2016 жылғы тамызда Қазақстан “халықаралық терроризмнің нысанасына айналмас үшін” іске Ресей араласуға мәжбүр болады, — деп есептейді белгілі ресейлік сарапшы. Альпари компаниясы (Мәскеу) Сараптама департаментінің директоры Александр Разуваев 2016 жылдың тамызына жұлдыз жорамал жасаған сыңайлы.
Одан кейін мәскеулік сәуегей қазіргі уақытқа көшіпті.
«Енді, 2016 жылғы тамызда қауіп ең алдымен Украинаның Шығысы мен Қазақстаннан келгелі тұр», — дейді тосын мәлімдеме жасаған Разуваев.
«Қазақстан – Еуразиялық одақтағы негізгі ел, Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының мүшесі және халықаралық терроризм үшін жаңа нысана.
Жағдай күрделенсе Ресей іске араласуға мәжбүр болады
Мәскеуге оңтүстік шекарадағы тағы бір “Шешенстанның” (Қазақстанды меңзеп отыр) қажеті жоқ», — деген Разуваев Украинаның да „сыбағасын„ берді.
«Украинаның Шығысындағы ахуал да соншалықты тыныш көрінбейді, — деп атап өтті көріпкел. — Батыс Ресейге, ең алдымен, экономикалық қысым көрсету үшін кез-келген арандатушылықтарға барады.
Егер Киевтегі бүлікшілдер Донбассты қайтадан басып алса, ДХР мен ЛХР жұртшылығына қарсы геноцид орын алуы мүмкін, ондай жағдайда Ресей іске тікелей араласуға мәжбүр болады».
Өз болжамының соңында Альпари компаниясының қызметкері Еуропаны оңдырмады, “кәрі құрлықта” банк дағдарысын тудырамыз деп уәде берген сәуегей сөзін тіпті әзілмен тәмәмдапты: «Оптимист ағылшын, пессимист – қытай тілін оқиды, ал реалист – Калашников автоматын қолға алады».
Мәскеулік сәуегейдің “сандырағына” қазақстандық саясаттанушы Сұлтанбек Сұлтанғалиев былай жауап береді:
– Разуваев мырзаңыздың пікірі даулы. «Қазақстан – халықаралық терроризмнің нысанасы» және «Жағдай күрделенсе Ресей іске араласуға мәжбүр» дегені артық енді.
“Халықаралық терроризм” деген пайымы да күмән тудырады. Әзірге Ақтөбе мен Алматыда орын алған оқиғалар бойынша тергеу комиссиясының материалдары жарық көрген жоқ.
Сондықтан
Ақтөбе мен Алматыда болған атыс — «халықаралық террористердің әрекеттері» деген қорытынды жасауға ерте.
Қазақстан қалаларындағы қайғылы оқиғалар үшін бірде бір террористік ұйым өз мойнына жауапкершілік алған жоқ. Мұның ИГИЛ (ДАИШ) содырларына тән емес екендігімен келісетін шығарсыз.
Иә, Қазақстанда билік пен қоғам арасындағы әлеуметтік байланыс мәселесінде қиындықтар бар, бірақ оның терроризм мәселесіне ешқандай қатысы жоқ
Ал “Ресей іске араласуға мәжбүр болады” деген пайымы сұрақ тудырады. Біз Ресей Федерациясының субъектісі емеспіз, өзінің жері, халқы, заңдары мен егемендігі бар тәуелсіз мемлекетпіз.
Мұндай „пайымдаулар„ түсінбестік туғызып қана қоймай, еуразиялық интеграцияны қолдайтын менің өзімді Ресейден, Еуразиялық одақ идеясынан бас тартуға итермелейді.
Ресей де, Қытай да өз шекарасының маңынан шиеленіс ошағын тудыруға мүдделі емес. Бірақ
бұл мәселемен қорғаныс министрлігі емес, мемелекеттің сыртқы саясат ведомствосы айналасуы тиіс
— Ресейлік саясаттанушылар Қазақстан туралы пайымдағанда баяғы КПСС-тің идеологиясынан әріге аса алмай отыр: «біз бауырмыз», «аталарымыз бірге соғысты» және т.б., – дейді әңгімесін жалғастырған Сұлтанбек Сұлтанғалиев. — Бұл ақымақтық. Бауырлас халық деген дүние болмайды. Әр мемлекеттің өзінің саяси, экономикалық мүдделері болады, міне, соларға сәйкес әр ел өзінің сыртқы саясатын жүзеге асырып, өзіне одақтастар мен серіктестер табады. Осындай қарапайым нәрсені түсінбеу, немесе елемеу бұрмаланған саяси бағдарға әкеліп соғады. Осындай жағдай Украинада орын алды, ол жерде орыс дипломатиясы жойқын жеңіліс тапты.
Сондықтан Разуваевтың «Егер Киев бүлікшілері Донбассты қайтадан басып алуға талпынса, Ресей іске тікелей араласуға мәжбүр болады» дегені көңіл алаңдатады.
Шынын айтсақ, Ресей өзінің экономикалық ахуалына байланысты Донбасты федерация субъектісі ретінде асырай алмайды
Донбастағы тартысты қазіргідей жылы жауып қоя тұру әрине, Кремль үшін тиімді. Бұл президент Путиннің ішкі рейтингінің құлауына жол бермейді, бірақ Батыспен диалог жүргізіп, Киевті өзінен ұзатпауға мүмкіндік беріп отыр. Шындық осы, қалғаны құр үгіт-насихат қана. Сондықтан саясатта табысты болу үшін, ең алдымен өзіңе өзің адал болуың керек.
Украина мен Қазақстан — “комсомолдың соңынан ере беретін” боқмұрын бала емес
Біздің өз мүдделеріміз, саяси және экономикалық үрдістерге өз көзқарасымыз бар. Сондықтан оларды ресейлік ресми билік немесе жекелеген сарапшылар тарапынан менсінбеушілік Қазақстан қоғамында кері пікір тудырып, екі ел арасындағы қарым-қатынасты күрделендіруі әбден мүмкін.
Ресей сыртқы саясатының ақпараттық трендтерін қалыптастыратындарға осы тұрғыда дұрыстап ойланған жөн.
Мақаланың түпнұсқасын 365info.kz сайтынан оқыңыздар