Бергей Рысқалиевтың бауыры Аманжан скайп арқылы Атыраудағы туысқандарының тойына қатысыпты.
Видеодан той өтіп жатқан үлкен залға орнатылған телеэкраннан үңілген Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтың бауыры Аманжан Рысқалиевті тануға болады. Ол той қонақтарымен скайп арқылы сөйлесіп жатыр.
Демек, қайтыс болды деген ағайынды Рысқалиевтардың кішісі тірі. Ал үлкені қайда жүр екен?..
Айта кетелік, 2014 жылдың басында марқұм Рахат Әлиев Фейсбуктегі жеке парақшасында Бергей мен Аманжан өлтіріліп, олардың денесі Бурабайда жерленген-мыс деп өз долбарын жариялаған. Бұған ешкім сене қоймаған, алайда ағайынды Рысқалиевтардың тірі екенін бір де бір жан ол кезде растамап еді.
Аманжан Рысқалиев 1969 жылы Атырау облысы Мақат ауданында дүниеге келген. Ол 2012 жылдың қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған. Ағасы Бергей Рысқалиевтің сотты болуына байланысты ол қыркүйек айында өз еркімен депутаттық мандаттан бас тартқан. 2013 жылы оған халықаралық іздеу жарияланды.
Бергей Рысқалиев 1967 жылы Атырау облысы Мақат ауданында дүниеге келген. Ол 2006 жылдан бастап 2012 жылға дейін Атырау облысының әкімі болған. 2012 жылдың тамыз айында Бергей Рысқалиев әкімдіктен түсіп, істі болады. 2013 жылы оған да халықаралық іздеу жарияланды.