Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
5
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Шетінеді деген бала жетімдер үйінен табылды. Облыстық перинатальдық орталықтан шу шықты

Өз баласымен 14 жылдан соң қауышып отырған ананың айтуынша, сәбиі сол кезде ауыр халде дүниеге келген екен. Салмағы аз боп туыпты. Дәрігерлер анасына қызының денсаулығы өте әлсіз болып, шетінеп кеткенін айтқан. Бірақ перинатальдық орталықтың мамандары ол нәрестені тастанды деп құжат әзірлеп, Ақкөлдегі балалар үйіне өткізіп жіберген. Қазір қыз бала анасына қайтарылды.

Ақбұлан Алжанов, облыстық прокуратураның ресми өкілі:

– Кәмелетке толмағанның құқығына, мүддесіне және психологиялық мінез-құлқына әсер ету мүмкіндігіне алып келуі мүмкін болуына байланысты ата-анасы мен баланың аты-жөнін қазіргі таңда айта алмаймыз. Қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр, сол бойынша нақты шаралар қолданылатын болады.

Дегенмен өздеріне кінә тағылған дәрігерлер үнсіз қала алмапты. Бұл туралы Іnformburo.kz жазады. Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Иманқұлова анасы баласының тірі екенін білгенін айтады.

“Біз оған балаң өліп қалды деп айтқан жоқпыз. Онысы өтірік. Құжатты көтеріп қараңыздар, барлық жерде тірі деп жазылып тұр. Перзентханадан шыққан соң жаңа туған анаға медбикелер барып, жағдайын біліп, баланың жағдайынан хабардар етті де. Бірақ, керісінше ол бір рет те баласы үшін алаңдап, бізге хабарласқан емес”, – дейді ол.

Дегенмен ресми өкіл 2003 жылы 500 грамм болып туғандар тірілер қатарына жатқызылмағанын растады.

“Ол кезде мұндай салмақтағы балалар түсік ретінде саналатын, құжатта солай деп көрсеттік, алайда анасы мұның тек құжат түрінде нәрсе екенін, баласының тірі екенін жақсы білді. Босанғаннан соң 7 күннен соң бала тірі туғандар қатарына жатқызылды. Құжат бойынша солай.

Тек ол кезде баланың анасы күйеуде емес еді. Мүмкін содан шығар, балаға қарағысы келмегені.

Әйтпесе шыр еткен шақалақтың даусын естіді, біз оны бірден жансақтау бөліміне алып кеттік. Сәби онда 2-3 ай жатып қалды. Салмақ жинады. Бірақ анасы оны көруге келмеді.Содан соң сәбиді балалар үйіне беруге тура келді”, – дейді шенді. Бұл – баланы анасынан айырды деп айып тағылған ақ халаттылардың пікірі.

Негізінен, баланың шешесінің табылуына Ақкөл қаласындағы №1 балалар үйіне жаңадан орналасқан ұстаз атсалысқан көрінеді. Сұраумен сол кісі айналысқан. Қазір қыз бала шешесінің қолына табыс етіліпті. Ол үлкен қызынан бөлек қазір үш баланың анасы екен. Тату-тәтті өмірлері жалғасып жатқан көрінеді.

Есі-кіресілі-шығасылы жаңа туған ана жаңылды ма, әлде дәрігерлер өтірік айта ма, мұны құқық қорғау органы анықтамақ. Қазір прокуратурадағылар бұл оқиғаға қатысты  Ақмола облыстық перинатальдық орталығындағы қызметкерлерге қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Олар ана мен бала жайлы қазір ешкімге ешқандай ақпарат берілмейтінін айтады. Келіншек те БАҚ өкілдеріне сұхбат беруден бас тартыпты. Сәбидің қай перзентханада туылғаны да тексеріс жұмыстары аяқталмайынша құпия сақталмақшы.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз