ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі кезінде қолданысқа енгізілген Smart City Almaty жобасы аясындағы қазақстандық өнім Амстердамдағы Integrated System Europe 2018 көрмесіне қойылып, көптің қызығушылығын туғызды.
Алматыдағы көлік жүйесінің интеллектуальдық бағдарлау жүейсін жасаған Billboardvideo компаниясы биыл Амстердамда тағы бір жаңа өнімнің тұсауын кесті. Smart City Almaty жобасы айналасында әзірленген бұл жоба енді жаяу жүргішілерге арналған екен. Бұл – қала тұрғындары мен қонақтары үшін өте ыңғайлы жүйе.
Бұл жоба Tesla, LG, Samsung, Cisco, Panasonic, Phillips, Sony сынды әлемдік алып компаниялардың алаңында таныстырылды.
Integrated System Europe – АV жүйесі, ақпараттық шешімдер мен ақпараттық қызмет және тауар нарығындағы ірі көрме. Жыл сайын бұл көрмеге технология саласындағы ірі компаниялар қатысып, мыңдаған жобаларын таныстырады. 2017 жылы бұл көрмеге әлемнің 150 елінен 70 мың адам келген.
Міне, осындай атақты алаңда ұсынылған қазақстандық жобаның өзіне кеңінен тоқтала кетелік. Алматыдағы интеллектуальдық-ақпараттық бағдарлау жүйесі 50 медиабордтан тұрады. Нақты режимде Алматы қаласы тұрғындарын кедергісіз әрі жайлы жүріп-тұруы үшін қажетті ақпараттармен қаматасыз етеді. Ол мегаполистік жол тораптарына, көлік тығыны көп жерлерге, әлеуметтік нысандар орналасқан жолдар бойына орналастырылады. Медиабордтан ауа-райының көрсеткішінен бастап валюта бағамына дейінгі ақпаратпен таныс болуға болады.
Бұл жүйе 2 миллионнан аса тұрғыны бар қалалар үшін өте қолайлы, ол қаланың инрақұрылымын жетілдіріп қана қоймай, бүгінгі заманауи сипаттан көрініс те береді.
Бұл жүйе ақылды қалалар үшін кешенді мәселенің бірегей шешімі әрі оның әлемде баламасы жоқ.
Шетелге шығармас үшін компания бұл жүйені қалаларымызджа орнатып та үлгерді. 2018 жылы BillboardVideo компаниясы Smart City жүйесінің кейбір белгілерін еліміздің ірі қалаларындағы жол бойындағы инфрақұрылым ретінде орналастыра бастады. Мысалы үшін оны Алматыдағы Панфилов пен Жібек Жолы көшелерінің қилысындағы көлік қоятын орыннан, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының маңынан, Алматы мен Астана әуежайларынан, ірі сауда орталықтары маңынан байқауға болады.
Көрменің бірінші күнінде-ақ қазақстандық стендті 700-ден аса адам тамашалап, тіпті Бельгия, Ұлыбритания, Сауд Арабиясы өкілдерімен келіссөз жүргізуге мүмкіндік туған.
Айта кетелік, BillboardVideo компаниясы Сингапурда, Гонконгте, Абу-Дабиде, Дубайда, Шэньчжэнде (ҚХР) өз жобаларын таныстырып, өкілдіктерін ашқан.
Жалпы, Smart City тұжырымдамасы барлық қалалық қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған. Smart City миссиясының негізі — адам және оның қажеттіліктері. Ақылды қаланың негізгі сипаттамалары — жайлылық, қауіпсіздік, тиімділік және қоршаған ортаға зиянды төмендету.
Ол ЕХРО көрмесінен соң қарқынды іске асыруға бағытталған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастырылады. Соның негізінде еліміздің бес ірі қаласында – Smart Astana, Smart Karagandy, Smart Ontystuk, Smart Almaty, Smart Aktobe секілді Smart City-ді дамыту қолға алынған.
