Осымен екінші апта қоғамда Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы тарихы мәселелері қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желілерде тарихи фактілерді бұрмалайтын, түсінбеушілік атмосферасын тудыратын арандатушылық және әуесқойлық бағалаулар пайда болып жатыр. Біз осы тақырып бойынша белгілі тарихшы, ӘЭСИ бас сарапшысы Радик Темірғалиевті сұхбатқа тарттық.
— Біз мемлекеттілігіміздің бастауын XV ғасырда Қазақ хандығының пайда болуымен байланыстырып оқыдық, кеңестік мектепте бізге осылай деп үйретті. Бірақ бұл мәлімет дұрыс емес – дәлірек айтқанда, шектеулі.
Қазақ хандығы да ауадан пайда болған жоқ, ол Алтын Орданың мұрагерлерінің бірі болды, тарихшылар айтып жүргендей Жошы Ұлысынан.
Қазақтардың ата-бабалары осы мемлекеттегі халықтың едәуір бөлігін құрады және қазіргі қазақ тіліне өте жақын бірыңғай (қыпшақ) тілде сөйледі. Қазіргі қазақтардың сыртқы антропологиялық келбеті де Алтын Орда кезеңінде түпкілікті қалыптасты.
Сонымен қатар, Алтын Орданың алдында ерте сақтар мен хунну мемлекеттерінен бастап мемлекеттіліктің кем дегенде екі мың жылдық дәстүрі болған. Әлем тарихындағы аумағы жағынан ең үлкен империялардың бірі Түркі қағанаты болды, Қараханидтер мемлекеті де Орталық Азиядағы өркениет тарихы мен дамуында елеулі із қалдырды.
Сондай-ақ қазақ халқының ата-бабалары құрған ондаған ортағасырлық мемлекеттерді атап өтуге болады. Олардың құрамында қазақтардың ғана емес, қазіргі түркі және түркі емес халықтардың да ата-бабалары болғаны түсінікті.
— Бірақ мұны тарихты “қысқартуға” себеп деп атауға болмайды…
— Мысалы, Қытайда бүкіл ұлттық тарих әулеттік кезеңдерге бөлінеді. Сонымен қатар, бұл әулеттің шығу тегі қандай болғаны немесе оның билікке қалай келгені маңызды емес. Мұның бәрі қытай халқының біртұтас тарихының әртүрлі кезеңдері қалай қалыптасқанының көрінісі. Дәл осы өз тарихына деген көзқарас қазіргі қытайларға бес мыңжылдық тарихы барын сезінуге және болашақты ғасырлар бойы жоспарлауға мүмкіндік береді.
Орыс тарихшылары да Ресей мемлекетінің тарихын, айталық, 1480 жылдан, Мәскеу княздігі Үлкен Ордадан тәуелсіздік алған кезден бастамайды.
Ресейлік оқулықтардың барлығында алғашқы орыс мемлекеті Киев Русі деп аталды делінеді — алайда, шындығын айтқанда, бұл Шығыс славяндарының ортақ мемлекеті болды,
олардың негізінде қазіргі заманғы үш халық пайда болды: орыстар, украиндар, белорустар. Алайда, Ресейде 1000 жылдық тарихына сенім қалыптасқан.
Осылайша, біз де өз тарихымызды тек Қазақ хандығымен шектемеуге және мемлекеттігіміздің ежелгі тамырларын бекітуге толық негізіміз бар.
— Ресей империясы мен Қазақ хандығының қарым-қатынасы қалай қалыптасқанын жалпы айтып бере аласыз ба?
Көптеген басқа мемлекеттер сияқты Қазақ хандығы да өз тарихында түрлі кезеңдерден өтті. XVI ғасырда билік кезеңі болды. Ресейлік тарихи шежірелер мен құжаттарда, мысалы, атақты қазақ ханы Қасым “казак патшасы” деп аталған, ал Парсы жылнамаларында Қазақ хандығы Дешті Қыпшақ деп аталған, бұған дейін Алтын Орда деп аталған — тікелей сабақтастық олар үшін әдепкі дәстүр болған.
Бұл өте маңызды фактілер, өйткені сол кезде басқа мемлекеттердің ресми мойындауы үлкен маңызға ие болды, қазір де сондай.
Қасым ханның замандасы, орыс билеушісі Василий III Ұлы князь атағына ие болды. 1547 жылы өзін Иван Грозный деген атпен танымал ұлы Иван IV өзін патша деп жариялады. Сол Иван IV-мен өте қиын жағдай орын алды (түркі ақсүйектерінің өкілі Симеон Бекбулатовичтің таққа уақытша келуін еске түсіріңіз).
