Жердің астынан тесіп шыққан 3 қабатты үйдің биіктігіндей болатын субұрқақ елді әбігерге түсірді. Көліктердің қозғалысы тоқтап, көшелерді су басты.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Артынан белгілі болғандай, гидрантты сындырып алған өрт сөндірушілердің өздері екен. Кесірінен, Шымкенттің үштен бір бөлігі бірнеше сағат бойы сусыз отырды.
Шымкенттегі орталық көшелердің бірінен су алуға келген өрт сөндіру қызметінің қателігінен апатты жағдай туындады. Сауда орындарының бірінен шыққан өртті сөндіруге асыққан мамандар гидрантты сындырып алып, оны бекітпеген. Артынша лезде атқылаған су бірнеше көшені басып қалған.
“Суды өшірмей өрт сөндіру краны алынбайды”, – дейді ОҚО ТЖД басқарма басшысы Бақытжан Запаров.
Ал су арнасы мекемесі болса өрт сөндірушілердің гидрантты зақымдады дегенін растап отыр. Тіпті суды жақын маңнан алуға болғандығын, ал өрт сөндіру мамандарының картаны білмегенін, екіншіден су арнасы мекемесімен келіспегенін айтады. Көшені су басқандықтан жөндеу бригадасы қаланың біраз бөлігін судан ажыратуға мәжбүр болған.
“Осы аралықта біз өрт гидрантын қайта шешіп, орнына жаңасын қойдық. Мұндай оқиғалар бір емес бірнеше рет қайталанған. Көбінесе бұл ақпараттарды біз сол жерде тұратын тұрғындардан телефон, ватсап желісі арқылы алып отырмыз”, – дейді “Су арнасы” мекемесі бас директорының орынбасары Бауыржан Ділдәбеков.