Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзге қатысып жатқан Ресей делегациясының басшысы Александр Лаврентьев келіссөзге қатысушы тараптар Сирияда қауіпсіздік аймақтарын құру туралы мәмілеге келуге жақындап қалғанын мәлімдеді.
Лаврентьев алтыншы рет өтіп жатқан Сирия келіссөзінде гарант елдер – Ресей, Иран және Түркия “деэскалация аймақтары туралы келісімге қол қоюға шақ тұрғанын” айтты.
Астанадағы келіссөзге қатысушылар Сирияның солтүстігіндегі Түркиямен шекаралас Идлиб провинциясында орналасады делінген төртінші деэскалация аймағының жоспарын жасамақ. Бұған дейін Ресей Сирияда үш қауіпсіздік аймағын құрып, оның нәтижесінде қарсыластар арасында соғыс қимылдары азайған.
Ресей мен Иран Сириядағы алты жылдан асқан азаматтық соғыста президент Башар Асад үкіметін жақтайды. Түркия мен АҚШ түрлі көтерілісшіл топтарды қолдайды.
Соңғы мәліметтер бойынша, Сириядағы соғыста 330 мыңнан астам адам қаза тапты.
Ресей әскери шенеуніктері бұған дейін Мәскеудің Идлиб провинциясына Ресей әскери полициясын қақтығысты тоқтату режимінің орындалуын бақылауға жіберуге күш салатынын мәлімдеген.