Иван Грозныйдың тұсында және қазақ ханы Хакназар кезінде қазақ-орыс байланыстары орнады, ал Тәуекел ханның тұсында XVI ғасырдың соңында екі держава арасында ресми одақ құрылды. Бұл толыққанды мемлекетаралық қатынастар болған еді.
Қазақ ханының жиені — Ораз-Мұхаммед 1600 жылы Ресей аумағындағы Қасым хандығы — Шыңғыс хан автономиялық ұлысының патшасы болып жарияланды. Бұл қазақ хандығына қатысты демонстрациялық әрекет болды, кейін одақ құруға Мәскеу мемлекеті қызығушылық танытты.
Кейін, XVII ғасырдың басынан бастап Қазақ хандығының әлсіреу процесі басталды, нәтижесінде алдымен XVIII ғасырда Ресей империясы тарапынан протекторат орнатуға, содан кейін XIX ғасырда тәуелсіздікті толық жоғалтуға әкелді.
Бүгінгі таңда бізге тарихтың осы беттерін драматизациялаудың қажеті жоқ: сол кездері Азия континенті Еуропаның дамуындағы күрт серпіліске ілесе алмай, ұзаққа созылған дағдарысқа тап болғанын білеміз. Еуропалық империялардың ықпалына ұшырамағандар кемде-кем. Көптеген еуропалық халықтар сол кезеңде өз мемлекеттілігін жоғалтып алды.
— Қазақстанның солтүстік облыстарын елімізге кеңес басшылығы сыйға тартқан деген пікірлер үшін қандай да бір нақты негіз бар ма?
— Бұл мәлімдеме алғаш рет 1990 жылдың қыркүйегінде А. Солженицынның “Біз Ресейді қалай жабдықтаймыз?” мақаласында жарияланған. Ол “Литературная газета” және “Комсомольская правда” сынды өте танымал кеңестік басылымдарда жарық көрді. Жалпы таралымы 27 миллион дананы құрады.
Кейіннен мақаланы аймақтық газеттер бірнеше рет қайта басып шығарды, жеке кітапша ретінде де жарияланды.
Солженицын өзінің тезисін негіздеуге ешқандай дәлел келтірмеді және оны келтіре алмады, өйткені бұл тарихи деректер мен ғылыми зерттеулерге мүлдем қайшы келді. Бірақ КСРО-да баспа сөзіне деген сенім зор болғандықтан, Солженицынның өзі Ресейде “мәсіх” ретінде қабылданғандықтан, бұл тезис миллиондаған адамның санасына еніп кетті.
Бұл
мифтердің қалай пайда болатынына және қалай өміршең болатынына тамаша кейс
Қазақстанның солтүстік облыстарында бірқатар қайғылы тарихи оқиғалар орын алуы салдарынан қазақтар бұл өңірде азшылыққа тап болды. Қандай оқиғалар орын алғанына қысқаша тоқтала кетейін.
XVIII ғасырдан бастап Ресей империясы славян және казак халқының Қазақстан аумағына мақсатты қоныс аударуын жүзеге асырды. Бұл процесс 1861 жылы крепостнойлық құқық жойылғаннан кейін, орыс шаруалары бостандыққа ие болып, бірақ жер ала алмаған кезеңдерде ауқымды масштабқа ие болды.
Осының салдарынан халық арасында толқулар басталды, Үкімет шаруаларға Орталық Азия мен Сібір халықтарынан мәжбүрлеп тартып алған жерлерді беруді шешеді.
Нәтижесінде 1914 жылға қарай қазақ халқынан көлемі 450 мың шаршы километрге жуық аумақ алынды, бұл Қазақстанның қазіргі аумағының 16%-дан астамын құрайды. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін бұл жерлерге, негізінен Қазақстанның солтүстік аудандарына бір жарым миллионнан астам адам қоныс аударған.
Айтпақшы, барлық осы фактілерді ресейлік зерттеушілер егжей-тегжейлі тіркеді. Ең қызықты дереккөздердің бірі – XIX ғасырдың аяғы-ХХ ғасырдың басында Ресей үкіметі ұйымдастырған экспедициялар негізінде дайындалған “қырғыз жерін пайдалану бойынша материалдар” атты көп томдық жұмыс.
Онда қазақ руларының, оның ішінде Қазақстанның солтүстігінде орналасқан тарихи орындар егжей-тегжейлі жазылған.
Содан кейін 1929-1933 жж. Қазақстанда ұжымдастыру науқаны жүргізілді, оның салдары жантүршігерлік ашаршылық болды, оның ауқымын біз кеңестік статистиканың ресми мәліметтері негізінде шамамен ғана бағалай аламыз.