Аталған жобалардың басты орындаушылары – өңірлер әкімдіктері. «Ақылды қаланы» дамыту тұрғысынан олардың жұмысының негізгі басымдықтары: өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсарту; электронды түрдегі мемлекеттік қызметтердің үлесін ұлғайту; Қазақстан аймақтарының Smart сity халықаралық рейтингтеріне кіруі; ЖАО архитектурасын дамыту; Smart city тұжырымдамасына сәйкес бастамалық жобаларды іске асыру; G2G, B2B және G2B сегменттерінде қағазсыз өзара әрекеттестікті ынталандыру.
Цифрлық Қазақстан мемлекеттік бағдарлама аясында «ақылды қалалардың» типтік тұжырымдамасы әзірленген. Онда интернет заттар, жасанды зерде және т. б. секілді алдыңғы қатарлы технологияларды қолданатын жобалардың тізімі келтірілген. Сондай-ақ, құжат Smart City технологияларын енгізудің негізгі қағидаларын, тәсілдерін, мақсаттарын, басымдықтары мен міндеттерін анықтайды.
«Жобалар мемлекеттік-жекешелік әріптестік, ақпараттандырудың сервистік моделі, бюджеттік қаржыландыру және жеке инвестициялар шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар жобаларды бенчмаркингті пайдалану, яғни үздік әлемдік және отандық тәжірибеге бағдарлау арқылы жүзеге асыру жоспарланған», — деді Дәурен Абаев.
Халықаралық стандарттарға сүйене отырып, Қазақстанда Smart City саласындағы ұлттық стандарттар әзірленіп, бекітілді. Олар энергия үнемдеу, ТКШ, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау және ақпараттық технологиялар саласындағы инновациялық шешімдер есебінен, қауіпсіздік пен қызмет көрсетудің жоғары деңгейін қоса алғанда, қалалық процестерді орталықтандырылған басқарудың түбегейлі жаңа мүмкіндіктерін, біртұтас талаптарды реттейді.
Ақпарат және коммуникациялар министрінің айтуынша, «Collaborative Innovation» негізгі тетік болады — мемлекеттік органдардың жекеменшік ұйымдармен өзара іс-қимыл форматы, оның аясында біртіндеп жаңа жетілдірілген шешімдер, тәсілдер және НҚА қажетті өзгерістер әзірленеді.
Баяндамашы бұл тұжырымдама Smart City-ді енгізу деңгейіне байланысты қалаларды бағалау жұмыстарын жүргізуді ұсынатынын атап өтті. Соның нəтижесінде, бағалаудың тиісті шкаласы бар кесте түріндегі енгізу дәрежесінің картасы әзірленеді. Әр салаға ҚР стандарттарының индикаторлары мен көрсеткіштеріне сәйкес негізделген баға беріледі.
Айта кетелік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының қалтқысыз жүзеге асырылуына өте мүдделі. Президенттің айтуынша, барлық саланы цифрландыру сыбайлас жемқорлықпен күресудің бір жолы екенін атап өтті.
“Шынымен бұл өте көкейтесті мәселе. Біз кезінде нарықтық экономиканы да түсінген жоқпыз ғой, инфляция, девальвация, кредит дегеннің не екенін білмедік. Кеңестік кезеңде ондай болған жоқ қой. Уақыт өте мұны да ұғынып, түсіндік. Енді цифрландыруға көшкелі отырмыз. Мен өткен жылы үшінші жаңғыру туралы айтқан едім, ал қазір индустрияландыру 4.0. Индустрияландыру 4.0 – бұл бүгінгі бренд, біз ілесіп жүруге тиіс жаңа бағыт. Мұнда қорқатын ештеңе жоқ.
Азаматтарға қарапайым тілмен түсіндіру керек. Бізде электронды үкімет бар, халыққа қызмет көрсету орталықтары бар. Оның көмегімен азаматтар шенеуніктермен бетпе-бет жүздеспей-ақ, өзіне қажетті ақпарат алады. Мәселен, дрондар. Ауыл шаруашылығында қай жерде егін жақсы өсіп-өспейтінін көрсетеді, тиісті ақпарат береді. Мұның бәрі Цифрлы Қазақстанның элементтері”, — дейді Елбасы.