Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
6
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Тәжин саяси менеджменттің шамасы жетпеген хаостың алдын алуы керек – саясаттанушы

 

Марат Тәжин – істі түлкі бүлкекпен бастап, ақырын қасқыр әлпетпен аяқтайтын шебер әрі әккі саясаткер. Саясаттағы осындай салмақты тұлғаның елге оралуы нені білдіреді?

Кaz.365info.kz медиа-порталы бұл сауалды саясаттанушыларға жолдады.

Тәжин келсе – іске

Дос Көшім

Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, Тәжиннің елге оралуын қоғам өте жақсы қабылдап жатыр. Өйткені Тәжин бірнеше жауапты орындардың тізгінін ұстаған кезде қоғамда ешқашан дүрбелең орын алған емес.

– Ол кісі жұмсақ саясат ұстанатын саяси менеджер ретінде танылды.

Аслан Мусин, Нұрлан Нығматулин секілді саясаткерлер ұстанатын бірден белден басатын қатаң саясат Тәжиннің табиғатына жат. Ол істі түлкі бүлкекпен бастап ақырын қасқыр әлпетпен аяқтайтын шебер әрі әккі саясаткер. Ым-жымын білдірмей, барлық тарапты разы қылып, мәселе шешетін ондай саясаткер бізде өте аз. Сондықтан да Тәжин Елбасыға бағалы. Мемлекет басшысы Тәжинді үнемі ел үшін жауапты әрі қиын күндері билікке алып келеді.

Мысалы, Еуропалық қауіпсіздік шарты ұйымына Қазақстан төрағалық ететін маңызды жауапты кезде Тәжинді сыртқы істер министрі етті. Тарихқа қатысты дау туғанда да осы мәселені шешуді Елбасы Тәжинге сеніп тапсырды. Қазақстан тарихын қайта қарау ісі соңына дейін жүзеге аспаса да бұл кезең Тәжиннің кез келген істі қиынсынбай мойнына алып, әрі өзін ашық ұстанатын саясаткер ретінде тағы бір дәлелдеп берді. Қалай дегенмен де оны елге қайтарып алуына қарағанда, қоғамда белгілі бір деңгейдегі қиындықтар туындаған.

Шынын айтқанда, қазір Қазақстан әлеуметтік, саяси, экономикалық, тіпті, ұлттық шиеленіс алдында тұр. Мұны растай аламыз. Жер мәселесі, үштілділік мәселесі, жүйедегі парақорлық мәселесі, кешегі уақытша тіркеу мәселесі, зейнетақы жинағы ақшасының желінуі мәселесі – мұның барлығы айналып келгенде, қазаққа тиіп, ұлттың шымбайына батады.

Саясаттанушы Тәжин міне, осы өзекті мәселелерді белгілі бір деңгейде оңтайландырып, ішкі саясатта „тазалық„ жүргізе алады деп сенеді.

– Тәжиннің келуі ішкі саясаттағы менеджерлердің бәсекелестігін күшейтеді. Бұл – өте жағымды құбылыс, – дейді Дос Көшім.

Тәжиннің елге оралуы – саяси және әлеуметтік жылымықтың бастауы

Ерлан Сайыров

Бұл ойларды белгілі бір деңгейде саясаттанушы Ерлан Сайыров та қолдайды. Оның айтуынша, соңғы 2 жыл ішінде Қазақстанның ішкі саясатында көптеген күрделі мәселелер қордаланып қалды.

Ал елдің саяси менеджменті Қазақстанның әлеуметтік-саяси процестеріне ие болмайтынын, қауқарсыздығын байқатып қойды.

– Жер мәселесі немесе кеше ғана қолға алған уақытша тіркеу мәселесі қоғамда әлеуметтік қозғалыстарды туғызып жатыр. Әлеуметтік желілерді, азаматтық қоғамды бақылап, реттейтін саяси институттар дұрыс жұмыс істей алмайтындығын көрсетті. Өйткені ол органдарда қоғамды түсінбейтін, олардың тілін таба алмайтын адамдар жұмыс істеп отыр. Бұл мәселелерді қалай шешуге болады? Қазір билік алдында осындай сауал тұр, – дейді ол.

Саясаттанушының пікірінше, міне, осы мәселе шешімі – Тәжиннің ҚР Президенті әкімшілігіне қызметке келуі.

– Өздеріңіз білесіздер, Тәжин – биліктегі салмақты интеллектуалдардың бірі. Сонымен қатар, ол саяси элитада либералды тұлға болып есептеледі. Менің ойымша, бұл Қазақстандағы саяси және әлеуметтік жылымықтың бастауы болуы мүмкін.

Ішкі саясаттың майын ішкен азаматтың елге оралуы – елімізде жоғарыда атап өткен қордаланған мәселелерді белгілі бір деңгейде еңсереді деген оптимистік пайымымыз бен үмітіміз бар.

Сондай-ақ Елбасы кеше билік тармақтарын бөлу жөнінде бұйрық беріп, шешімдер қабылдады. Елімізде бұрыннан күтіліп келе жатқан саяси кейбір реформалардың басталуы ықтимал. Бірақ оның орындалуы мен нәтиже беруі жағы әлі дүдамалдылық туғызуда. Мәселен, 2008 жылы, содан соң 2010 жылы саяси реформаларды жүзеге асыру жоспарланған, бірақ олардың барлығы іс жүзінде асқан жоқ. Билік тармақтарындағы Парламенттің рөлін күшейту туралы Елбасының мәселе көтеріп жүргеніне 1 жылдың жүзі болып қалды. Сондықтан осы бағытта бір қозғалыс болуы мүмкін. Алайда бұл қозғалыс азаматтық қоғам мен әлеуметтік желіде отырған азаматтар оған ат салысқанда ғана өз нәтижесін бере алады, – дейді Ерлан Сайыров.

Саясаттанушыны осы саяси реформаны жүзеге асыру үшін құрылған комиссия ішінде азаматтық қоғам өкілдерінің болмауы қатты толғандырады.

– Мені толғантатын бір жайт бар: кеше Президенттің жарлығында комиссия құрамына депутаттар мен министрлерді кіргізу туралы айтылады да, ал әлеуметтік желі мен азамат қоғам өкілдерін қатыстыру жағы қамтылмаған.

Демек, бұл реформа тағы да халықтан тыс, халықтың ойын елемей, шетелдің бір тәжірибесіне сүйену арқылы жасалмақ. Ондай реформаның нәтиже беруі екіталай.

Ал аудан, ауыл азаматтарының ойына дейін ескеріліп жасалса, ондай реформаның нәтижесінде Қазақстандағы әлеуметтік, саяси, экономикалық топтардың мүддесі толықтай қорғалып, ол жалпыхалықтық сипатқа ие болар еді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз