Шымкентте туған анасын жауыздықпен өлтірді деп айыпталған 30 жастағы ер адам сот алдында жауап бермек. Тергеу мәліметінше, ол қаңтар айында мас күйінде мүгедек анасын пышақтап, кейін мәйітін өртеп жіберген.
Айыптаушы тараптың деректеріне сүйенсек, күдікті 54 жастағы анасын алдымен жүрек тұсынан үш рет, кейін арқасынан алты рет пышақтаған. Қылмысын жасыру үшін ауласында алдын ала қазылған шұңқырға ағаш үйіп, мәйітті өртеген.
«Көршілері бірден полицияға хабар берген. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары үйдің іші қанға боялғанын, ал аулада тек адам сүйектерінің қалғанын анықтаған», – деді полиция қызметкері.
Прокурордың айтуынша, күдікті бала кезінде анасынан қорлық көргенін айтып, оған кек алу мақсатында қылмысқа барғанын мойындаған. Алайда сот отырысына өзі қатысқан жоқ – ол қазір психикалық денсаулық орталығында емделіп жатыр.
«Ол өзін бақылауды тоқтатқан. Туыстарын ұрып-соғатын болған. Әйелі полиция шақырып, оны психиатриялық ауруханаға жатқызған. 2024 жылдың қаңтарында стационардан шыққан соң, шизофренияға жақын диагнозбен есепке алынған», – деді Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығының басшысы Сәуле Әлімбекова.
Қайтыс болған әйел екінші топтағы мүгедек болған. Оның туыстары сот процесіне онлайн қатысып, айыпталушының жазасыз қалмауын сұрады.
«Мұндай айуандық жасаған адам бостандыққа шықса, тағы біреудің өміріне қауіп төндіруі мүмкін», – дейді марқұмның жақындары.
Қазір сот отырысы жалғасуда, ал сот-медициналық сараптама күдіктінің ақыл-есі дұрыс немесе дұрыс еместігін анықтауға тиіс.