Оңтүстік Қазақстан облысында «Сарыағаш» шипажайында жұмыс істейтін кәсіпкерлер шипажай қожайындары құқымызға қол салды деп бас көтерді деп хабарлайды 31 арна.
Олардың айтуларынша, екі сауда орны мен бірнеше асхана орналасқан жер теліміне көз тіккендер сотқа жүгініп, сауда орындары сүрілсін деген шешімге қол жеткізген. Кәсіп иелері болса, маңдай терімізбен тұрғызған құрылысты бұзғызбаймыз деп отыр.
“Базар бұзылса, мойнымыздағы несие мен бала-шаға асырауға қауқарсыз күйге түсеміз”, – дейді олар.
Сотқа талап арыз беріп отырған шипажай басшылығы болса, 1984 жылы пайдалануға берілген кәріз жүйесі тозығы жеткен, сондықтан оны жаңарту бағдарламасы қабылданғанын айтады. Сондай-ақ, сауда қатарларының құбырдан алшақтық талаптары бұзылған дейді.
Кәріз жүйесінің жаңа жобасын базарды бұзбай-ақ өткізуге болады деп есептейтін шағымданушылар, шипажай басшылығының мемлекеттік маңызды мәселе – кәріз жүйесі деуінің астарында өзгенің бизнесіне көз тігу ниеті жатыр деп есептейді.