Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
4
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

“Президент сайлауы бар…”. Қазақстанды 2018 жылы қандай оқиғалар күтіп тұр?

Сириядағы ахуал биыл да әлем халқының басты назарында болады. 2017 жылдың соңында Ресей президенті Владимир Путин сәтті жүргізілген операциядан кейін Сириядан ресейлік әскерилердің шығарылғаны туралы мәлімдеген еді. Сирия президенті Башар Асадтың болашағы, деэскалация аймақтары, шиеленістің жаңа ошақтары – осы және өзге де сұрақтардың жауабы 2018 жылы белгілі болуы мүмкін.

Астанада Орталық Азия елдері басшыларының саммиті өтуі ықтимал. Өңірлік мемлекеттердің басшылары мұндай форматта көптен бас қоспады. Алайда СІМ басшысы Қайрат Әбдірахманов ұсынған жаңа кездесудің өтетіні-өтпейтіні әзірге белгісіз.

Астананың мерейтойы

Биыл елорданың 20 жылдық мерейтойы кең ауқымда аталып өтетіні анық. Мерекені ұйымдастыру үшін арнайы комиссия құрылды. Оған президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков жетекшілік етеді.

Тұжырымдамаға сәйкес, мерейтой үш кезең бойынша аталып өтпек: дайындық – 2017 жылдың 10 желтоқсанына дейін, негізгі – 2017 жылдың 10 желтоқсанынан 2018 жылдың 6 шілдесіне дейін, мерекеден кейін – 2018 жылдың 6 шілдесінен 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін.

Президент сайлауы

Ресейде 18 наурызда президент сайлауы өтеді. Не дегенмен, Қазақстан үшін көрші мемлекетті кім басқаратыны маңызды екені айқын. Себебі қос елді байланыстыратын ортақ дүние жетерлік. Бәрінен бұрын, сайлаушыларға президент тағына таласатын Ксения Собчактың қанша дауыс жинайтыны қызықты болатын сияқты.

Сондай-ақ, 2018 жылы Финляндия мен Грузияда да президент сайлауы өтеді. Айта кетсек, биыл Грузияда мемлекет басшысы соңғы рет жалпыхалықтық дауыс беру арқылы сайланады. 2024 жылдан бастап президентті 300 өкілден құралған сайлаушылар алқасы сайлайды.

Сәуір айында миллиондаған тұрғынның назары Бостандық аралына ауады. Кубалық революционер әрі Фидель Кастроның інісі Рауль Кастро 2017 жылдың соңында мемлекет басшысы тағын босататынын мәлімдеген еді.

Бұған қоса, ит жылы Молдова мен Ливанда парламент сайлауы өтеді.

Спорт

Спорт жарыстары әр жыл сайын үзілмейтін дәстүрлі шара десек те болады. Биыл, әсіресе, екі дүбірлі дода ел назарына ілініп отыр: Қысқы Олимпиада ойындары мен футболдан Әлем чемпионаты.

Қысқы Олимпиада 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтеді. Ал футболдан әлем чемпионаты Ресейдің 11 қаласында 12 стадионда өтеді деп жоспарланған.

Сонымен қатар, биыл жазғы Азия ойындары да жалауын желбіретеді. Байрақты бәсеке Индонезия астанасы Джакарта мен Палембанг қаласында өтпек.

Мәдениет

Мәдениет саласының басты оқиғасы – халықаралық “Еуровидение” байқауы. Конкурс 8-12 мамыр аралығында Португалия астанасы Лиссабонда өтеді.

Алайда қазақстандықтар үшін биыл “Балалар Еуровидениесі” қызықты болмақ. Себебі музыка байқауында алғаш рет кішкентай отандасымыз Данэлия Төлешова бақ сынайды. Украиналық “Балалар дауысы” шоуының жеңімпазы Тбилисиге барады. Конкурстың финалы 26 қарашаға жоспарланған.

Фото: president.kg

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз