Шыны керек, қазіргі Қазақстанның қарапайым халқы соттарға онша сенбейді. Бірақ қызық болғанда, «Эйр Астана» әуе компаниясын сотқа берген Оғыз Доған жеңіп кетіпті. Бұл туралы «Қазақ үні» ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.
Бүгін Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының шешімімен Оғыз Доған жеңіске жетіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғап шықты.
– Бұл менің емес, бүкіл қазақтың, қазақ тілінің жеңісі. Қазақ тілі – менің ана тілім. Біз баяғыдан жеңуіміз керек еді. Тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл болды. 26 жыл бұрын жеңіске жетуіміз керек еді, – депті Оғыз Доған.
Енді сот шешіміне сәйкес,
«Эйр Астана» компаниясы Оғыз Доғанның талабы бойынша мемлекеттік тілде қызмет көрсетпегені үшін қазақ халқынан кешірім сұрайды.
Сонымен қатар, олар Оғыз Доғанға моральдық өтемақы ретінде символикалық 1 теңге төлейтін болады.
Соттың осыған дейін өткен отырысында мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін тексеру үшін «Эйр Астана» бортсеріктерін отырысқа шақыртқан сот төрешісі Айгүл Тұрсынқызы Тұрсағұлованың өзі де: «Мына «Эйр Астана» борт серіктерінің біреуі де қазақша сөйлемейді ғой», деп таң қалғаны туралы жазылған еді. Сот төрешісінің әділ шешіміне бар қазақтың алғысы шексіз деп ойлаймыз.
Еске сала кетейік, журналист Оғыз Доған мемлекеттік тілде қызмет көрсетпегені үшін «Эйр Астана» әуе компаниясын сотқа берген еді.