1926 жылғы санақ қорытындысы бойынша Қазақстанда 3,6 млн-нан астам қазақ болған. Ғалымдардың пікірінше, бұл науқан кезінде халықтың көп бөлігі іс жүзінде ескерілмеген. Бірақ 1937 жылғы санақ қорытындысы бойынша республикада 2,2 млн-ға жуық қазақ болған.
Осы санақтың нәтижелерін Сталин “зиянды” деп жариялады, оны өткізуге жауаптылар қуғын-сүргінге ұшырады. Бірақ 1939 жылы жүргізілген жаңа кеңес санағының нәтижелері бойынша Қазақстандағы қазақтардың саны 2,6 млн-нан сәл астам адамды құрады.
Нақ осылай жаппай ашаршылық, миллиондаған адамдардың қазасы мен еріксіз қашуының нәтижесінде қазақтар өздерінің тарихи аумақтарындағы азшылыққа айналды.
Айтпақшы, ГУЛАГ пен кеңестік режимнің “кәсіби” айыптаушысы Солженицынның мақаласында бұл өрескел факт туралы сөз қозғалмаған.
Бұл не — “шынайы” білместік пе, әлде ыңғайсыз фактілерді жылы жаба салу ма — жауабы жоқ сұрақ.
— Бірақ ұжымдастыру мен ашаршылықтан тек қазақтар ғана зардап шеккен жоқ дейді…
Ия, бұл өте дұрыс. Ашаршылық жылдарында Қазақстанға Пенза, Тамбов, Курск, Воронеж, Орлов, Харьков, сондай-ақ басқа да бірқатар Ресей мен Украина облыстарынан славян ұлттарының жер аударылған шаруалары әкелінді. 1930-1933 жылдары Қазақстанға барлығы 300 мыңнан астам адам көшірілді.
Адамдар көбінесе вагондардан ашық жерлерге лақтырылатын болғандықтан, осы “арнайы қоныс аударылғандардың” жартысынан астамы аштық пен аурудан қайтыс болды.
Өкінішке қарай, бұл трагедия бізде де, Ресейде де ашық жазылмайды, ал бұл орыс халқы да қазақтар сияқты Коммунистік партия мен кеңес басшылығының эксперименттерінің құрбаны болғандығын айқын көрсетеді.
1936 жылдан бастап Қазақстан халықтар мен этникалық топтарды жаппай депортациялау орнына айналды. Кейінгі жылдары Республикаға миллионға жуық адам мәжбүрлі түрде көшірілді: поляктар, кәрістер, немістер, шешендер, ингуштар, қарашайлар, месхетин түріктері, күрдтер және т. б.
1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру науқанының басталуымен Қазақстан қайтадан халықтың жаппай басқарылатын көші-қон орталығына айналды. Барлығы 1954-1962 жылдары мұнда екі миллионға жуық адам, негізінен КСРО-ның еуропалық аймақтарынан қоныс аударды.
Нәтижесінде халықтың жалпы санынан қазақтардың үлесі 30%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте тың игерушілер Қазақстанның солтүстік бөлігінде де қоныстанғаны түсінікті. Нәтижесінде, Солтүстік Қазақстанда кеңестік кезеңде байырғы халықтың үлесі жасанды түрде азайтылды.
— Бұл фактілер ашық дереккөздерде жоқ деп айтуға келмейді. Неліктен ресейлік депутаттардың сөздері ақпараттық толқуға себеп болды?
Тағы да қайталаймын: бұл Қазақстанның көпұлтты республикаға айналу тарихының негізгі кезеңдері ғана. Мұның бәрі ресейлік ғалымдарға таңсық емес, олар бұл фактілерді өз еңбектерінде көрсетеді. Өкінішке орай, надандар мен арандатушылардың сөздеріне оңай дүрлігетін болса бұқаралық аудиторияға таңсық шығар.
Шынымды айтсам, мен бұл “толқынның” тез басылатынына сенімді болдым, сондықтан назар аудармауды дұрыс деп санаймын. Мен СІМ туралы айтып тұрғаным жоқ — мұндай нәрселерге жедел жауап беру олардың жұмысы, мен қарапайым азаматтар туралы айтып отырмын.
Алайда, біз кейбір сарапшылардың , оның ішінде маргиналды емес, құрметті құрылымдардың өкілдері ақпараттық толқуға сеп болып жатқанын көріп жатырмыз. Никита Мендковичтің 19 желтоқсандағы мақаласын алып қараңыз.
Мұның бәрі, шынын айтқанда, көптеген сұрақ туғызады. Алайда, сайып келгенде, біз бәріміз сындарлы арнаға ораламыз деп үміттенемін.