Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Бәрі бірдей табылған жоқ. Шаханда опырылған үйдің бөлігінде 30 адам болған

Бұған дейін хабарланғандай, үйінді астынан 9 көз жұмған адамның денесі аршып алынды. Оның үшеуі – ер адам, үшеуі – әйел, үшеуі – бала. Баланың біреуі – 2016 жылғы, екіншісі – 2010 жылғы.

«Тұрғын үй қазандықтың жарылуынан құлаған. Шахандағы бірқатар тұрғын үйлерге жылу автономдық жүйе арқылы беріледі. Бұл қазандық үй комитетінің есебінде болды», – деп мәлім етті облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков журналистерге берген сұхбатында.

Ол төтенше жағдайдың салдарын жою және себебін анықтау бойынша облыстық комиссия құрылғанын жариялады. Әкімнің айтуынша, республикалық комиссия құру жоспарлануда. Төтенше жағдай орнында іздеу-құтқару жұмыстары жалғастырылуда.

«Міндетіміз – адамдарды анықтау үшін үйінділерді тазалау жұмыстарын аяқтау», – деп атап өтті өңір басшысы.

Сондай-ақ әкім апат салдарынан көз жұмған адамның отбасына материальдық көмек қарастырылатынын да айтты.

“Қазір бюджеттен ақша бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Қаза тапқан азаматтардың отбасына жерлеу рәсіміне және материальдық жәрдемақы беріледі. Республикалық деңгейде комиссия құрылады. қазір үйіндіні аршу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылу қазандығы орналасқан жертөлеге жетсек, одан кейін апаттың нақты себебі анықтала жатады” деді облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Әзірге белгілісі, бұл көпқабатты үйде 118 тұрғын мекендеген, ал төтенше жағдай орын алған кезде құлаған бөлікте шамамен 30 адам болған. Тұрғындардың көбісін туыстары сыртқа шығарып үлгерген. Сонымен қатар, баспанасыз қалғандарға балабақшаның ғимаратында тұруға мүмкіндік берілді. Сағат 8:12-де қираған үйіндінің астынан тірі қалған 32 жастағы ер адам құтқарылды. Үйінділерді тазартуға 280 адам жұмылдырылған, олардың қатарында құтқарушылар, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, жедел медициналық жәрдем бригадасы, Ұлттық ұланның 52859 әскери бөлімінің ауыр техникасы және жеке кәсіпкерлер бар.

Сонымен қатар, Қарағанды облысы Шахтинск қаласына қарасты Шахан кентіндегі тұрғын үйдің құлау оқиғасына қатысты Шахан кенті әкімдігі қасынан шұғыл желі ашылды: 8 (72156) 3-24-17.

Еске сала кетейік, 1 қаңтар күні 22:40-та Қарағанды облысы ТЖД құтқару бөліміне Шахтинск қаласы Шахан ауылындағы көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып түскені туралы қоңырау шалынған. Оқиға орнына шұғыл түрде ТЖД құтқарушылары жөнелтіліп, тұрғындар эвакуацияланды. Әуелі 1 адамның мәйіті үйінді астынан шығарылған болатын. Кейін екінші тұрғынның денесі үйінді астынан табылды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз