Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
8
USD
444
+1.32
EUR
475
+0.35
RUB
4.83
+0.09

“Самопал” режиссерлер көбейіп кетті – Талғат Теменов

200

«Әттеген-айы» басым, шала-жансар дүмбілез бірдеңе болып шықты. Жұрт шулап барып бір басылды.

«Әйтеуір бұралаңы көп өткен тарихты түсіруге бір қадам болса да жасалды ғой. Көш жүре түзелер. Бұл тарихқа арналған соңғы фильм емес шығар», деп шүкір етісті.

Жақында одан өткен сорақы болды. Ол – «Қозы-Көрпеш Баян сұлу» сериалы. Қазақ түңілді. Қол сілтеді. «Бүйткен Баяны құрсын» десті. Халық көкейінде жатталып қалған аталмыш жырдағы ақылды да сұлу Баянды көреміз деп дәмеленген. Бірақ үміт ақталмады. Шындығы сол,

жырдағы Баян мен кинодағы Баянды салыстыру – ұят-ақ дүние.

Бұл жерде бір ақиқат дүние, тарихи сериалдардың («Қазақ елі», «Қозы Көрпеш Баян сұлу») әлсіз болып, халықтың көңілінен шықпауы, ол фильмге түскен актерлерге тіреліп тұрған жоқ , мәселе қазақта мықты режиссерлер мен сценаристердің жоқтығында.

Тәжірибенің кемдігі. Кемшілікті осыдан іздген дұрыс сияқты. Мықты сценарист хан-сұлтандардың, билер мен батырлардың, ханзада мен ханшайымдардың аузына сол деңгейіне сай һәм сол заманға тән сөздерді кесек-кесек етіп салар еді. Ал мықты режиссер сценаристі қолдай отырып, тарихта болған оқиғаларға ерекше рең беріп, халық бір серия бітісімен екінші бөлімді көру үшін тағатсыздана күтетіндей етіп, әсерлі түсіруге тырысар еді. Бірақ мұндай біліктілік біздің режиссерлерден де, сценаристерден де шықпады.

Демек, «Қазақ елі» мен Қозы Көрпеш Баян сұлуға » айтылған сын орынды, заңды. Қарсы уәж айтуға тұрмайды.

Біздің тарихты түсіруге тырысып жүрген режиссерлермен сценаристер тіпті операторлар ең құрымағанда түріктіктердің «Сүлеймен сұлтан», «Көсем сұлтан» «Ертұғырыл» сияқты тарихтан сыр тартатын сериалдарын бір көріп алғаны дұрыс еді. Біз үшін түріктерден үйренер нәрсе көп.

Талғат Теменов. Фото ©Ярослав Радловский

Жалпы, елімздегі режиссерлер мен сценаристер жөнінде осыдан біраз жыл бұрын белгілі режиссер Талғат Теменов былай деген еді:

– «Егер ұлттық болмысты біздің тарихымыз, фольклорымыз, әдебиетіміз, өнеріміз, дәстүріміз, ән-жырымыз бен биіміз деп есептесек, бүгінде осы жағын қамтып кино түсіре алмай отырғанымыз шындық. Біз үшін ұлттық болмыстағы фильмдердің эталоны «Қыз Жібек», «Девушка и джигит», «Тақиялы періште» мен «Біздің сүйікті дәрігер» еді. Одан бергі кезеңдерде дәстүрімізді, халқымыздың жанының сұлулығын паш ететін картиналар түсірілді. «Сардар», «Көшпенділер», «Жаужүрек мың бала» фильмдері ерекше атауға тұрады, бірақ мұнда ұлттық бояу аз көрсетілген. Өйткені бұл туындылар патриотизмді насихаттайды. «Ұлттық болмыс неге сырт қалды?» дегенге келсек, бұған бірінші себеп – «Қазақфильмнің» ұлттық болмысты көрсететін кинолар түсіруге қаржысының жетпеуі және ұлттық тұрғыдан ойлай алатын режиссерлердің жоқтығында. Бар болса да олардың жұмыстарының шетте ысырылып қалып отыруында.

Қазақ киносының тағы бір кемшілігі – мамандардың жетіспеушілігінде. Кезінде Мәскеу, Ленинград, Киев, қала берді Грузияның кино мектептерін бітірген сценарист және режиссер мамандар бар болатын. Ақиқатын айтар болсақ, бүгінгі қазақ киносына Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев сынды озық ойлы, кәсіби мамандар жетіспей жатыр. Одан кейінгі бір топ Ардақ Әмірқұлов, Абай Қарпықов, Рашид Нұғманов, Ермек Шынарбаев, Әмір Қарақұловтар – Мәскеудің түлектері. Бұларда бір шоғыр таланттар еді. Содан болар түсіргендері де елдің көкейінен шығып жататын. Қазір ше?..

Қысқасы,

Қазақстандағы кино мектептерінде дәріс беретін оқытушылардың білімі мен білігі жоғары болмайынша, “самопал” режиссерлердің қатары көбейе беретіні анық».

Иә, осыдан біраз жыл бұрын Талғат Теменов еліміздегі режиссерлер мен сценаристер жөнінде осындай байламды пікір айтқан-ды. Айтқаны айдай келді.

Соңғы кезде түсірілген «Қазақ елі» мен «Қозы Көрпеш Баян сұлу» сияқты тарихтан сыр шертетін фильмдерінің ақсап жатқаны сұңғыла режиссер мен мықты сценаристің жоқтығынан емес пе?

Ақшарқат Ахметбек

Фото: Руслан Канабеков (көрнекі сурет)

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз