Иә, иә. Мынаған қарап, Sulpak — қазақ тіліне түкірген адамның дүкені екен демеске лаж жоқ. Оралда техникалық дүкенде қазақтың қыз-жігіттері өзінің ана тілін қорлайтын жейдені киюге мәжбүр. Қол астындағыларын осылайша басынып, ең бастысы – қызмет етіп жатқан елдің мемлекетік тілін қорлап, ашықтан ашық кеткен бассыз – аты дардай Сулпак дүкені екен.
„Орал. “Сулпак” дүкеніне барып едім. Қызыл жейделі қазақ қыз-жігіттері өріп жүр. Шамасы арнайы киімдері сол сияқты. Арқаларында “Техника жайлы мені сұра” деген жазу айқайлап тұр.
Бір-екеуін тоқтатып: “Қате сөз арқалап жүргендеріңді білесіңдер ме” деп сұрасам, “Иә, білеміз„ деп қарап тұр.
Олар бұл футболкалар арнайы Алматыдан əкелінген, сондықтан оны киіп жүруге міндеттіміз” дейді.
Ау, “Сулпактың” Алматыдағы бастығы, кім болсаң да, қателеріңді кері қайтарып алшы, сауда жасауға барған қазақтардың жынына тимей…„
деп жазады Дариға Мұштанова.
Демек, фирмалық жейделерінде қате барынан дүкен басшылығы хабардар. Бірақ, оны қайтадан түзетіп шығаруға олар ақшаларын қимайтын секілді. Немесе бұл жарнаманың бір түрі ме? Жарнамаға тапсырыс берсе, қыруар ақша кетер еді, ал мындай қара пиар – су тегін ғой…
Қалай дегенмен де жергілікті әкімдіктің тіл басқармасы бұл мәселені назардан тыс қалдырмауы керек деп санаймыз. Әкімшілік жауапкершілікке тартып, бұл оңбағандықты жүгендесін. Әйтпесе керегі қара пиар болса, онда біз де осы мәселені қаузап, артынан қалмай, үдете береміз.