“Қазақстандағы орыс ұлтының өкілдері ассимиляцияланып кетуден емес, белгісіздіктен қорқады” деген екен Мұхтар Сеңгірбай. Жөн айтып отыр. Белгісіздіктің қақ ортасында тұрмыз қазір. Сулейман Демирел университетінің аға оқытушысы, конфликтолог ғалымның “Қазақ әдебиетіне” берген сұхбатын ықшамдап ұсындық.
Халық қай әліпбиді қолданса, сол әліпбимен бірге оның өзгеше мәдениеті, өркениеті қалыптасады. Әсіресе,
постколониалдық сана-сезім тұрғысынан Кеңес Одағының жыртық шекпеніндей болып тұрған кирилл қарпінен арылудың символикалық мәні ерекше.
Яғни модернизацияланып, сапалы ұлт деңгейіне шығуды көздеген ұлт шамасы келгенше колониализмнің символдарынан бас тартқаны жөн.
Себебі, ол символ сол ұлттың бойындағы тарихи жарақаттарды жасырып тұрады. Бір сөзбен айтқанда,
қазақ даласының экологиялық зардаптарын, тілдің шұбарлануын, дәстүрдің бұзылуын сол отарлау саясатының кесірінен таңылған әліпбимен баяндау ақылға сыймайды.
Мен әліпбиді ауыстырудың тек саяси, мәдени артықшылықтарын айтып отырмын. Тіл мамандары орыс тілімен бір қаріпті қолданғандықтан, дыбысталуы да, құрылымы да, тіркестері де орыстанып бара жатқан қазақ тілін «құтқарудың» бірден-бір жолы – әліпби ауыстыру деген тұжырымды қуаттап отыр.
Бізде «бұрыннан қалыптасқан ұлтаралық татулыққа қаріп ауыстырудың кесірінен сызат түсе ме?» деген қауіптің бар екені рас.
Қазақ тілінің латыншаға көшуін, әсіресе Ресейдің саяси элитасы ауыр қабылдады. Яғни қаріп ауыстыру – кирилл қарпін пайдаланатын славян халықтарынан мәдени, рухани тұрғыдан алшақтау деген сөз. Мұндағы басты ұстаным – жай қазақ тілі ғана емес, латын қарпіндегі қазақ тілін Қазақстан халқын ұйыстыра алатын интеграторға айналдыру. Менің байқауымша, жалпы
Қазақстандағы орыс ұлтының өкілдері ассимиляцияланып кетуден емес, белгісіздіктен қорқады.
Мемлекеттік үгіт-насихат көбіне бұрынғы кеңестік әдіспен «алға, комсомол!» деген ұранмен жүріп жатқандықтан, олардың бойында күдік басым. Әзірге Елбасының алысты көздеген идеясын идеологиялық құралға айналдыру кемшін болып тұр. Қазір әңгіменің бәрі апострофтың, емленің, қаржының, т.с.с. айналасында қалып тұр. Мұндай үлкен дау-дамайдың өзі сырт көз болып бақылап отырған ағайынды тіксінтеді.
https://kaz.365info.kz/olar-kytken-zhokh-sayasattanushy-biliktegi-auys-tyjiske-khatysty-pikir-bildirdi-331403
Осыдан ширек ғасыр бұрын ғана қазақ тілінің қолданылу аясы тарылып, орыс тілінің көлеңкесінде қалып қойғаны аян. Сол кезеңді көрген ұрпақ әлі де саяси, рухани ортада қоғамдық пікірді қалыптастырушы рөлін атқарып отыр.
Яғни, ұлттың бойындағы мәдени жарақат жазыла бастауы үшін ол адамдардың жадынан өшіп, тарихқа айналуы керек.
Тіпті, біздің буынның өзі бала күнімізде ауылдан Алматыға келгенде шүлдірлеген орыстың арасында өзімізді аборигендей сезінетінбіз. Халықтың жады рационалды ойлауға мүмкіндік бермейді, кейде тым секемшіл, үрейшіл болады.
Шындығында, орыс және ағылшын тілдерінің әлемдегі мәдени үстемдігін ескерер болсақ, «үш тұғырлы тіл» бағдарламасы жүзеге асса, ғылым, қаржы, экономика тілі ретінде қалыптасып үлгермеген қазақ тілі сол тілдердің көлеңкесінде қалып, қазіргі қалпынан шыға алмауы мүмкін.
Оның үстіне ғалымдар балабақша, мектептен бастап сабақ үш тілде оқытылатын болса, қазақ тілі жұтаңданып кете ме деп қауіптенеді. Мектеп – ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын талбесік.
Қазақстан халқының ұлттық болмысының қандай болмағы қазіргі мектептегі балалардың алып жатқан біліміне байланысты.
Байқап қарасақ, Қазақстандағы қолға алынып жатқан «үштұғырлы тіл» идеясы тілдік саясаттың осы кезге дейінгі бағытынан ойысып, көптілділікке ауысып бара жатқанын көрсетеді. Бұл – қуанарлық тенденция емес және менің ойымша, тіл саясатында бұлайша бетбұрыс жасаудың қажеттігі де болған жоқ.
https://kaz.365info.kz/ketu-kerek-dosym-satpaev-khazir-khazakhstanda-ne-bop-zhatkhanyn-ajtty-330807
Бірнеше тілді ресми тіл деп жариялап, оларды қатар пайдаланатын елдердің көбі – не Швейцария, Бельгия сияқты аумақтық федерациялар немесе өзге ұлттар талап қойып, тілдік негізде конфликт пайда болғандықтан жасалған амалсыз шара.
Мәселен, Канадада Квебек аймағы үнемі тілге бола бүлік шығарып отырады. Сондықтан оларда ағылшын және француз тілдері ресми тіл саналады. Ал Қазақстанда, бағымызға орай, көпшілік арасында қазақ тілін ресми тіл ету жөнінде әлсіз де болса консенсус бар.
Тіпті, біздің соңғы зерттеулерімізде осыған дейін тек орыс тілінде сөйлеп келгендердің арасында екі тілді меңгеру тенденциясы белең ала бастағанын байқағанбыз. Оның үстіне, қазіргі демографиялық ахуал да ортақ мемлекеттік тілді нығайту саясатын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп тұр.
Меніңше, мемлекет Қазақстанда бірнеше тілді меңгерген, көзі ашық, зайырлы, модерн ұлт қалыптастыруды көздейді. Бәлкім, үлгі ретінде Малайзия, Сингапур, Швейцария сияқты елдерді алған шығар.
https://kaz.365info.kz/ej-tokhta-abilyazov-shvejtsariyada-zhyrsin-ermandy-tanymaj-otip-ketti-330804
Бірақ бұл қазақ тілінің қоғамдағы орнының төмендеуіне алып келе ме деп қауіптенемін. Мемлекеттік тілді толық дамытып өз деңгейіне шығарып алмай, үш тілді қатар үйрену қателік болатын сияқты.
Фото:: rusjev.net