Түркістандағы жүйке аурулар мекемесіндегі науқастардың адам шошырлық суреттерін сол орталықтың дәрігері түсіріпті.
Еске сала кетелік, биыл қыркүйек айының соңында Түркістандағы психдиспансерге орналастырған баласының жағдайы нашарлап кеткенін, оны жөнді тамақтандырмайтынын, ондағы науқастардың жағдайы адам төзгісіз жағдайда екенін бір ата-ана баспасөзге айтып, сұқбат берген. Тіпті, ол аурухана науқастарының нашар хал-күйін айғақтайтын суреттер де интернетке жарияланып кеткен. Сол кезде вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов арнайы комиссия құрып, бұл жайттың мән-жайын анықтауды тапсырған болатын.
Мәдина Есімова, ОҚО басқарма бастығының орынбасары. Фото: Nur.kz
Міне, сол комиссия жұмысының алғашқы қорытындысы жария етілді. Оңтүстік Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Мәдина Есімова ҚР бас прокуратурасының тапсырмасымен жүргізілген кешенді тексерудің қорытындысымен бөлісті. Арнайы тексеру кезінде анықталған заң бұзушылықтар шаш- етектен.
– БАҚ беттерінде жария болған науқастардың үрей туғызған суреттері шындыққа жанаспайды, – дейді Есімова ханым.
Паллиативті бөлімнің, яғни, өлім аузында жатқан жандардың сүйектері қушиып, қорқынышты халге түсуі заңды. Аурухана ауласында қатқан нан теріп, жуынды жеп, тыр жалаңаш жүрген науқастардың жағдайы мүшкіл, деген ақпаратты тексеру комиссияның қорытындысы жоққа шығарған.
Тексеруді тек Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы құзырлы орган қызметкерлері жүргізген болып шықты. Жан түршіктірер суреттердің қасақана, біреудің ықпалымен ұйымдастырылғанын анықтадық, деп ақталған биліктегілер, енді жауаптыны тауып, жазасыз қалдырмаймыз, деп отыр.
Оның үстіне 17 жыл бойы орталықты жалғыз басқарып келген Бақыт Кәрімбаев мырзаның үстінен осы уақыт ішінде бір де бір шағым түспепті. Осы тексеруден кейін ғана азамат, жылы орнымен қош айтысуға мәжбүр болған. Онда да директормен жай ғана еңбек шарты бұзылған.
Ал арнайы тексеру кезінде анықталған заң бұзушылықтар шаш етектен.
Бес құзырлы орган тарапынан зерделеу-тексеру барысында анықталған кемшіліктер келесі:
– орталықтағы бір дәрігер психиатрдың біліктілігін арттыруға қатысты жалған құжатпен жұмыс істегені анықталып, қызметінен кеткен.
– дәрі-дәрмектердің сақталуы мен құжаттамалар жүргізудегі кемшіліктер анықталған.
– бір қызмет алушыға берілетін алаңның көлемі 5 шаршы метрден кем болмауын қамтамасыз ету үшін 34 адамға қосымша бөлмелер қарастырылған. Яғни, осыншама адам осы уақытқа дейін таршылықта тұрып келген деген сөз.
– паллиативтік бөлімшелерде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай талапқа сай болмай шыққан.
– дағдарыс палаталары да нормадан алшақ екені анықталып, ретке келтірілген.
– республикалық бюджет есебінен бөлінген 3,2 млн теңгеге жоспарға сәйкес жөндеу жұмыстары шұғыл түрде басталып кеткен.
– тексеру қорытындысы бойынша 17 қызметкерге әкімшілік және тәртіптік шара қолданылған. Біреуі жүмыстан босатылып, тағы бірі қызметінен төмендетілген.
Ең бастысы атышулы фотоларды түсірген дәрігер іздестірілуде. Басшылар алдағы уақытта оны да жаза күтіп тұрғанын жасырмайды.
Жалпы жүйке ауруынан зардап шеккен жандармен мұнда 400 адам жұмыс істейді екен. Орталықта 510 науқас ем алады. Түркістан қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы облыс бюджетінен қаржыландырылады. Жылына 518 миллион теңге бөлінетін емханадағы бір науқасқа күніне 2900 теңге белгіленген. Оның 900 теңгесі тек тамаққа қарастырылған.
Орталық ғимараты осыдан үш жыл бұрын күрделі жөндеу көрген екен. Тек биылғы жылдың өзінде үш рет тексеріліп, анау айтқандай кемшілік анықталмаған болып шықты. Алты қызметкерге тәртіптік шара қаралған.