Ел арасында үрей тудырған коронавирустан азық-түлік дүкендері пайда көріп отыр. Ал жеңіл өнеркәсіп өндірушілері маска сатып табыс табуға дайын емес.
Саясаттанушы Талғат Қалиев дүрлігудің қолдан жасалғанын айтып отыр. Бұндай жалған ақпараттарды біреулер әдейі таратып, қолдап отыр.
— Мәселен,
мессенджерлерде супермаркеттерде азық-түлік таусылып жатыр деген жазбасы бар бос сөрелердің суреттері таратылды
Кейіннен тоңазытатын жабдықтардың бұзылуынан сөрелердің бос тұрғаны анықталды. Бұл суреттері жіберілген супермаркеттің ресми мәлімдемесі. Сондықтан жалған әңгімелерге сене беруге болмайды. Бұның сатылымды көбейту үшін әдейі жасалған маркетингтік амал емес екеніне кім кепіл? — дейді саясаттауншы.
Талғат Қалиевтің пікірінше, қазіргі жағдай ритейлерлерге өте пайдалы.
— Олар шығынды қысқарту үшін өзінің сатылымын арттырады. Әдетте жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдерді есептен шығарады, ал адамдар сөрелерді бір сәтте босатып жатқанда азық-түлік бұзылып үлгермейді. Осы арқылы ритейлерлер жүз пайыздық сатылымның арқасында шығындарды қысқартып отыр. Ал жеңіл өнеркәсіп өндірушілері көп пайда көріп отырған жоқ.
Иә, олардың өнімі сатылып жатқанымен, сұраныстың артқанын пайдаланып, өндіріс көлемін арттыру оңай шаруа емес
Біздің жеңіл өнеркәсібіміздің ауқымы соншалықты кең емес. Еңбек өнімділігін бір сәтте арттыру да қиын екені белгілі. Ол үшін өндіріс ауқымын кеңейтіп, қосымша жұмысшыларды жалдау қажет. Сұраныстың уақытша екенін ескерсек, өндірушілерге оның қажеті шамалы, — дейді Талгат Калиев.
Саясаттанушы ел арасындағы үрей жақында басылады деген сенімде.
— Қытайлықтар коронавирус жағдайында өмір сүруге бейімделді. Карантинге байланысты қандай да бір шектеулер болғанымен,
азық-түлік өнімдері мен бірінші қажеттілікті тауарлар үнемі жеткізіліп тұрады. Бұл мемлекет қауіпсіздігінің мәселесі,
— дейді саясаттанушы.
Әрине Қазақстан бойынша Наурыз мерекесіне байланысты шаралар өткізілмейтіндіктен бизнестің кейбір саласы шығынға ұшырайды. Бұл ең алдымен ресторан, кафе және шараларды ұйымдастыруға қатысты салаларға үлкен соққы болады. Жұмысы тоқтатылған кинотеатрлер қазірдің өзінде шығынға ұшырап отыр.
— Бұл форс-мажорлық жағдай, оған түсіністікпен қарау керек.
Жеке адамдардың емес, қоғамның мүддесін ойлау керек. Пандемияның таралуын мүмкіндігінше шектеу, бизнестің пайдасына қарағанда маңыздырақ, — деп қорытындылады Қалиев.