Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Шамбалада уақыт машинасы бар ма?

532

Тіпті кей құжаттардың құпиясын ашу ол мерзімнен де кейінге шегерілді. Соның ішінде негізгісі – СС бөлімінің бес офицерінің, яғни оберштурмфюрер Генрих Харрер бастаған топтың Тибетке құпия сапары.

Гимлердің арнайы тапсырмасымен келген олар Тибеттегі кез-келгеннің табаны тие бермейтін, шытырман оқиғасы мол, ғажайып тау, Кайлаштан жер «кіндігін» табуы тиіс еді. Жер «кіндігін» табу – бүкіл әлемге жеке-дара қожалық ету деген сөз. Жер «кіндігін» табу – уақытты кері айналдыра отырып, өзіңе ұнаған жолмен жүру деген сөз. Сондықтан Үшінші Рейх қалайда құдіретті тылсым күшіне ие Шамбаланы іздестіруді алға мақсат етті. Себеп әрине, көп. Біріншіден кез-келген саналы тіршілік иесі «мәңгілік өмір» іздейтіні белгілі. Ол үшін адамға жайлы жұмақ өлке қажет-ақ. Ол қайда? Үшінші Рейх басшыларының алдында осындай «жұмақта» өмір сүрсек деген қияли арман тұрды.

Екінші бір себеп, дәл сол тұста, яғни 1942 жылы Сталинград түбінде неміс әскерлері қоршауға алынды, оның үстіне Африка жерінде тұрған армиясы талқандалды. Осының бәрін безбенге салған Гимлер Гитлермен жедел кездесіп, оңаша алты сағат сөйлесті. Гимлердің қолында 2000 беттік құпия құжаттар (бұл құжаттардың кейбірі 1990 жылы кездейсоқ ашылды) болды.

Фашистік Германияның Ішкі істер басқармасының және СС арнаулы жасақтың басшысы Гимлер Гитлермен алты сағат не жөнінде сөйлесті?

Қазір басы ашылып, белгілі болған кейбір құжаттардағы деректерге назар аударсақ, әңгіменің ауаны жедел түрде Тибетке ғалымдар мен альпинистерден тұратын экспедиция аттандыру жөнінде болған. Олардың міндеті – құпия үңгір Шамбаланы іздестіру еді. Гимлердің бұл жерде алға қойған мақсаты Шамбаланы, яғни жер «кіндігін» таба отырып, уақытты артқа бұрап, Германия үшін ең қолайлы 1939 жылға кері қайту болатын. Осы жылдан 1942 жылға дейін жіберген қателіктерді түзетіп, соғыста қалайда жеңіп шығудың жолын қарастыру еді. Құпия деректер осылай дейді…

Бірақ неміс экспедициясы ол мекенді таппағаны белгілі. Егер тапқанда бүгінгі заман өзгеше болар ма еді?

Жалпы, әлемді басқарудың «кілті» болатын Шамбала шындық па, әлде алып-қашпа әңгіме ме?

Мұны «нақты» деп ешкім де айта алмайды, «жоқ» деп те ешкім өтірікке шығара алмайды. Өтірік болса, Британия, Германия, кезіндегі КСРО миллиондаған қаржы бөліп, ондаған экспедицияларды құпия түрде Тибетке аттандырмас еді. Барлығы да құдіреті күшті тылсымды игеріп, әлемді билеп тұруға ұмтылғаны шындық. Немістердің свастикасы секілді, кеңес елінің бес жұлдызды нышаны да сол Тибет жерінен келген. Бұлардың бәрі тибет ламаларының құрал-рәсімдері еді.

Жалпы, Шамбаланы іздеп аттанған ондаған экспедициялар оны тапты ма, жоқ па, белгісіз. Бәрі бүгінгі күні құпия. Шынтуайтында Тибет әлемдегі ең жұмбағы ашылмаған мекенге жатады. Ондағы бар құпия тылсымды бойына сақтаған Нам-цо көлі, Ярлунг Цангпо өзені, Кайлаш тауы әлі сырын адамзатқа аша қойған жоқ.

Алайда сол таудың етегінен «өлі» және «тірі» судың табылуы әлемді дүрліктіріп жатқаны белгілі. Әсіресе мемлекет басқарып, жасы біразға келіп қалған соң, амалсыз орнын өзгеге беруге мәжбүр көптеген тұлғалар үшін бұл «көктен іздегені жерден табылғанмен» бірдей керемет жаңалық. Енді солардың біразы Кайлаш тауына қарай сапар шегіп, «тірі» суға шомылып, ол суды бөшкелеп ішіп, мәңгілік тақта қалудың қамын жасары анық…

Ал қара халыққа ол су бұйырар ма екен? Әй, қайдам…

Алмат Жанұзақ

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз