Редакцияға хат келіпті. Біз бұл ақпараттың анық-қанығын растай алмаймыз. Бірақ, мұндай хатты себепсіз жібермейді ғой. Шығыс Қазақстанға қатысты хат екен. Осы өңірдің басшысы Даниал Ахметов жазылған жайдан хабарсыз болса керек. Сондықтан жариялап отырмыз. Сонымен хатта не делінген?
“1998 жылдың 12 тамызында Головатюк Владимир Михайлович есімді азамат Ресей Федерациясының «Азаматтық туралы» заңының 3 бабының негізінде Астанадағы Ресей елшілігінің консулдығында Ресей азаматтығын алады. Тиісінше, төлқұжат рәсімдемеген, тек өзге елдің азаматтығын алған, сөйте тұра Қазақстан азаматтығынан бас тартпаған.
Біздің елде мұндай жайттар бар екені жасырын емес. Көбіне Ресеймен шекаралас аймақтардың қарапайым тұрғындары екіжақты азаматтық алады да оны жасырып жүреді” делінген хатта.
Хатта сорақы мәліметтің басы ашылып отыр. “Ресеймен шекаралас аймақтардың қарапайым тұрғындары екіжақты азаматтық алып алған” дейді. Бұл оларға неге керек?
Ал әлгі Ресей азаматтығын алып алған Головатюк деген кім? Сөйтсек қатардағы адам емес екен…
“Ол – Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы! Яғни, шекаралық аймақтың өкілдік билігінің жетекшісі! Облыстың басты тұлғаларының бірі! Мәселен, Қытайдағы Іле-Қазақ автономиясының басшысы немесе Ресейдегі Орынбор облыстық думасы жетекшісінің Қазақстан азаматтығы болуы мүмкін бе? Жоқ! Ал біздің елде бәрі мүмкін!” деп жазылыпты хатта.
Жазылған жай дәлелделі болу үшін хатпен қоса Ресей Федерациясы Федералдық миграция қызметінің элекронды базасынан көшірілген құжат та жіберілген.
“Онда Головатюктың 1998 жылдан бастап көрші елге жылына бірнеше рет баратыны көрсетіліпті. Дәл осы қағазда 1998 жылдың 12 тамызында В.М.Головатюкке Ресей азаматтығын беру туралы шешім қабылданғаны жазылған.
ШҚО облыстық мәслихаты хатшысының Ресей азаматы ретіндегі жеке іс-құжатының нөмірі де анықталған – 170309960” деп жазылыпты хатта.
Айтпақшы, хатты Серік Хасанов есімді әріптесіміз дайындапты.
“Қазақстан мен Ресей – көршілер, достас мемлекеттер, бірақ білдей бір өңірдің жауапты қызметінің тізгінін өзге ел азаматының ұстап отырғаны мемлекеттік қауіпсіздік қағидаларына қайшы. Мәселен, ел Президенті Өскеменге жұмыс сапарымен барды делік, оның жол жүру бағыттарынан көрші елдің түрлі қызметтері мәлімет алып отырмайтынына кім кепілдік бере алады?
Облыс орталығының әскери бөлімшелерінен бастап стратегиялық коммуникациялар жүйелеріне дейін түрлі мекемелердің ішкі ақпараттары мемлекеттік құпияға жатады. Өзге ел азаматының оларды оңай біліп отыруға мүмкіндігі бар. Бұл ұлттық қауіпіздікке төнген қауіп болмағанда не?” – дейді ол.
Иә, сатпайды. Хат авторының айтуынша, Головатюктің Ресей азаматтығы жөнінде сол елдің тиісті мекемелеріне сұрау салып көруге болады. Бірақ, олардың растай қоюы күмәнді екен.
P.S. Әзір бұған өз тарапымыздан баға беру артықтау болар. Мақала жарық көрсін. Шығыс Қазақстан әкімдігі үнсіз қалмас. Алайда Головатюктің Ресей азаматтығын алып алғаны әрі көрші елге жиі сапарлап барып тұратыны рас болса, бұл мемлекеттің деңгейдегі дау болары анық. Бір ауыз сөзбен, мұны сатқындық деп бағалауға болады.