомстволық наградалар және грамоталарға ішкі істер органдарының 828 қызметкері ие болды.
Іс-шараның соңы ІІМ Мәдениет орталығы әншілері мен Ұлттық ұланның ән-би ансамблі дайындаған мерекелік концертке ұласты.