Мұнай дәуірі бітпепті. Халықаралық нарықта “қара алтынның” бұрынғы қымбат бағасы қайтып келеді. Ал осыған дейін мұнайдың бағасын қасақана қолдан күштеп түсіріп келіпті. Енді оны күштеп ұстауға әл жоқ көрінеді.
Әрине, мұнай қымбаттаса Қазақстанға жақсы. Отандық халықаралық экономика саласының мамандары kaz.365info.kz сайтына осындай болжамдарымен бөлісті.
– Мұнай бағасы қолдан түскен. Ресейді жазалау үшін солай етті. Мақсаттарына жетті. Ресей экономикасы құлдырады. Бірақ мұнай өндірушілер қашанға дейін ұтыла береді. Ақыры мұнайды ақырындап жіберген секілді.
Ал мұнай бағасына салынған “ноқта” алынатын болса, бір баррелдің құны 100 доллардан да асып түседі деп ойлаймын.
Себебі мұнай – табиғи байлық. Ол түгесілмесе, азамайса – көбеймейді. Мұны бәрі біледі, – дейді халықаралық экономика сарапшысы Алғатбек Қыдырбекұлы.
Ал бұл Ресейге салынатын санкцияның ақырындап жұмсарып жатқанын білдіре ме, деген сауалға маман жауабы былай болды:
– Жоқ, олай деуге мүлде болмайды. Жазалаудың мұнайдан басқа да түрлері бар. Мысалы, соңғысында олар қаржы нарығына шүйлігіп жатыр. Басқа да түрлі шектеулер бар дегендей…, – дейді ол.
Саясаттанушы Кеңес Сманов мұнай бағасының қымбаттауына АҚШ-тағы тақтатас мұнайының өндірісі емес, геосаяси жағдай себеп дейді. Оның айтуынша, инвесторларды үркітіп жатқан ядролық соғыстың ықтималдылығы көрінеді.
– АҚШ мұнайды сатып алушыдан сатушыға айналды. Ал оларға бағаның қымбат болғаны керек. Сондықтан бағаны еріксіз жібереді-ау, деп отыр нарықтағылар. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, геосаяси жағдайлар да мәселені күрделендіре түсіруде. Нарықта соғыс басталып кете ме деп те отырғандар бар. Солтүстік Корея мен АҚШ арасын айтамын. Белгілі ғой, тұрақтылық кезде ғана баға тұрақты болады. Ал қазіргі жағдайда ол мүмкін емес.
Мұнайды күрт қымбаттап кетеді деп айтуға да келмейді. Оның қисыны жоқ. Ол тек бір-ақ жағдайда мүмкін. Егер бір аласапыран басталып кетпесе. Құдай сақтасын одан, – дейді саясаттанушы Кеңес Сманов.
Экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов мұнай бағасының көтерілуі Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік екенін айтады. Оның пікірінше,
үлкен өзгерістер орын алып жатқан мына ғаламдану заманында, әсіресе қымбатшылықпен күресте жауапты қызметте отырған шенділерді бүгінгі жастармен алмастыру қажет.
Өйткені бұрынғы буын мұнай қанша қымбат болып, шаш етектен табысқа кеңелген кезде де қозғалмай қойған. Олар қазір де мұнай бағасының өскенін күтіп отыр. Онда да бірдеме жасайын демейді, аста-төк өмір салты қайтып келеді деп, соған ғана мәз.
-Мұнайдың бір баррелі 100 доллар болған кезде де жағдайымыз жақсы болған емес. Өйткені шикізаттан түскен табыстың 40 проценті қайтадан сыртқа кетіп жатты. Импортқа қатты тәуелді болдық. Қазір де солай. Енді мамыражай күйді ұмыту керек.
Себебі ғаламдану заманында дағдарыстың артынан тағы бір дағдарыс ілесіп келе беретінін көрдік. Ал дағдарыс кезінде сыртқа тәуелділердің жағдайы қиындай түседі.
Мәселен, бензин бойынша біз Ресейге 30 процент тәуелдіміз. Қазір содан көресіні көріп отырмыз ғой. Тамақ бойынша сыртқа 40 процент тәуелдіміз. Тамағымыз да қымбаттап жатыр. Ары қарай төпелей бермесін десек, осы тәуелділіктерден құтылудың амалын қарастыру керек. Мұнайдың бағасының көтерілуі біз үшін үлкен мүмкіндік, – дейді ғалым.
Тоқтар Есіркепов мұнай бағасының көтеріліп жатқанына ОПЕК пен басқа да мұнай өндіруші елдердің өзара мұнай өндірісі көлемін шектеуге қатысты сөз байласуы әсер етіп отыр деп санайды.
Ресейлік басылым да мұнайдың қымбаттауын болжап, мақала жариялапты. Rosbalt.ru сайты келтірген дереккке сүйенсек, Американың тақтатас (сланцевый) төңкерісі өз-өзін ақтамапты-мыс. Өйткені инвесторлар қазір абдырап қалған. Олар пайдасы жоқ бұл іске енді ақшасын салғысы келмей, шала бүлінуде екен.
Ендеше қымбат мұнайдың дәуірі қайта оралатынға ұқсайды. Ұқсайды емес, оралып келе де жатыр, депті ресейлік басылым.
Сөйтіп цифрларды “сөйлетеді”.
Мысалы, 2016 жылы Brent маркасындағы мұнайдың бір баррелінің орташа құны 34,7 доллар болса, сол жылы маусым айында баға 49,7 долларға, яғни 1,43 есе өсті. Оның басты себебі АҚШ-тағы тақтатас мұнай өндірісі көлемінің күрт төмендеуі болып еді. Өйткені 37 долларлық мұнайға ол бәсекелесе алмады. Бұдан соң тақтатас мұнай өндірісі қайтадан жандана қоймайды деп болжанып еді.
Алайда 2016 жылдың екінші жарты жылдығында АҚШ тақтатас мұнай өндірісін қайтадан қолға алды. Оған қоса, ОПЕК-пен келісім жасалды, бағаны ауыздықтау үшін араб елдері мұнай өндірісі көлемін күрт төмендетті. Соның өзінде 2016 жылдың маусым мен желтоқсан айлары арасында Brent мұнайының бір баррелі 1,13 есеге қымбаттап, баға 56,1 доллар болды.
2017 жылы ОПЕК пен Ресей мұнай экспортына шектеу қойылды. Бірақ ол келісімді қатты сақталды деп айта алмаймыз. Ал АҚШ мұнай өндірісі көлемін арттыра берді. Содан баға түсті. Бірақ қатты емес.
2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында мұнайдың бір баррелінің орташа бағасы 52,9 доллар болды. Ал қазан айындағы өсім 10 процентті құрап, баға 58 долларға келіп тірелді.