Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
25
USD
425
-0.13
EUR
505
+2.43
RUB
5.8
+0.02

Сенат 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджеттің заң жобасын қарады

Ал, 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетті таныстырған Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтан тұрғын үй құрылысына бөлінетін қаржының келер жылдары не себепті күрт азаятынын түсіндіруді сұрады деп хабарлады Хабар-24 телеарнасы.

Байқоңырдағы біраз кәсіпкердің бас ауруына айналған, шаруасына тұсау болған түйткілдің түйіні тарқайтын болды. Сенат бұл қаладағы салықтық рәсімдерді реттейтін заң жобасын мақұлдады. Осылайша, жанама салықтармен қосарланған салық салу мәселесі реттеледі. Бүгінде Байқоңыр кәсіпкерлері ресейлік 18% бойынша қосылған құн салығын төлейді.

Енді заң жобасының арқасында шаһар аумағына кірген тауар акцизделмейді. Ал, құн салығы тек бір рет қана алынады.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

– Осындай механизм Байқоңырдан Қазақстанның басқа аумағына тауар сатқан кезде де қолданылады. Хаттаманың жеке бабында жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сату орнына байланысты қосылған құн салығын төлеудің нақты тәртібі айқындалған. Байқоңырдағы бұқараның базынасы бұнымен шектелмейді.

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы қордаланған мәселені ортаға салды. Малы бар, жері жоқ, күрегі бар, бақшасы жоқтық тұрғындарды титықтатқан. Жергілікті кәсіпкерлер болса, несие ала алмай жүр. Өйткені, банкке кепілдікке қоятын олардың жер телімдері де Ресейге жалға берілген. Ал, шаһардағы коммуналдық қызметтің құны шектен тыс шарықтаған.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Мысалы, Қызылорда қаласында ыстық су бір адамға 740 теңге болса, Байқоңырда бұл 1640 теңге. Қызылорда қаласында салқын су 156 теңге болса, Байқоңырда – 918, Қызылорда қаласында газ баллоны 3000 теңге болатын болса, Байқоңыр қаласында 6000 мың теңгені құрайды. Оның үстіне соңғы 20 жылдың көлемінде Байқоңыр қаласындағы инфрақұрылымға қаржы бөлінбегендіктен олардың барлығының қазір тозығы жеткен.

Осыдан кейін кеше ғана Мәжілісте мақұлданған 3 жылғы республикалық бюджетті Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев депутаттарға таныстырды. Баяндаманы мұқият тыңдап, мәліметтерін бастан-аяқ шолған Қуаныш Айтаханов ең алдымен Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің сандары сәйкеспейтінін алға тартты.

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Бір түсім, бір шығыс, бірақ цифрлары әртүрлі. Осы екі қағазды салыстырып отырмын. Жылдары ауысып кеткен, оны қарап отырсаңыздаршы, Парламентке келдіңіздер ғой. Мәжілісте айлап талданатын заң жобасының Сенат қарауына тек бір аптаға ғана берілуі де сынға алынды. Тағылған мін мұнымен шектелмеді.

Сенат депутаты 2017-2019 жылдарға жоспарланған бюджетте қолжетімді баспанаға бөлінетін қаржының 3 есеге азаюының себебін сұрады. Мәселен, 2017 жылы бұл бағдарламаға – 143 млрд, 2018 жылы – 47 млрд, ал 2019 жылы тек 34 млрд теңге қарастырылған.

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Тұрғын үйді жаңғырту жөнінде 2017 жылы 54 млрд жоспарланса, 2018 жылы 1-ақ млрд жоспарланған. 54 есе аз. Әлде санда қате бар немесе сіздер 2018 жылды мүлде жоспарламайсыздар, біз 2017 жылмен жұмыс істейік, келесі жылы тағы көреміз ғой деп, егер олай болатын болса, бюджетті тек бір-ақ жылға жоспарлайық.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– 2016 жылы біз облигациялық бағдарлама бойынша ұлттық қордан тікелей холдингтерімізге 220 млрд-ға жуық қаржы бөлінген. Ол қаржы қайтарылып келіп, қайтадан тұрғын үй құрылысына құйылатын болады. Мәжілісте мақұлданған, жүгі ауыр үш жылғы республикалық бюджетті енді Сенат депутаттары саралап, өз ойларын алдағы уақытта ортаға салады.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2021 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз