Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
23
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Саясаткерлерден қазаққа көк тиын пайда жоқ. Қазаққа әншілер жақсы қызмет көрсетеді

243

Ал Қайрат Нұртас концерт өткізеді деңізші. Зал түгілі, стадион толып кетеді. МузАртта да, Төреғалида да солай. Оның құпиясы неде?

Құпиясы – екеу. Біріншісі – ән ана тілінде орындалады. Екіншісі – әуездің, әннің мәтініндегі сөздердің ұлттың психологиясына сай келуі.

Баяғыда күй орындалып жатқанда хан жағалай отырған қауым ішінен бір адамды көрсетіп: «Сен, тыңшы бері шық» деген екен. Сөйткен хан: «Сен ән орындалып жатқанда бір аяғыңды екіншісінің үстіне қойып, оны тербеп отырдың. Ал қазақ халқы әнді жүрекпен қабылдап, денесін тербеп, тұла бойымен тыңдайды» деген екен. Бұл – ақиқат.

Қайрат және тағы басқалардың әнін сынап, «жылаңқы, оның әнін тыңдағандар жынды, мал» деп жүргендердің көбісі діңгегінен алыстап кеткендер, ұлттық болмысын жоғалтып алғандар, өзінің ана тілінде сөйлей алмайтындар.

Бұл дегеніңіз тек еуропалық мейрамханада ас ішетін, бірақ соған қарамастан, өзі менсінбейтін шығыс мейрамханасының тамағына баға бергісі келетін сыншы секілді. Әрине, бұл абсурд қой.

Қазақ әніне баға беру үшін, ең алдымен қазақ халқының жан-дүниесін ұғыну керек. Мен олардың әншілік деңгейін бағалайтын адам емеспін, сондықтан бұл арада оларға халық неге көп жиналады, сол мәселе талқылануда.

Қалай дегенмен де біздің саясаткерлер осының бірін де істей алмайды. Ана тілінде сөйлемейді. Ұлттың психологиясын білмейді, оны білуге тырыспайды, сөйте тұра, халық атынан сөйлеп, халыққа баға беріп жатады. Бұл да айналып келгенде абсурд.

Орыс басылымы әншінің артынан жүгіріп жүріп, қазақша сұқбат алады

Жуырда Власть басылымы Қайрат Нұртастан сұқбат алды. Әнші сұқбатты орысша білсе де қазақша берді. Тілші артынан 3 ай жүгіргенін айтады. Қайрат Нұртастың әнші екенін білмейтін адам, ана мақаланы оқып отырып, бұл қандай мықты саясаткер деп ойлап қалуы мүмкін, негізі. Артынан 3 ай жүгіреді. Өзі орыс басылымына қазақша сұқбат береді…

Рас қой, бізде бұлай бір де бір саясаткер істей алмас еді. Мен білетін тағы бір адам бар. Ол ағамыз саясатқа баяғыда қолын бір сілтеген. Гарвард сияқты атынан ат үркетін жоғары оқу орындарында сабақ береді. Ол – математик, академик Асқар Жұмаділдаев. Халықаралық деңгейдегі беделді ғалым, бірнеше тіл біледі, бірақ сұқбатты тек қазақша береді.

Одан кейін Олимпиада кезінде «Әй, орысша сұқбат бермеймін» деп, қолын бір сілтеген спортшы қызымыз Жазира Жаппарқұл тағы бар. Ол оңтүстіктің тумасы, шынымен де орысша білмейтін шығар, енді…

Ұлттық психологияны білмесең, жеккөрінішті боласың

Қазір саясаткерлер ішінен қазақтың көп бала туа беретіндігін бетке былш еткізіп айтатындар шықты.

«Түсінбеймін, асырай алмаса, неге туады» деп, бастайды да шетелді мысалға келтіреді. Бұлай деген бірнеше саясаткер бар. Осыған ұқсас басқа тақырыпта да мәлімдемелер жетерлік. Қайсыбірін айтамыз.

Жалпы, қазақта шындықты айтудың екі түрі бар. Мәдениетті және мәдениетсіз. Мәдениетсіз түрі – асығып-аптығып, мәселенің тереңіне үңілмей, бетке айту. Ондай адамдарды қазақтар сыйламайды. Міне, осы мәдениетсіз жеткізу формасын саясаткерлер көп қолданады. Популизмге бой ұру ма, әлде, ұлттың психологиясын білмегеннен бе. Әйтеуір, осынысымен-ақ ел алдында жеккөрінішті болып жүр.

Ал әншілер ішінде популизмді қатты қаласа да, осы мәселеде өзін таза ұстағысы келетіндер бар. Міне, сондықтан халық оларды сыйлайды.

Депутаттың айта алмағанын әншілер жеткізіп жүр

Қазір есіме түсіп тұрғаны – Төреғали Төрәлінің «Қазақ қызға үйленем» деген әзіл-шыны аралас әні. Сол әннің қайырмасында мынандай жолдар бар:

Қазақ қызға үйленем,
Еріндері кеседен
Басқа жерге тимеген
Қазақ қызға үйленем!

