Бүгін Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысында «Байсерке-Агро» агроөнеркәсіп холдингінің жетекшісі, Комиссия мүшесі Темірхан Досмұхамбетов шетел азаматтарына салған инвестициясы үлесіне қарай жерді жалға беруді ұсынды.
Оның сөзіне қарағанда, комиссияда жерді тиімді пайдаланбау проблемасын да талқылау керек. «Бүгінде біздің көптеген ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 500-600 мың гектарға дейін алғаны жасырын емес және жерді дұрыс пайдаланбай жатыр. Оларда техникалары мен мүмкіндіктері жоқ. Комиссия жерді дұрыс бөлуді қарастыруы тиіс», – деді ол.
Т. Досмұхамбетовтің айтуынша, бүгінде еліміздегі банктердің жұмысы көңіл көншітпейді.
«Біздің банктер берген несиесіне қарағанда кепілзатқа үш-төрт есе артық талап етеді. Осы ретте біз комиссиямен бірге талқылау жасауымыз керек»,-деді ол.