Бұл өлең қазақ қыздарын пәк қылып көрсетеді, пәктігін сақтауға үгіттейді, соны үлгі-өнеге қылады. Онда да оны жастар санасына қазақы әдемі қалыппен, ойнақы етіп жеткізеді. Әрине, одан кейін оны халық тез қабылдайды. Ал былай қарасаңыз, бұл біздің бір де бір депутаттың қолынан келмеген шаруа.

Жалпы, қыз тәрибесі кез келген мемлекеттің заң шығарушы органында талқыланады. Мысалы, Мысырда пәктігі жоқ қыздарды оқуға қабылдамайды. Заң солай-мыс. Ал Ресей Думасы оқушылардың пәктігін детектормен тексеру туралы заң қабылдаған. Орыс қыздары одан таза боп кетті демеймін, бірақ әйтеуір бір шара қабылданған. Бұл – ашық факті.

Ал бізде бұл мәселені Бекболат Тілеухан және тағы бір-екі депутат қана қозғаған болатын. Бірақ Үкімет популизм деп, оны мән беретін мәселе емес десе керек. Есесіне, қазір мектеп жасында екіқабат болып жатқандар жетерлік. Аборт көрсеткішін айтудың, өзі ұят. Бірақ осы мәселені маңайлайтын бір заңды көре алмадық. Керісінше, азғындау туралы заңдардың бізде жолы болғыш. Мысалы, гейлер туралы, тағысын тағы.

Жалпы, бұл – қоғамда толғағы жетіп тұрған келелі мәселе. Ғаламдану заманында есікті қымтасаң да тесіктен кіріп алатын, тез еліткіш жат үрдіс жастарды келіп жағалап жатқанда, әрине не істерін білмеген халық заң қабылдайтындарға аңтарыла қарайды. Ал олар болса, бейқам…

Сөйтіп жүргенде, халықтың ішіндегі запыранын шығаратындай осындай ән туады. Әрине, халық оны сүйіп тыңдайды. Бір-біріне айтады. Қарашы әне, сіз бен біздің ойымыздағыны айтып жатыр. Ойымыздың үстінен дөп түскені-ай дейді.

Салықтан түскен ақша өнерді дамытуға жұмсалсын…

Айтқандай, әншілерден тыс айтыскер ақындар да іштей күйініп, тығылып жүрген халықтың мұң-зарын айтып, бір жеңілдетіп қоятыны бар. Соңғы кездері америкалықтар қазақтың өнері – Айтысты зерттеп жүр. Бертінде бір корей қызы да осы тақырыпта диссертация жазып жатқанын айтты. Неге?

Өйткені Айтыста халықтың мұңы, халықтың мінезі, саяси талабы айтылады. Онда айтылған дүниені Үкімет немесе Парламент мінберінен естімейсіз. Содан кейін де халыққа Үкіметтің де, Парламенттің де жиналысы түк қызықсыз. Бірақ сол халық төлейтін салықтан олар жалақы алып отыр. Сол халықтың атынан сайлауға түсіп, шенді-шекпенді болып жүр. Одан да дейміз-ау, сол ақшаны өнер адамдарына берген дұрыс болар ма еді, қалай?

Депутат ары кетсе, өзі сайлауға түскен облысты аралар. Ал әншілер Қазақстанның барлық жерін шарлайды. Оның үстіне, саясаткерге қарағанда, теледидардан жиі көрінеді. Сондықтан қазір халыққа әншінің үгіт-насихаты әлдеқайда тиімді әрі арзан болып тұр. Ал саясаткерлердің әрбір қимылы қыруар ақша ғой, өзі.

Сөз соңы. Қазір бір саясаткер қазақша сөйлесінші, халық қол шапалақтап, дүр ете түседі. Неге? «Қазақ елінде отырып, қазақ тілінде сөйлеген адамды көрсек, неге мәз боламыз» деп артынан өздері бір-бірін сөгіп жатады. Өйткені біріншісі – табиғи рефлекс, екіншісі – оған ыңғайсыздану. Иә, халық ана тіліндегі ақпаратқа зәру. Бұл – соның айғағы.

Әрі қазақтар аудармадан әлдеқашан шаршаған. Сондықтан саясаттағы мырзалар мен ханымдар, айтатындарыңызды қазақша айтыңыздар, қазақша. Әйтпесе, жеп отырған нандарыңыздан бір күні айырылып тынуларыңыз ғажап емес.

2025 жыл да тақап қалды. Отандық сарапшылар бізде осы кезде барлығы қазақ тілінде болады дейді. Сіздерді қайдам, аудиториясы тіптен кеңейіп, қазақ әншілеріне жақсы болатын болды. Ол кезде сол әншілер Сіздердің орындарыңызды басып жүрмесін деңіз, қайдан білесіз, мемлекеттік тілді білмейтіндеріңіз рас қой, енді?..

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз